Cіз суын құлын көрдіңіз бе?

29.01.2019
Қаралды: 606

Суын деген не? Жалпы, суын туралы білетіндеріңіз бар ма? Бұл туралы естігендер де көп емес-ау...


Суын деп отырғанымыз – теңізден шығатын жылқы. Оны су жылқысы, теңіз айғыры, ат перісі деп те айтады. Суын жылдың белгілі бір күнінде түнгі уақытта судан шығып, теңіз маңында жайылып жүрген биелерге шабады екен де, қайта суға сүңгіп, көзден ғайып болатын көрінеді. Кей деректерде мұны бір ғасырда бір рет болатын құбылыс деп те айтады. Ал одан туылған құлын жүйріктігіне көз ілеспейтін, тұла бойында міні жоқ сұлу, нағыз арғымақтың асылы болады екен.

 

Иә, мұның бәрі миф болар. Бірақ мифті де жартылай аңыз бен жартылай шындыққа негізделген тарихи жад деп жүр емес пе кейбіреулер? Сондықтан су жылқысының өзін ешкім көзбен көрмесе де оның құлынын қолмен ұстағандар бар сияқты.

 

Бүгінде әлеуметтік желіде «Суынның құ­лыны» деп көрсеткен сурет тарап жүр. Кә­дімгі құлындардан айырмашылығы – терісінде жүні жоқ, түксіз. Осы жерде оның теңіздің жағасында туылатындығын, өсіре алса 400 – 500 шақырымға дейін тоқтамай шабатынын, сөйте тұра терлемейтінін, терлесе теңізге батып өлетінін де қоса айтқан. Сондай-ақ суын дүниеге келген жағдай екі рет Түркіменстан жерінде болған көрінеді, бірақ екеуінде де оны тірі алып қала алмаған деседі. Әрине, суынның түп тарихы аңызбен астасатындықтан бұл айтылған мен көрсетілгеннің барлығы тұп-тура шындық деуден аулақпыз.

 

Теңіз айғырларын көбіне Каспий теңізімен байланыстырады. Оның атауы әсіресе Маң­ғыстау халқына етене таныс. Қазақ мифологиясын зерттеген өлкетанушы, этнограф-ғалым Серік Қондыбай өз еңбектерінде суын туралы жазып кеткен. Ол теңіз жылқысын Маңғыс­тау өлкесінің символы деп көрсетеді. Оның кейде «суын айғыр», «суын бие» немесе «сүйін айғыр», «сүйін бие» деп айтылатынын да атап кеткен. Сондай-ақ, «Сүйініш», «Сүйінхан» есімдері осы суын атауымен байланысты болуы мүмкін екендігін де жазады. Десе де суын туралы қазақ фольклорында аз кездесетіндігін түсіндіреді. Оның дәлелі ретінде көл түбінде жүрген алтын аттарды көрген кейіпкері бар ертегіні, іс-әрекеті Каспий теңізінің Маңғыстау-Үстірт маңындағы жағалауымен шектелетін санаулы  аңыздарды ғана мысалға келтіреді.  

 

Суынға байланысты аңыздардың бірі былай дейді: Ертеректе жылқы перісінің судан шығатын уақытын жұлдыздарға қарап жорамалдаған байлар бір үйір биені теңіз жағасына қарай жайып жібереді екен де, жылқышыларына бақылатып қоятын көрінеді. Бірақ қанша ұйықтамай қарауылдап отырса да суынның келген сәтін жылқы бағушылар еш көре алмайды екен. Кейіннен биелерді білгір жылқы сыншыларына сынататын көрінеді. Буаз биені анықтап берген соң оны бөлек бағып, балаша баптайды екен. Суынның судан шығатын уақытын білетін Саназар деген байдың теңіз айғырынан туған бір үйір жыл­қысы болған деген аңыз да осының жалғасы болса керек. Кей деректерде Саназар байдың шынында да өмірде болған тұлға екендігін және оның суын тұлпарлары туралы әңгіменің ақиқатқа жанасатынын айтады. 

 

Елімізде суын айғырдың мүсіні де бар. Былтырғы жылы Маңғыстау облысының орталығы – Ақтау қаласында теңіз жағалауының маңынан бой көтерген ашық аспан астындағы алпауыт амфитеатрдың маңдайшасына «Суын айғыры» ескерткіші қойылған болатын. Оның биіктігі 4 метр 20 сантиметрге жетеді. Сонымен қатар былтырғы тәуелсіздік мейрамының қарсаңында осы Маңғыстау облысында Каспий теңізі жағалауынан «Мифтер алаңы» ашылған еді. Ол жерде «Түйе үстіндегі қыз», «Айдаһар», «Нұр Төле» секілді мифтік кейіпкерлер бейнелеген сәулет туындыларының арасында суын айғырының да бейнесі бар. Мұның бәрі бүгінгі ұрпаққа кешегіден көрініс беретін дүниелер болса керек.    

 

М. ИБРАЕВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ