Не су жоқ, не жол жоқ, не жарық жоқ...

31.01.2019
Қаралды: 738

Қаратау ауданына қарасты Қайнарбұлақ алабы жанындағы «Жаңа құрылыс» елдімекенінен бұдан 11 жыл бұрын жер телімдері беріле бастаған. Сол алғашқы жылдың өзінде жер алып, үй соғамын деп қуанғандардың бүгінде еңселері көтерілмей келеді. Олай дейтініміз, илалап жүріп, үйлі болған тұрғындар осы күнге дейін не ауыз су, не жол, тіпті жарыққа жарымай келеді.

 

Мұндай мәселелер бір «Жаңа құрылыста» ғана емес, көршілес шағын аудандардың да бас ауруына айналғалы қашан.

 

Осыдан соң Шымкент қаласының мегаполис дәрежесін алғанымен оның аумағындағы кейбір шағын аудандарының тұрғындары бұған қалай қуансын?

 

Бүгінде елдімекенде 150-ге жуық отбасы тұрады. Тұрады деу бе­кер­шілік. Амалсыз тіршілік кешуде деген абзалырақ. Өйткені бұл ауыл ин­фрақұрылымнан жұрдай. Бүкіл бір ауыл жарықты жекеменшік «Трансформатордан» алады. Сөйтіп, бұдан он-он бес жыл бұрынғы әдіспен тұр­ғындар өзара сайлап алған «кассир» келіншекке ай бойы жаққан жарықтың ақшасын жинап береді. Дәлірегі, үйме-үй аралап, сықсиып қана бе­рілетін жарықтың теңгесін жинап шы­ғады.

 

Айта кетейік, бұл қуат таратқыш қондырғының шамасы 150 шаңыраққа жетпейді. Онысы түнгі уақытта тіптен азайып кетсе, ал жел тұрғанда тұрғындар апталап жарыққа зар болады екен.

 

Біздер бұған қатысты елдімекен тұрғындарының пікірін тыңдаған едік.

 

«Дамыған елде, тіпті үшінші мегаполисте өмір сүрсек те өркениетке жете алмай отырған жайымыз бар. Неше жылдан бері айтып та, жазып та келеміз. Бірақ бұл арманның ауылы бізден алыс болып тұр. Осында көшіп келгелі жарықты майшаммен алмастырып отырмыз. Адамның тіршілігі үшін қажетті жарық пен ауыз судан қиналамыз деп еш ойламаппын. Жолдан не адам, не көлік жүріп болмайды. Еріген қар мен жауын сулары жол бойына жиналып, көлшік кешуге мәжбүр боламыз. Жеке­мен­шіктегі трансформаторға күніміз қарап тұр. Ай сайын жаққан электр қуатымыз үшін төлемді ешуақытта кешік­тірген емеспіз. Одан бөлек, тұрғындардың «счетчигі» мен «трансформатордың» арасында айырма жүреді. Яғни ай бойғы жаққан жарыққа транс­форматордағы айналған айырма үшін тағы да төлем жасаймыз. Қалтамыз көтермесе де лажсыз тө­леу­ге мәжбүрміз. Әйтпесе жарықты қиып кетеді.

 

Біз көтеріліп, айтсақ қана әйтеуір аз-маз жұмыс атқарылған болады. Мәселен, өткен жылы жазда №125 мектепке баратын үлкен көшеге жа­рық құрылғылары орнатылды. Бірақ жарық жоқ. Көше кешкісін тас қа­раңғы. Сосын осы көшеге асфальт төсеп, екі шетінен аяқжол жасады. Бірақ олар күннен күнге мүжіліп, бордюрлері сынып барады. Қойыл­ған латоктар да бір жылға жетпей бүліне бастады.

 

Жаңа жылдың алдында екі ауыр жүк көлігімен көшелерге тас түсіріп кетті. Онысын тас емес, тас аралас­қан батпақ деген жөн шығар. Төккен соң «трамбовка» жасап, тегістеп кетсе мақұл ғой. Өйткен жоқ. Сол күй үйінде боп жатып, ары-бері өткен көліктермен жайылып кетті. Қазір оның үстімен жүру мүмкін емес. Аяқ лайға батады», – дейді зейнеткер Халық Оразбаев.

 

«Отыз жыл тұрған Шымкент қаласынан осында келгенімізге биыл төртінші жыл. Біздің талабымызды Қаратау әкімдігі жақсы біледі. Жарық пен ауыз су болса, жол жөнделсе деген тілегімізді ертерек орындап берсе екен.  Суды есігінің алдында «колонкасы» бар үйден ай сайын 1000 теңгеге сатып ішеміз. Онда да жарық болғанда ғана. Кей-кейде «водовоз» келіп, оның да суын сатып аламыз. Бұған қашанға дейін шыдауға болады? Билік басындағылар не қарап отыр?» – дейді ауылдың жасы үлкен тұрғыны Гүлфаризада Алтехова.

 

«Жиналған төлемақыны Сайрам ауданында орналасқан «Энергопоток» мекемесіне айдың 25-шы жұлдызына дейін «показания» алып, әр айдың 30-ына дейін төлеп отырамын. Ақшаны төлеудің машақаты өткен жылдың қаңтар айынан басталды. Ондағылар қалған төрт күндікті де қосып айтып, тағы да 30 мың теңгеге дейін қарыз ақша шығып тұр деп кері қайтарып жібереді. Ай бойғы төлемақысы бар, трансформатордың «потериясы» бар, енді «энергопоток­қа» болған берешекті ауыл адамдарына айтып, түсіндіріп, тағы да бөлуге тура келеді. Міне, осындай мәселелер тұрғындарды әбден мезі етті.

 

Біздерге майшам күнделікті жейтін ас-ауқатымыз бен жұтатын ауамыз секілді аса қажет. Қораптағы майшамды бір жылға жететіндей етіп алып қоймасақ электр көзіне сенуден қалдық. Мектепте оқитын балаларыма жаным ашиды. Олар жарық сөнген уақытта үй тапсырмасын орын­дап біткенше екі «свеча» таусылып қалады», – дейді жарыққа ақша жинаушы Айжан Исақова.

 

Бұдан басқа, тұрғындар қалаға қатынайтын 105, 70 автобустардың да қызметіне риза емес. Қоғамдық көліктің өзі мұнда күніне 3-4 рет қана төбе көрсетіп, қалған уақытта тұрғындар үлкен жолға дейін жаяу жүріп барады екен.

 

Бұл кісілердің айтуынша, 2015 жылы тұрғындарды мазалаған түйт­кілді мәселелерді Қаратау ауданының бұрынғы әкімі Ғалым Ысмайлов 2016 жылы «Жаңақұрылыс» елді­мекеніне қазынадан қаржы қарап, шешіп береміз деп уәде беріпті. Ауданға одан кейін әкім болған Ғабит Мәуленқұлов та бұл мәселені шешуге үлгермей, басқа қызметтің тізгі­нін ұстаған.

 

Қазіргі әкім Исамидин Қантөреев жақында ғана есеп берді. 250 мыңға жуық халқы бар ауданның басшысы жылдық есепте былай дейді: «Аудан бойынша 47.202 жеке үй болса, оның 37 511-і тәулік бойы сапалы ауызсумен қамтылды. 5211 үйге кестемен, 4431 үйге тасымал арқылы су жеткізіледі. Бүгінде Сайрам тұрғын алабының «Жаңа құрылыс» аумағына ауызсу жеткізу бойынша құрылыс жүруде. Жыл соңында сапалы су толығымен жетеді», – деді аудан әкімі.

 

Есептік жиында тұрғындардан түс­кен шағымдарға тиісті басқарманың мамандары жауап берді. Аудан әкімі әр шағымның ескеріліп, бақылауда ұстайтынын атап өтті. Исамидин Қантөреев сондай-ақ, биыл ең маңызды деген жарық, ауыз су мен жол құрылысы, абаттандыру мен қала тазалығы барысы мәселесін бірлесе шешуге де уәде беруде.

 

Міне, «цивилизациядан» кейін қалып қойған қала түбіндегі елді мекеннің жай-күйі осындай.

 

Д. ҚҰДАЙБЕРГЕНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ