«Ладушки» десе, еріксіз бір жұтынып қаласың

19.01.2019
Қаралды: 257

Жаңа жылды қарсы алып, мерекелік дастарханнан дәм таттық. Жалпы, қай мереке болса да дастарханды тәттілерсіз елестету мүмкін емес. Ал тәттілер десе көпшілігіміз «Ладушкидің» дәмділерін алуды жөн көріп тұрамыз. Осы орайда аталмыш кәсіпорын туралы сөз етуді жөн көрдік.

 

Тәтті нандар мен торттар. Түрлі тосап қосылған өнімдер, ас-ауқаттың сан түрі. Сөреде молынан тізілген осы бір дәмділерді ойлағаннан бір жұтынып аласың. Бастысы, мұндағы өнім адам ағзасына пайдалы әрі дәруменге толы. Сүт өнімдерінен әзірленген сан түрлі тамақтар да осында. 

 

«Ладушки» аспаздық-кондитерлік желісі Қазақстан нарығында 2001 жылдан бері халыққа қызмет етуде. Осы 18 жыл ішінде «дүкен - наубайхана - кафетерий» үлгідегі жеті бірдей  кәсіпорынды іске қосты. Олар:  «Ладушки» в Чернышевского», «Ладушки» в Простоквашино»,  «Ладушки» в солнечном городе», «Ладушки» на Севере» және «Усадьба  «Ладушки», «Ладушки на Самале», «Ладушки на «Айна базаре»» және «Ладушки-Дастархан». Қазір мұнда 700-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бүгінде аталмыш кондитерлік дүкендерде тамақ өнімдерінің сан-алуан түрін заман талабына сай ұсынумен ерекшеленіп, дәмі тіл үйіретін небір тәтті-дәмділер пісірі­луде.

 

Қонақтармен жұмыс жасау тәртібі –­ залда өтеді. Яғни келуші өзіне-өзі қызмет көрсетіп, сонымен қатар олар «free flow» кафе-ресторандар жүйесі арқылы отырып тамақтана алады.

 

«Біздің мақсатымыз қаланы сапалы, пайдалы, дәмді және бағасы да қолже­тімді өніммен қамтамасыз ету болып табылады. Алушыларымызға өте жоғары деңгейде қызмет көрсету арқылы кәсіп­орынның ауқымын кеңейтіп отырмыз.

 

Тағы бір ұстанымымыз – ұжымдағы ауызбіршілік. Келушілер үшін жайлы да таза атмосфера қалыптастыру бізді жоғары нәтижеге жетеледі, ұмтылысымызды күшейтті.   18 жыл ішінде 1200-ден аса өнім түрін шығаруға қол жеткіздік. Жартылай дайын тұшпара, варениктер, манты және котлет тағамдарымыз да үлкен сұраныста.

 

Бізде Польша, Голландия, Германия­дан алынған жаңа құрылғылар жұмыс істейді. Барлық өнімдерді қала бойынша жеткізіп беру қызметі де бір жолға қойылған», – дейді «Ладушки» кондитерлік желісінің директоры Светлана Лугина.

 

«Ладушки» тауарлық белгісі Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің зияткерлік меншік құқығы комитеті ұсынған тауарлық белгісінің №23504 мемле­кеттік реестрінде 2007 жылдың қазан ай­ында тіркелген.

 

Кәсіпорынның технологтары мен шеберлері үнемі білімдерін жетілдіріп, арнайы курстардан өтіп тұрады екен. Алматыдан бастап сонау Мәскеу елінің бірқатар тағамдар мен тәттілер шығаратын фабрикаларына барып, тәжірибе алмасып қайтыпты. Сонымен қатар шет мемлекеттерден Шымкентке ат басын бұрған осы саланың мамандары да көп екен. Мәселен, «PUMP» шағын бизнесті дамыту Еуропалық бағдарламасы бо­йынша Германиядан Питер Крузинг есімді «кондитер» келіп, бірнеше күн білгенімен бөлісіпті. 2011 жылы тағы да Германияның «Komplet» компаниясынан технолог маман Игорь Кох арнайы келіп, жаңа рецептуралар үйретіпті. Осындай шеберлік сабақтарын  Голландия елінен Энтон Одижанс, Мәскеуден халықаралық дәрежедегі шеф-кондитер Александр Жажин, Түркия мемлекетінен Элеонора Балаянц Яшар Оглы, Австриядан наубайшы Роберта Вёзнералардың үйретуінің нәтижесінде «Ладушки» жанданып келеді. 

 

Ұйымшыл, іскер, шебер ұжым бі­ліктілігін Қазақстанның ең танымал бизнес-тренерлердің көмегімен де арттырып отырады. Кәсіпорынның әлеуметтік се­ріктесі болып №6 Оңтүстік Қазақстан лицейі танылыпты.

 

Компания басшылығы көптеген қа­йырымдылық шаралар мен әлеуметтік байқаулар өткізіп, әркез көмекке мұқтаж жандарға қолы ұшын созуды да дәстүрге айналдырған.

 

Айта кетерлік тағы бір жайт, бірнеше жылдан бері «Ладушки-Усадьбада» балалалар бөлмелері мен алаңша жұмыс істеуде. Мұнда 3-10 жастағы балақайларға арналған ойыншықтар бар. Сондай-ақ перзентіңізге мереке ұйымдастырып бергіңіз келсе, осындағы тиісті мамандарға жүгіне аласыз. Олар ұл-қызыңызға ұмытылмас ерекше қызықтар жасай алады.

 

Кәсіпорын Қазақстан аумағы мен шет мемлекеттер арасында ұйымдастырыл­ған бірқатар байқаулардың жеңімпазы атанған. Облыс, қала әкімдерінің «Алғыс хат», дипломдарымен де марапатталыпты.

 

Бұл жетістіктерді кәсіпорын басшысы Светлана Геннадиқызы ұжымдағы білікті мамандардың арқасында дейді.

 

Қазан-ошақ басында, ас бөлмеде әйел ғана жүруі керек деген ұғым көпші­лігімізде қалыптасқан. Ал «Ладуш­кидің» бас аспазы Руслан Усманов бұл пікірмен келіспейді.

 

«Аспаз болып еңбек еткеніме он жылдан асып қалды. Бала кезден тағам әзірлегенді, оны әспеттегенді өте жақсы көремін. Мен келешекте аспазшы болатынымды сол кезде білгенмін. Бұл ұжымда жұмыс жасап келе жатқаныма көп болды. Бізде тек дәмді әрі дәруменге толы тағамдар дайындалады. Ең бастысы, сол мезетте дайындалып, тұтынушыға ұсынылады. Әрбір келушіге үлкен құрметпен қараймыз және асты да үлкен махаббатпен әзірлейміз. Сондықтан болса керек, тұрақты тұтынушыларымыздың саны мен сұраныс көлемі күн санап артып келеді. Бұған тек қуанамыз. Сол үшін барымызды салып еңбек етуге даярмыз», – дейді Руслан Робертұлы.

 

Қай кезде де өз келушілерін таңқалдырып, қуантуды мақсат еткен кәсіп­орынның жұмысы бұдан да жандана берсін дейміз.

 

Д. БАЙЖІГІТ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ