Бізге лайық қайық

31.01.2019
Қаралды: 234

Бүгінде кәсіп ашамын деген жанға барлық мүмкіндік жасалған. Үкімет дайын бизнес-жоспарыңыз болса қажетті қаржыны аз ғана пайызбен қолыңызға ұстатады. Тіпті бизнес-жоспарды құруға тиісті мекемелердің өздері-ақ көмектеседі. Сондықтан бұл істе кәсіп бастауға ниет болса жетіп жатыр. 

 

Қызылорда облысы, Арал ауданында қайық шығаратын цех үш жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бұл бастаманы жергілікті тұрғын Жансерік Нысанбаев қолға алыпты. Бүгінде заманауи үлгідегі технологиямен жасалған қайықтар Аралда ғана емес, еліміздің өзге өңірлерінде де сұранысқа ие.

 

«Аралда әрбір екінші тұрғын балықшы десем, қателеспейтін шығармын. Ал балық аулау үшін не керек? Қармақ пен қайық бұл шаруада басты рөл ойнайды. Қармақты шаруашылық дүкендерінен табу оңай әрі бағасы да арзан болғанымен, екіншісі таптырмайды. Сол үшін мен қайық жасауды қолға алып, өңір балықшыларының жұмысын жеңілдеткім келді.

 

Менің әкем Темірбай Сенбіұлы темірден түйін түйген ұста еді. Әкемнің қабілеті менің де бойымнан табылып, бастапқыда ағаштан жиһаз, темірден есік жасаумен айналыстым. Әйтпесе бір емес, екі оқу орнын аяқтаған маманмын. Қанмен келген қабілет қос дипломнан да асып түсті ғой.

 

Тоғыз жылдан бері жиһаз жасап жүріп, өндіріс ауқымын кеңейтуді ойластырдым. Оның үстіне дүниеден өтіп кеткен әкем қайыққа қатты қызығатын. Ол осы бір балықшы құралының нобайын жасап, жинап жүретін. Бұл арманына көзі тірісінде жете алмады. Әке арманын жүзеге асыруды перзенттік парызым деп қабылдап, іске кірістім. «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасының тиімділігін пайдалана отырып, 13,5 миллион теңге несие рәсімдеп, корпусты қатқыл жиһаз шығаратын цех аштым.

 

Бір қайықты жасауға небәрі үш-ақ күн кетеді. Ал шикізат Испаниядан жеткізіледі. Біздің тауар барынша сапалы әрі төзімді. Сондықтан кез-келген толқынға төтеп бере алады, суға батпайды. Балықшылар кәсібіне керек құралды бұған дейін Ресейден алдырып келсе, енді өзімізден-ақ таба алады. Жылдан-жылға сұраныс көлемі артып, қазір Атырау, Балқаштан да тапсырыстар түсуде. 

 

Тек сапаға жұмыс істейтін болғандықтан соңғы үлгідегі құрылғыларға да  қол жеткіздік. Бұған дейін шеберлер қайықтың пішінін жасау, желімдеу, бояуды  қолмен атқарып келсе, енді  шаруаның елу пайызы – жаңа технологияның міндеті.  Алдағы уақытты айына үш-төрт дана емес, он-он бес шақты қайық шығарсақ деп жоспарлап отырмын», – дейді кәсіпкер Жансерік Темірбайұлы.

 

Өнеркәсіпте қазіргі таңда 10 жұмысшы тұрақты еңбек етеді. Олар үш жылдың ішінде 50-ден аса қайық жасап үлгеріпті.

 

Д. ҚАЛЕН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ