Қазақ жігіті Гоада хинди тілінде ән шырқап, елді аузына қаратты

30.01.2019
Қаралды: 305

Ән айтудан алдына жан салмайтын Үн­дістан халқын қазақтың ұлы таңдай қақ­тырды. Қалай дейсіз бе?

 

Үндістанның Гоа қаласына барған алматылық Олжас Серік­ұлы жергілікті базарды аралап жүріп, бір саудагермен бәстесіп қалады. Ағылшын тіліне судай Олжас сол мезетте хинди тілінде әндете жөнелгенде базарлаушылар тұра қалып қызықтап, жарыса телефондарына түсіре бас­тапты. Қазақ турисінің бұл қылығын гоалық бірнеше басылым жарыса жазып, мақтаған екен.

 

Мәселен, Үндістанның «Daіly Tarun Bharat» басылымы «Қазақстандық азамат базарда ән салды» деп тақырып қойып, ары қарай былай деп жазады:

 

«Кеш түсе бастаған кез болатын. Әдетте­гідей халық базарда сауда-саттық жасап жатқан. Бір кезде базардың күнде­лікті тірші­лігін бұзып-жарып, «Мен сенің жаныңдамын» фильмін­дегі ән шыр­қала бастады. Әуелеген әуен бас­тапқыда бейне бір магнитофоннан шы­ғып жатқандай ес­тілді. Жұртшылық дауыс шығып жат­қан тұсқа жақындап, жинала бер­ді. Жанды дауыста ән салып жат­қан шетелдік жас жұбайлар екен. Көпшілікке бұлардың өнері ұнаса керек. Олар жапатармағай ұялы телефондарына түсіріп, қол шапалақтаумен болды.

 

Бізді таңқалдырғаны – шетел­діктердің ешқандай акцентсіз, хинди тілінде ән айтқандығы еді. Өнер иелері бірнеше әнді бірінен соң бірін орындап, бір саудагерден сыйлық та алды. Сауда­герлердің айтуынша, әндеткендер Қазақстаннан келген туристер екен. Өкініштісі, үнді халқын өнерімен сүйсіндірген шетелдік­терден сұхбат алудың реті кел­меді. Десе де Мапуса қаласының тұрғындары қазақстандық таланттарды ұзақ уақыт есінде сақтайтын болады», – деген мазмұнда пікір айтқан тілші ары қарай Қазақстан туралы аз ғана дерек ұсыныпты.

 

Енді Үндістанда жұлдыз атанып, онысын елге келген соң бір-ақ білген Олжастың өзі не дейді екен?     

«Мен Алматы қаласының тумасымын. Жасым – 28-де. Екі баланың әкесімін. Жеке кәсіпкер­лікпен айналысамын.

 

Дүние есігін ашқаннан есту қабілетім төмен болды. Бүгінге дейін құлаққа тағатын құрылғының көмегімен жүремін. Кіш­кентай күнімнен бұл кемші­лігіме қарамастан ән айтуды жақсы көрдім. Оның ішінде ең сүйіп тыңдайтын әрі орындайтыным – үнді әндері. Себебі менің музыкаға деген алғашқы махаббатымды оятқан осы елдің киноларындағы әуендер еді. Балалығым шығар, қазақтың қара домбырасын арқалап, үнділермен бірге ән шырқасам деп армандап талай таңды атырдым ғой. Гоадағы жағдай сол арманыма мені бір табан жақындатты.

 

Жаңа жыл қарсаңында жұ­байым Алма және досым Бекен үшеуміз шұғыл түрде Үндіс­тан­ның Гоа қаласына аттанып кеттік. Шаруаларымызды аяқтаған соң қаланы аралап, серуендедік.

 

Бұл қаланың біздің елден бір ғана айырмашылығы бар дер едім. Климаты ерекше ыстық. Ал басқа ұқсастығы өте қонақжайлылығы мен әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерінде. Тіпті олардың тіл­дері де аздап біздікіне келетіндей көрініп кететін кездер бар.

 

Жергілікті халықтан ес­ту­імізше, мұнда келетін туристердің 57 па­йызын Ресей азаматтары құ­рай­ды екен. Ал біздің көршілес халыққа көзіміз үйреніп қалған ғой. Олар Қазақстанға келсе, соншалық саяхатшы деп қабылдай бермейтініміз де содан.

 

Мапусадағы қызықты жағдай аяқасты орын алды. Біз қайда барсақ та үйдегілерге сыйлық алмай қайтпаймыз. Сол күні ке­лін­шегім Алма екеуміз базар аралауға келген едік. Олардың ерекше тәттілеріне қызығып, бала-шағаға алғымыз келді. Шетінен қарап, бағаларын салыстырып жүрміз. Ағылшыншаны жетік біле­тіндіктен саудаласудан қашпадым. Олар да біздің сырттан келгенімізді біліп, бағаны ұшыртып айтып тұр. Ақыры дұрыстау деген тәттілерді таңдап, есеп айы­рысуға келгенде сатушы мен жобалап тұрған бағадан әлдеқайда көп соманы айта салды. Қан­ша саудалассам да өз айтқанынан қайтпаған әккі саудагерге былай дедім:

 

«Қазір мен дәл осы жерде хинди тілінде ән орындап берсем, біраз жеңілдік жасайсың. Келі­сесің ғой?» – деп шарт қойып едім, ол қол алысып тұрып, миы­ғынан күлді. Мені әзілдеп тұр деп ойласа керек. Теледидардан жиі көрген үнді фильмдеріндегі ән­дерді еш қысылмастан орындап бердім. Бірінші шумақтан соң жан-жағыма қарасам, ұялы телефонға түсіргендер жан-жағымыздан қаумалап алыпты. Бұған әйелім де шабыттанып кетті ме, маған қосыла жөнелді. Сөйтіп екеуміз дуэт болып, екі-үш әнді шырқап тастадық. Онда да жиналған көпшілік қолқа салып қоймаған соң әуелете бердік қой.

 

Осылай маңдай термен жеңіл­дікті алып тұрып: «Ән айтып, се­нің тауарыңның қасына қаншама адамды жинадық. Тағы бір зат­ты сыйлыққа бермейсің бе?» – деп саудагерге әзілдеген едім, ол қолыма зере салын­ған қалтаны ұстата қойды. Бар бол­ғаны осы.

 

Елге келгеннен кейін үнді басылымына біз туралы ақпараттың шыққанын досым Мерей Ақан­баевтан естідім. Бұған әрі таңқалып, бір жағы риза болсам, жұбайым Алма қатты ұялды», – дейді алматылық Олжас.

 

Қысқасы, алматылық азамат сонау үнді елін өнерімен тәнті етті. Өзге тілде ән шырқаса да ерекше дауысымен қазақты танытқан әрекетінің өзі неге тұрады?

 

Д. ӘБДІМАНАП.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ