Жұмысты өзің іздейтін емес, жұмыс сені іздейтін маман бол

28.01.2019
Қаралды: 294

Өмір болған соң өздеріне немесе балаларына  жұмыс  іздеп қоңырау соғатындар көп. Әдетте адамдардың көбі ақшасы мол, жұмысы аз, папкі ұстайтын қызмет сұрайды. Нарықтық қатынастарда оның заманы өткені қашан?! Жоғары білімі туралы екі-үш дипломы бола тұрып жұмыссыз жүргендерге тіпті таңқалмайтын болдық. 

 

Мұның себебі неде? Айналаңа қарасаң, жұмыссыздардың басым көпшілігі – кәсіби шеберлікке жете алмағандар. Қарапайым жұмыссыздар профессионализмнен гөрі ақшаны басты орынға қояды. Есіл-дерті тездетіп шаруаны бітіру, тездетіп ақшаға қол жеткізу. Сол жолда түрлі айла-шарғы, қулық-сұмдықтар­ға барады. Ал әйгілі мотивациялық кітаптарға қарасаңыз, керісінше, профессионализм өте маңызды екенін көресіз. 

 

Өте мықты пеш жасаушы, мықты адвокат, мықты тас қалаушы, мықты автоэлектрик, мықты шаштараз, мықты аспаз, мықты кафель төсеуші, мықты аудармашы, мықты «костоправ», тағы басқа мамандық иелері жұмыс  іздемейді.  Жұмыс  оларды іздейді. Айталық, мықты аспаз, мықты шеф-повар үшін мейрамханалар арасында көбірек жалақы беруден жарыс өтіп жатады. 

 

Біздің қазақтарға кәсіби шеберлігін арттырудың орнына тапсырыс берушіні алдап-сулап, бірдеңесін шала-пұла істеп беріп күнкөрістік пұлын алып кетсе болғаны. Еврейлер айтпақшы, адам бір салада жоғары кәсіби шеберлікке жеткенде ол өз саласы бойынша ақты – қара, қараны – ақ деп дәлелдейтін мүмкіндікке жетеді. Сол кезде ол қоғамға ықпал етуші күшке айналады дейді. 

 

Сондықтан «Торғай сойсаң да қасапшыға сойғыз» демекші,  «жұмыс  жоқ» деп қарап жат­қанша өмірге қажетті бір мамандықты таңдап, соны кәсіби шебер деңгейінде меңгеріңіз. Қиналасыз, тіпті сол биікке жету үшін жұмысты тегін істейтін кезіңіз де болар. Бірақ түптің түбінде Сіз жұрт санасатын, өздері іздеп келетін маманға айналасыз. Шын жетістік деген – осы!

 

Marat BAІDІLDAULY.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ