Ұланбатырдағы шеруге қазақтар да қатысуда

18.01.2019
Қаралды: 164

Монғолияның астанасы Ұланбатырда екі мәрте бейбіт шеру өтті. Ел астанасының орталық алаңы саналатын «Сүхбаатарға» жиналған халық өздерінің аяқасты болған азаматтық құқықтары үшін, жемқорлықты кәсіпке айналдырған шенділерді жою, жерді және жер астындағы байлықты дұрыс игермей, шет ел асырып жатқан билікті үкімет басынан кетіру үшін әрекеттенуде.

 

Монғол Парламенті депутаттарының ұйғаруымен спикер Миэгомбын Энхболд пен Монғолияның экс-президенті Цахиагийн Элбэгдорджды қызметтен алуға әрекет жасалған еді. Енді  жұртшылық «Manan» деп атап кеткен моңғолдық бәсекелес екі партияның қысқартылған аббревиатурасын да тарқатуды талап етуде. Оған себеп – соңғы 27 жылда бұл екі шенеунік Монғол халықтық және демократиялық партиялары арқылы өздерінің лауазымын сақтап, байып келген көрінеді.

 

Алғашқы шеруге 5 мың адам, одан кейінгі қозғалысқа 30 мыңнан аса жұртшылық жиналып, 30-ға жуық киіз үй тігіліпті. Біз Ұланбатырда өткен осы екі шеруге де қатысып, белсенділік танытып жүрген қандасымыз, қоғам қай­раткері Хайсанай Хабдіразхан (суретте) ағамызбен сөйлесіп,  ондағы жағдайды білген едік.

 

«Өткен жылдың 27-желтоқсанында және биылғы жылдың 10-қаңтарында ұйымдастырылған бейбіт шеруге көппен бірге мен де шықтым. Біздің мақсат Парламент спикерін тағынан тайдыру болатын. Бұл мәселеге Парламенттің әділетті жақтайтын 4 мүшесі белсене кірісіп, үндеу жасады. Содан кейін көпшіліктің қолдауымен шеру жасауға шешім қабылданды. Сонымен бірге 30-ға тарта бейресми ұйым басшылары да шет қалмай, наразылықтарын танытты. Әсіресе елдің келешегі үшін алаң болған Мон­ғолия демократтар одағының іс басқару орнының басшысы Сайхан Эрдэнэцогт салмақты мәлімдеме жасап, көптің көкейіндегіні дөп басып айтты. Ол: «Миэгомбын Энхболд елдегі қазба байлықты талан-таражға салып, шет елдерге сатуда. Мұны дәлелдейтін құжат қолымызда бар. Сонымен қатар Энхболд мемлекетте қытайландыру саясатын астыртын жүзеге асырып, сыбайлас жемқорлыққа да жол беріп келген. Егер Энхболд өз еркімен қызметтен кетпесе, мұндай наразылықтар әлі де жалғаса береді», – дегенде жиналғандар қол шапалақтап кетті.

 

Бізде ел парламенттік жүйеде бас­қарылады. Оның 76 мүшесі бар. Соның 65-і – коммунистік, 8-і демократиялық партиядан тағайындалған. Шенеунік Миэгомбын коммунистік партияның атынан билікке келсе де өзі қызмет еткен жылдарда мардымды іс тындырған жоқ. Билікті қалта қамы үшін пайдаланып, өз қарақан басының жайын ойлады.

 

Шеруге шыққандардың арасында осы елдің азаматтығын алған қазақ бауырларымыз да көп болды. Олар да бұл жағдайға бейжай қарамай, талаптарын алға тартты. Аз уақыттың ішінде бір емес, екі рет осындай шерулер өтсе де бізді қудалаған ешкім жоқ.

 

Мен Монғолияда туып-өстім. Осында оқып, білім алдым. Үкіметте 42 жыл қызмет етіп, зейнетке шықтым. Қазір Монғолия демократиялық одағы Баян-Өлгий аймағының басшысы лауазымын атқарып жүрмін. Монғолия мемлекетінің «Қоғам қайраткері» деген мәртебесін иелендім. Бес ұл мен қыздарым бар. Балаларым Америка мен Жапонияда, Ұланбатыр мен Баян-Өлгий аймақтарында отбасыларымен өмір сүруде. Өзіміз Ұланбатырға бір жыл бұрын көшіп келіп, бүгінде ел астанасында тұрып жатырмыз», – дейді Хайсанай аға.

 

Д. ҚАЛЕН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ