Ақысын төлесең, үй жұмысын орындап береді

30.01.2019
Қаралды: 346

Қазір ғаламторды ашсаң, жанға керектінің бәрі бар. Ақшасын төлесеңіз, кез келген нәрсе қолжетімді. Тіпті ұл-қызыңыздың үй жұмысын да ғаламтор «орындап» береді.

 

Иә, ғаламторда осындай сайт бар. Ата-ана бар болғаны осы сайтты телефонына жүктеп алса болғаны. Сосын қаласа, дайын жауапты көшіреді немесе өзі дұрыс деп тап­қан нұсқасымен салыстырады. Рахат! Бұрынғыдай ми ашу жоқ, бала да тыныш, ата-ана да риза.

 

Бір айта кетерлігі, сайт мамандары тек 1-4 сынып пәндерінің бағдарламасымен ғана жұмыс істейді екен.

 

«Мектеп оқушыларының пәндік оқулықтардың дайын шешімдерін баяғыдан қолданатыны құпия емес. Өздеріңіз білесіздер, жыл сайын шәкірттердің меңгеруі тиісті оқулықтар саны мен олардың көлемі айтарлықтай кө­бейіп келеді. Әсіресе бастауыш сыныптарда бұл жағдай бала үшін де, ата-ана үшін де едәуір қиындықтар туғызуда. Ал осы пәндерді меңгеріп, түсінуге уақыттың жетпей жататыны тағы бар.

 

Біздің сайт балаларға көмектесу, олардан талап етілетін жүктемелерді азайту және үй жұмыстарына дайындалу тиімділігін арттыру мақсатында дайын жауаптардан тұратын жинақтар құрастырды. Бұл дайын үй жұмыстары  1-4-сыныпта оқытылатын пәндердің барлық жаттығуларының шешімінен тұрады. Да­йын шешімдер арқылы, оқушылар өз-өздерін тексеруге мүмкіндік алады. Олар өздері шешкен тапсырмалардың қатесін тез тауып, оны түзете, салыстыра алады. Бастысы, ата-аналар аз уақыттың ішінде баласының қай пәнді қалай меңгергенін, түсінбеген тұсын байқап, біледі. Сол арқылы онымен жұмыс жасайды.

 

Біздің «klacc.kz» сайтының құрылғанына көп болған жоқ. Порталда үй тапсырмаларын жоғары санатты, білікті ұстаздар орындайды. Сайт мамандарының жұмысына жүгінгісі ке­летін ата-аналар ұялы телефонға осы бағдарламаны жүктеуі шарт. Сосын қажетті ақпаратты онлайн негізінде ала береді. Ары қарай керекті сыныпты таңдап, пән атаулары басылады. Алғашқы тіркелгендер сайтты тегін пай­да­ланады. Келесі жолы ата-аналар айына 2000 теңге төлеп, қызметімізді ақылы негізде ала алады.

 

Тапсырмалар шешімінде қате жоқ. Сондықтан үй жұмысының 100%-ға дұрыс орындалғанына сенімді болуға, осы арқылы пер­зентіңіздің «үздік» баға алатынына күмән болмасын!

 

Жалпы үй жұмыстары жаңа бағдарламаларға сәйкестендірілген. Сайтқа әрдайым заманауи талапқа сай тапсырмалар салынып отырады. Сонымен қатар оқу бағдарламаларына сәйкес енгізілген өзгерістерден де хабардар болуға мүмкіндік жасалған», – дейді порталдың жауапты қызметкері Арман Бек­айдарұлы.

 

Д. МЕДЕУОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ