Зәмира «Замана» газеті арқылы ағасымен табысты

29.01.2019
Қаралды: 169

«Замананың» өткен нөмірлерінде 15 жасында алып қашудың құрбаны бол­ған шымкенттік Зәмира Қантөреева жайында жазған болатынбыз. Үш балалы келіншектің тағдыры өте ауыр.

 

Естеріңізге сала кетейік: анасы оны туыла сала тастап кеткен. Қорғаны да, қамқоры да жоқ Зәмира талай теперішті бастан өткеріпті. Бүгінде жасы 30-ға таяған оның әлі күнге құжаты жоқ. Соған байланысты 9-ға аяқ басқан ұлына да туу туралы куәлік ала алмай жүр. Төртіншісіне аяғы ауыр ол еден жуып, ыдыс жуып күн көреді. Жұмысқа шықпай қалған күні балалары аштан қалады екен. Сондықтан түн ортасынан ауғанша арзымас ақыға бел жазбай жұмыс істеуге мәжбүр. Жүк­тіліктің алтыншы айындағы оған бұл шаруа да оңайға соғып тұрған жоқ. Құжаты жоқ келіншек қайда барып босанатынын да білмейді.

 

Бұл мәселе жөнінде біз егжей-тегжейлі жазғанбыз. «Замана» көтерген мәселе астаналық тілшілердің де құлағына жетті. Таяуда «Еуразия-1» телеарнасының тілшілері Зәмираға хабарласып, оны Астанаға шақыртты. 17-қаңтар күні үш баласымен Шымкенттен кешкі автобусқа отырған Зәмира Елордаға 19-ы күні таңғы уақытта жетті. Әріптестер оны сол жақтан күтіп алып, автобус ақысын төлеген. Шығармашылық топ сол күні Зәмираның қатысуымен «Пендеміз ғой» бағдарламасының кезекті түсірілімін жасады.

 

Зәмираның өзі бұған байланысты былай дейді:

 

«Түсірілім кезінде тілшілер студиядан тікелей Түркістан облыстық көші-қон басқармасы басшыларына қоңырау шалды. Олар: «Бізге ондай адам келген емес. Әйтпесе құжатын жасауға болатын еді», – деп жауап берді. Ал шындығында мен Қасымбек датқа ауылдық әкімшілігіне, Сайрам ауданы мен Түркістан облыстық көші-қон басқармасына бірнеше рет барғанмын. Қажет деген анықтамаларды да толтырып апарғанмын. Өзім оқыған мектеп директоры да маған көмектесу үшін бірнеше мекемеге бас сұққан. Бірақ бөгде адам маған куәлік ете алмайтынын айтып, барлығы да өзім өмірімде көрмеген анамның келуін талап етіп, кері қайтарып еді. Мәселе «Замана» газетінде көтеріліп, оған тілшілер араласқаннан кейін ғана құжатты үш ай ішінде жасатуға болады деген жауап алып отырмын.

 

Түсірілім кезінде студиядан балаларым білім алатын №64 мектепке де қоңырау шалынды. Ондағыдар балаларға мектептен болатын әлеуметтік көмек (киім-кешек, кітап-дәптер) түрлері мен бірнеше мезгіл ыстық тамақ беру ұйымдастырылған деді. Шын мәнінде құжатым жоғына байланысты ешқандай көмек болған жоқ. Үш-төрт рет ыстық тамақ берілетіндей балалар мектепте таңнан кешке дейін жүрмейді ғой.  Рас, былтыр қыздарыма бір рет ыстық тамақ берілген. Биыл олай болмады. 8 жастан асқан балам Айтмұрат та туу туралы куәлігі болмауына байланысты мектепке қабылданбай қалған еді. «Замана» газеті тілшілерінің көмегімен былтырғы желтоқсан айының соңына қарай  №64 мектептің бірінші сыныбына қабылданды».

 

...Сол күні бағдарламаға қорғансыз келіншекке көмектесетін жандар да шақырылған екен. Бас қаладағы «Қорғау Астана» жеке қорының жетекшісі әрі заңгер Анна Рыль Зәмираның жеке куәлігін мүмкіндігінше тездетіп алып беруге көмектесетін болды. Мәселе бүгінде Ішкі істер министрлігіне де жолданған. Қысқасы, Зәмира Қантөрееваның қолына құжатын алатын күн алыс емес сияқты. Құжат қолға тигеннен кейін Айтмұратқа туу туралы куәлік алуға жол ашылады. Зәмира жүктілігіне байланысты емханаға тіркеліп, кез келген уақытта медициналық көмекке жүгіне алатын болады. Анна Рыль Зәмираның аз қамтылған отбасы ретінде жәрдемақы алуына мүмкіндік бар екенін де айтыпты. Заңгер қорғансыз келіншекке бұл мәселеде де көмектесуге уәде етіпті.

 

Астанада Зәмира «Үміт» дағдарыс орталығына тоқтаған. Оларға жеке бөлме беріліпті. Төсек-орын, ыстық тамақ жағы да қарастырылған. З. Қантөрееваның жағдайынан құлағдар болған соң ондағылар алты айға дейін сол жерде тұрақтауына рұқсат беріпті. Бірақ балалардың мектеп­тегі оқуына байланысты ол кешегі аптаның соңында Шымкентке оралды.

 

Айтпақшы, Зәмираның ағасы бар болып шықты. Бұл жайлы ол Астанада жүрген кезде естіген.

 

«Маған осы күндері бейтаныс бір әйел хабарласты. Мен жайлы «Замана» газе­тінен оқыпты.   Менің анамды таниды екен. Бала кезгі көршісі көрінеді. Газеттен анамның аты-жөнін оқыған соң таныған. Ол өзінің аты-жөнін айтуды қаламады. Ескі жараның аузын тырнадың деген сөз естіп қалудан қаймығатын сияқты. «Сенің ағаң бар ғой, білесің бе?» – деді ол маған. Оның нөмірін берді. Біз осылай бір-бірімізге хабарластық.

 

Ағам 1986-жылғы екен. Аты – Ринат. Түрлі себептермен ол нағашыларының қолында тәрбиеленіпті. Мен анамды мүлде көрмегенмін. Ал ол 10 жасына қарай бір рет көрген екен. Менің суретімді көргенде: «Анама ұқсайсың», – деді. Бастапқыда бізге ашылып сөйлесу қиын болды. Не дерімізді білмей қиналдық. Бір-біріміздегі қатты толқу, қалай болар екен деген уайымды телефонның арғы жағынан да, дауыс ырғағынан да үнсіз ұғып, сезініп тұрдық.

 

Ринаттың отбасы, екі ұл, екі қызы бар екен. «Жеңгең бар, іні-сіңлілерің бар. Қи­налдым деме, қолымнан келгенше қарайласып тұрамын», – деп ағалық қамқорлық білдірген кезде басымдағы сезімімді жеткізу қиын. Бұл шынында да мен күтпеген жай. Біз бір-бірімізге өте жақын жерде өмір сүргенбіз – ара қашықтық ары кеткенде 25-30 шақырымдық жер. Бірақ ешқашан бір-бірімізді көрмегенбіз. Кездесу қалай болар екен, елестету қиын», – дейді толқып кеткен Зәмира.

 

Қазіргі кезде ағасының күніне бір рет хабарласып тұратынын айтқанда Зәмираның даусында ерекше қуаныш сезілді. Ол ағасымен әлі кездескен жоқ. (Мақала жазылып жатқанда ол Астанадан Шымкентке қарай енді шыққан еді). Бірақ ағасы мен қарындасының табысатын күні алыс емес. Бұйыртса, біз оқырманды ол жөнінен де хабардар ететін боламыз.

 

Айтпақшы, Зәмира анасына ешқандай өкпе мен кінә артпайтынын айтады. Ағасы да осылай депті. Әйткенмен олар өзін өмірге әкелген жанды көруді армандайды. Ағалы-қарындасты екеуі алдағы уақытта анасын бірігіп іздеуді де жоспарлап отыр.

 

М. ШЫНҰЗАҚ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ