«Құрсақ тойдан» бастап «шүлен тойға» дейін өткізіп жүр

27.07.2016
Қаралды: 1267

Қазір той-томалақтың маусымы. Ал мұндай қызықшылықтарда көбіне ер-азаматтар асабалық ететіні белгілі. 

Дегенмен арамызда тойдың көрігін қыздыратын қыз-келіншектер де жоқ емес. Біз таяуда осындай жандардың бірі – М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің педагогика және мәдениет факультетіне қарасты  мәдени тынығу және әлеуметтік қызмет кафедрасының  аға оқытушысы Майра Ормолдаевамен сұхбаттас болдық. Ол кісі бүгінде тойдың нұсқасын  қазақы салт-дәстүрімізге, ұлттық үлгіге мейлінше жақындастырып, салт-дәстүрді  ел арасында насихаттап жүрген  белгілі асаба.

– Майра Аптөреқызы, сізге бірінші кезекте асабалық өнерді қалай меңгерген едіңіз деген сұрақ қойғымыз келіп отыр.

– Мен бұрын  Сары­ағаш ауданында мәдениет және тілдерді дамыту  бөлімінде әдіскер болып қызмет ат­қаратынмын. Есіңізде болса, 2002-жылдар біздің елімізде салт-дәстүрімізге ерекше мән берілген жылдар болатын. Сол кездерде ұлттық үлгіде киініп,  Наурыз  мерекесінде  тұсау­кесер, бесікке салу сияқты дәстүрлерімізді сахналық қойылым ретінде көрсететінбіз. Содан бізге тапсырыстар түсе бастады. Дәстүрге сай  той жүргізуді осылай бастап кеттік.

– Бүгінде тойдың қандай түрлерін басқарып жүрсіз?

– Құрсақ тойдан бастап, шүлен тойға дейінгі тойдың барлық түрлерін басқарып келемін. Кейінгі жылдары ұл перзенті жоқ отбасылар қыздарына  «жұлдыз той», «қызғалдақ той»,  қытай қазақтары «сыр­ға той» деген той жасап жүр.  Халқымызда ежелден қыздарға арнал­ған «қызды оң босағаға шығару», «доғалаң той», «қыз ұзату» тойларын жасаған.  Ертеде ата-бабаларымыз қыздарын ер-азаматтармен  тең ұстаған. Балиғат жасқа жеткенше қыздар ұл балалармен қоян-қолтық араласып, алысып, ләңгі теуіп, атқа бірге мініп ойнап-күліп жүре берген. Ал бойжете бастағаннан қызды ұл балалардан оқшаулап, енді оларды оң жақ босағаға шығарып, оған үй шаруасын үйрете бастаған. Міне, осы кезде қыздарға арнап «қызды оң босағаға шығару» тойын жасаған. 

Мен «жұлдыз той» барысында қыздың қолына арнайы білезігін, құс мұрынды сақинасын салдыртамын. Яғни ертеректе бойжеткеннің қолындағы құсмұрын жүзіктің тұмсығы жоғары қаратылып тағылған болса,  қыздың басының бос екенін, егер жүзіктің тұмсығы төмен қаратылып тағылған болса,  қыздың атастырылып қойған екендігін ешкімнен сұрамай-ақ білген екен. 

– «Доғалаң той» деген қандай той?

– Бұл той қыз ұзатылардан екі ай бұрын жасалады. Арнайы «доғалай отау» тігіліп, ұзатылар  қызға арнап «доғалаң той» деген той берген. Яғни бұл кезде күн сайын қыз-келіншек жиналып, ұзатылар қыздың жасауын кестелеп тігетін болған. Сондай-ақ туған шаңырағымен, ата-анасымен, бауырларымен, дос-жаранымен, аға-жеңгелерімен, жалпы, қыз дәуренімен қоштасатын «сыңсу» әнін де осы «доғалай отауда» жаттап, үйренген. Сол екі айдың ішінде көрші-қолаң мен ағайын-тумалары  қызды үйлеріне қонақ етіп шақырып, арнайы дәм татырған.  «Доғалай отауда» қыздың жеңгелері қызды келін болудың алғаш­қы әліппесімен таныстырған десе де болады. Онда қызға қымыз сапыру, қымыз ұсыну, шай құюдың дұрыс жолдарын үйреткен.

– «Шүлен той» туралы да таратып айтсаңыз...

– Бұл – жомарт­тықты, қайырымдылықты паш ететін дәстүр. Қазақта «шүлен тарату» деген дәстүр бар.  Өз тәжірибемде осындай бір ерекше тойды жүргізу бақыты бұйырған еді маған. Сол тойда әрбір тойға келген қонаққа арнайы той иесінен естелік дайындалып, оның сыртына өрнекті  ашық хатқа былай деп жазылған еді:

«Көнеде  жасы келген адам ақыл-санасы дұрыс  кезінде қимастарына ризашылығын білдіріп, ескерткіш сый­ын берген көрінеді. Қолындағы барын тегін таратуды «шүлен тарату» деп айтады екен.  Ақысыз-пұлсыз таратыл­ған сый да «шүлен» деп аталған. Ол алғыс алу не болмаса жақсы көріну мақсатында емес, қадірлеген адамына деген риясыз көңілін білдіру болып саналған.  Адамның жинаған байлығын  көрсету үшін емес, өзінің тағдырына деген ризалығын, қоршаған орта мен адамдығын үйлесімді етіп өмір сүру. Сондай дәрежеге жеткен қажы апамыз сыйлас, сырлас болған адамдарына өзінің алғысын айтып, ризашылығын білдіру үшін бұл сыйлықты өзіңізге қабыл алыңыз деп отыр. «Өмірімді ата дәстүрдің асылын бойға жиюға арнадым. Адамдығымыз бен адалдығымызды арттырған  сыйластарым, шүленді қабыл алыңыз, қош көріңіз» деген көңілмен апамыздың атынан даярланған «шүлен» сыйын өздеріңізге ұл-қыздары табыс етеді».

– Айтуыңызға қарағанда, сіз ел арасында қазақы дәстүрлерді тек күнделікті жұмысыңыз барысында ғана емес, той-томалақта да насихаттайды екенсіз ғой.

– Әрине, солай. Халықтың көп шоғырланатын ортасының өзі осындай той-томалақтың кезі ғой. Сондықтан тойды да тәрбие құралы ретінде пайдалануға тиіспіз. Айталық, нәресте өміріне қатысты  түрлі дәстүрлер мен ырымдардың мән-мағынасына терең үңілмей сол рәсімді жасауға тырысатындар бар. Мен ондай кезде мұның жолының дәстүр бо­йынша қалай болуы керектігін айтамын. Мысалы «ауызға түкіру» ырымын аузы дуалы, сөйлеген сөзімен ел-жұртты тәнті еткен азаматтарға, күміс көмей әншілерге жасату керек. Ал мұны біле бермейтін кейбіреулер балам әкім болсын деп әкімге аузына түкіртіп жатады. Бұл дұрыс емес. Елге танымал атқамінер азамат болсын деп  баланың шаш-тырнағын сондай танымал азаматтар­ға алдыр­ған. Әкім-қараларға баланың тұсауын кестірген. Айтқандай тұсаукесерде тұсауды қайшымен емес, қылышпен, қанжармен немесе өткір пышақпен кесу керек. Бұл туралы Зейнеп Ахмето­­ва апамыз да жиі айтып жүр. Қайшымен тұсауы кесілген баланың тағдыры қайшылыққа толы болады, тағдыры қайшыланып кетеді деген ұғым бар. Сондай-ақ баланың тұсауын қартайған, отырып-тұруы қиындаған кісілерге емес, әлі де жұмыс істеп жүрген, күш-қайраты нағыз кемел шағындағы азаматтарға кескізгені жөн. Баланы тәй-тәй бастырып жетелегенде де жас жеткіншектердің жетелегені абзал.

 – Тағлымы мол әңгімеңіз үшін үлкен рахмет!

Сұхбаттасқан – Қ. СМАНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ