Жастарды кәсіпке көбірек үйретсек екен

29.01.2019
Қаралды: 197

Кейде «қазақ  жалқау ғой» деп өзіміз айтамыз да, сондай екенімізді мойындап қоямыз. Мойындау да ерліктің бір түрі. 

 

Мәселен, елімізге жұмыс істеуге келетін гастарбайтерлердің дені көрші Өзбекстаннан екені жасырын емес. Олардың дені жап-жас жігіттер. Қолдарынан келмейтіні жоқ. Құрылыстың хас шеберлері. Сол жігіттерден: «Сендер құрылыс жұмыстарын, яғни қыш қалауды, қабырға сылауды, үйдің төбесін жабуды, бетон құюды, үйдің ішін әспеттеуді қайдан үйрендіңдер? Оқуын оқыдыңдар ма?» – деп сұраймын ғой. «Жоқ. Әкеміздің, ағамыздың жанында жүріп үйрендік», – дейді. Мәссаған! Міне, мектеп!

 

Ал бізде қалай? Бізде аталған мамандықтарға тегін оқытса да бармайды жастар. Барады ғой. Бірақ бірен-сараны ғана. Қайта даярлау тағы бар. Бармайды. Неге?

 

Біздің жастар бастық болғысы келеді. Жанын қинап ақша тапқысы келмейді. Ұят көреді сылақшы болғанды. Біреудің есігінің алдында қыш қалауға намыстанады. Әрине, бар өзімізде де құрылыс жұмыстарына машықтанған жігіттер. Жұмыстары да керемет. Дегенмен ішкі нарықта өзіміздің азаматтар еңбек етіп, нан тапса дейсің да. Болмаса қанша қаражат шет мемлекетке кетіп жатыр ғой...

 

Биыл  – «Жастар жылы». Құры өтті-кетті «для галочки» іс-шараларды өткізе бермей, жастардың еңбекке қызығушылығын арттыратын шаралар өткізілсе. Бастық болуға емес, аспаз, шаштараз, дәнекерлеуші, құрылысшы, сантехник, электрик және тағы басқа күнделікті қоғамға аса қажетті мамандықтарға қызығушылықтарын арттырып, насихаттап жұмыс жүргізілгені дұрыс.

 

Дәурен БОЛЫС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ