Гүлчечек әже 112 жасқа толды

26.01.2019
Қаралды: 563

Шымкенттің Абай ауданында жасы 100 -ден асқан бірнеше қария тұрады. Солардың бірі – жасы 102-ге аяқ басқан Орынгүл Әділбекова туралы біз газетіміздің биылғы 1-ші нөмірінде жаз­ғанбыз. Бұл жолы кешегі 10-қаңтарда жасы 112-ге толған Гүлчечек Колаева әже (суретте) туралы айтпақпыз.

 

Гүлчечек әже бүгінде қаланың «Қызылжар» деп аталатын (бұрынғы «Коммунизм» колхозы) аумағында тұрады. Ол кісінің жары Ахмед Колаев – Ұлы Отан соғысына қатыс­қан майдангер. Украина, Польша жеріндегі шайқастарға қатысқан, ауыр жараланып, госпитальде емделген. Гүлчечек әже жарының құжаттары мен медальдарын көзінің қарашығындай сақтап отыр. Күйеуі 1900-жылғы, ол өмірден 1975-жылы өткен.

 

Гүлчечек әже жарымен бірге екі қыз, екі ұл тәрбиелеп өсірген екен. Үлкен қызы Бұлбұлдың өзі бүгінде 82 жаста. Кіші қызы Қаймақ ілгеріректе дүниеден өткен, одан қалған ұрпақ бар. Базар есімді баласының жасы 63-те, Өскенбай деген ұлы қазір 61 жаста. Әженің осы 4 ұл-қызынан тараған ұрпақтың саны  100 адамнан асады.

 

«Апамыздың 30 немере, 80 шөбересі бар, ал шөпшектерінің қанша екенін қазір айта алмаймын. Ол кісі түгілі өзім де санынан жаңылысамын», – дейді 112 жастағы әжейдің қара шаңырақтағы келіні Хани Ахмедова. Бұл кісінің өзінің жасы қазір 62-де екен.  Айтуынша, әженің құлағы естиді, көзі көреді, ол үй ішінде өздігінен жүріп-тұрады. Бірақ сырт­қа көп шықпайды.

 

«Біз өзімізге тамаққа не дайындасақ, апам содан аз-аздан ішіп-жей береді. Сүт қосыл­ған шайды науатпен ішкенді жақсы көреді. Балалары не ішемін десе де әкеліп береді ғой. Апам қанша қартайғанымен өмірінің кей сәттерін жақсы есте сақтаған. Күйеуге тиген кезін, Кавказдан жер аударылып келгендегі оқиғаларды, колхоз-совхоздарда еңбек еткенін айтып отырады. Әңгіме айтқанда көбіне жылап қалады. Үйге іздеп келіп, апаммен амандасып тұратындар көп. Апам оларға бата береді», – дейді Хани апа.

 

Әженің есімі қандай мағына беретінін сұрадық. «Гүл» деген қазақша да гүл ғой, – дейді ол кісі. – Ал «чечек» дегені – гүлдің қауызын жарып шыққан кезі, яғни шешек атқаны. Өзі атасының алғашқы көрген не­мересі болыпты, немерелерімнің алды, әуле­тіміздің гүлі деп ырымдап, атын Гүлчечек қойған екен».

 

Бұл кісілердің ұлты – түрік. Гүлчечек әже 1944-жылға дейін Грузияның Месхетия аймағында тұрған. Жалпы, түріктер Месхетиядағы үш-төрт ауданда ерте замандардан бері мекендеген екен. Гүлчечек әже Аспиндза ауданындағы бір ауылда туып-өсіпті, сонда тұрмыс құрыпты.

 

Месхеттік түріктердің ата мекенінен Ұлы Отан соғысы кезінде бірі де қалдырылмай жер аударылғаны белгілі. Оларды жүк пойыздарына тиеп, Орта Азияға, Қазақстанға әкеліп тастаған. Содан бері де бұл халықтың басынан алуан оқиғалар өтіп жатыр.

 

Міне, осындай халықтың бір өкілі – Гүлчечек Колаева әже таяуда ғана өзінің 112-ші жаңа жылын қарсы алды. Жалпы, ол кісінің ұрпақтары ғана емес, бірнеше туыстары да Шымкент қаласының аумағында тұрады екен.

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ