Түйе тіршілігінде де қызық көп екен

14.01.2019
Қаралды: 660

Таяуда ұжымымызда түйе етінен қуырдақ жеген едік. Арада көп өтпей, орайы келіп, дастарханға түйе еті асылған қамыр тамақ қойылды. Сонда арамызда біраз әріптестер бұл жануардың қуырдағын, етін тұңғыш рет жеп отырғанын айтып, тағамға  керемет дәмді екен деп баға беріп жатты. Сол кезде бұл ерекше жануар туралы танымдық мақала жазуды ойға алған едік. Осы мақсатпен Отырар ауданындағы «Гүлмайра» шаруа қожалығының төрағасы Оразәлі Мұстафинді сөзге тартқан болатынбыз.

 

«Бір жілігі» 65 килоға жететіндері бар

 

– Ореке, шаруашылықтарыңыз шұбат өндірумен айналысатынын білеміз. Ол туралы «Замананың» таяудағы нөмірлерінің бірінде жаз­ғанбыз. Енді сізден түйенің өзі туралы біраз нәрсе сұрамақ ниеттеміз.

 

– Сұраңыз, білгенімше айтып берейін.

 

– Қазір соғымның басталған уақыты ғой. Түйені қорада бордақылай ма? Оны қалай сояды? Бүгінде түйе етінің килосы қанша тұрады? Оның «бір жілігінің» салмағы қанша тартады? Түйенің тірідей сатылғандағы құны қанша болады?

 

– Түйе негізінен өз аяғымен жайылып, азығын өзі тауып жейтін жануар. Далада жайылып жүріп-ақ семіреді.

 

Ал оны союдың өзіндік әдіс-тәсілдері бар. Арнайы әдістермен жыға жатқызып, төрт аяғын буғаннан кейін өткір пышақпен омырауының төменгі тұсынан және мойнынан – екі жерінен бауыздайды.

 

Бүгінде біздің жақта түйе етінің килосы 1100 теңге болып тұр. Егер нақты ақшамен алса солай, қарызға, зейнетақы есебінен алатындарға бұдан қымбатыраққа беріледі. Сүтті бағыттағы түйе­лердің «бір жілігі» 35 – 40 кило, ал етті бағыттағыларынікі 60 – 65 килоға дейін тартады. Боталы, сауын түйенің құны қазір 1 миллион теңгеден асты.

 

– Ал ботаны бөлек сататындар бола ма? Оның, одан ересектерінің құны қанша тұрады?

 

– Сатқысы келгендер түйенің ботасын 1,5 жастан асқасын сатады. Өйткені түйе туғаннан кейін осынша уақытқа дейін сүт береді. Ал сататын болса, ботаның құны қазір 100 – 120 мың теңге арасында бағаланады. Тайлақтың құны – 160-180 мың теңге шамасы. Одан кейін «Бірінші тума», «құнажын»  деген сияқты жасына қарай атаулары бар, олардың бағасы біртіндеп арта береді. Аналық малдың бағасы аталығынан 50 мың теңгедей қымбатқа жүреді.

 

12 айдан соң төлдейді

 

– Түйе жылына бір мәрте төлдей ме? Оның егіз бота туатын кездері бола ма?

 

– Түйе жыл аралатып боталайды. Мысалы, 2018-жылдың сәуір айында төлдеген болса, 2019-жылдың наурыз айында қайиды. Яғни қашады. Сосын 2020-жылдың сәуір айында бота туады.

 

Түйенің егіз туатын кездері болады. Бірақ ол өте сирек кездеседі. Қазақта мұны жаман ырымға санайды, сондықтан ботаның біреуін бауыздап тастайды. Әйтпесе сол үйде бір адам қайтыс болады деген наным бар.

 

Жүкті әйел түйе етін жесе не болады?

 

– Ел ішінде түйенің ерекшелігіне қатысты айтылатын қызық әңгімелер бар. Мысалы, түйенің етін жеген, шұбатын ішкен жүкті әйел баласын 1 жыл көтереді деп айтылады...

 

– Ол шындыққа жанаспайды. Жай, ырым ғой. Адам баласы анасының ішінде 1 жыл жататын болса, өзі-ақ жүгіріп шығып кетпей ме?

 

Негізі бұл ырымның шығу төркіні көшсе – көлігі, ішіп-жесе – азығы болатын түйені басқалардан қорғау мақсатынан туындаған. Халқымыздың басынан өткен алмағайып замандарда көрші елдерге ауған қазақтар өзгелер түйе­мізге тимесін деген мақсатта осы сөзді шығарған екен. Кейін ел тыныштала келіп, ол ұмытылған. Бірақ жұртқа көз қылып жасайтын ырымдар сақталып қалған. Етін жеген, шұбатын ішкен жүкті әйелді түйенің астынан өткізіп, шудасын иіскетіп жататыны – содан қалған ырым.

 

Түйені көп өсіретін батыс жақтағы ағайынға осыны айтсаңыз, жатып күлер еді.  Өйткені ол жақтың қазақтары мұндай ырым ұстанбайды.

 

Қасқыр түйені алдаумен алады

 

– Осы түйені қасқыр ала алмайды, тек жатқан кезінде үстінен секіріп өтсе ғана ол тұра алмай қалады, сол кезде жейді деп те айтылады. Бұған байланысты естіген-білгендеріңіз бар ма?

 

– Естігенім – Бетпақдала, Созақ жақтарда түйені қасқыр жайратқан оқиғалары болған деседі. Бөрі бұл жануарды алдап түсіретін көрінеді. Алдына жатып, шегіншектеп, аунап қызықтырады екен. Түйе жарықтық өзі аңқау, қызыққыш жануар. Ол алдында осындай қылық көрсетіп жатқан қасқырға таңдана, еңкейе мойнын созып қарайды дейді, сонда бөрі оның аузына, мойнына жабыса кетеді екен. Сонымен шаруасы бітті.

 

Зәрінің дәрі екені рас па?

 

– Кейінгі кездері түйенің зәрін емге қолданып жүргендер туралы жиі еститін болдық. Оның шипа болатыны қаншалықты рас?

 

– Ол өтірік емес. Медицина мамандары шипасын жоққа шығарғанымен нақты өмірде 3 жасар, тумаған түйенің зәрін емге қолданып, дертінен айығып кеткендер бар. Жазда біздің жаққа Ресейден, Украинадан келіп, қона-жатып емделетіндер болады. Барлық дертке дерлік дауа, обырға, бауыр беріштенуіне де қарсы шипасы бар. Өткен жылы біздің ауылға Астанадан бір ауыр дертті жас әйел келіп емделген, 40 күннен кейін кеселінен толық айығып, сазандай болып оңалып кетті.

 

Жалпы, араб елдерінде оны бұрыннан біледі екен. Сұйық күйінде де, құрғатып, түйір дәрі жасап та пайдаланатын көрінеді.

 

Еті де, сүті де шипалы

 

– Негізі түйенің еті де, сүті де шипалы  ғой?

 

– Оған сөз жоқ. Еті асқазанға жеңіл, тез сіңеді. Холестерині аз. Бас­қа малдың етінен жасалған қуырдақты көп жеп қойған адам күпті болады, ал түйенің қуырдағы, майы ондай жайсыздық тудырмайды. Еті радиация зиянын жояды, сондықтан мұнайлы, уранды аймақтарда оның еті мен сүтін кеңінен пайдаланады. Радиациядан қорғану үшін тіпті ғарышкерлерге де бота жүнінен ішінен киетін киім тігіледі екен.

 

Түйе денесінің ерекшелігі көп қой. Мысалы, қараңғыда оның жамбас тұсынан ұрсаңыз, от шығады. Қазақ оның жүнін аяққа баспайды, өсіп-өнуге кедергі болады дейді.

 

Түйенің өркешін де сақтап, сүрлеп, түрлі емге пайдаланады. Оның жүнін суықтағанды емдеуде қолданады, шудасы буыны шыққан, сүйегі сынған адамдарға дауа. Жалпы, бұл жануардың берер шипасы көп.

 

Кәсібі анасы үшін түйе сатып алудан басталған екен

 

Қарамағында 400-ден астам түйесі бар шаруа қожалығы төрағасымен арамызда осындай әңгіме өрбіді. «Бұл – менің білетіндерім ғана. Басқалардан да сұраңыздар, түйеге қатысты қызық нәрсе көп», – деген Орекең сөз арасында өз кәсібінің қалай бастау алғаны жөнінде де айтып өтті.

 

«Анамыз марқұм ұлтабар обырымен ауырған еді, – дейді ол кісі. – Шымкенттегі теміржол ауруханасынан оны енді беті бері қарамайды деп шығарған. Бізге анамызды ақтық сапарға шығарып салуға әзірленуге кеңес берген. Ауруханадан шығарып әкетуге бар­ғанда бір қария: «Балам, өздерің бір қауым ел екенсіңдер, аналарыңның артынан күнде біреуің келесіңдер. Тұрмыстарың да бақуат сияқты. Бұған бір түйе әперсеңдерші, соның сүтімен емделіп көрсін», – деген. Содан мен анама арнап бір түйе сатып алдым. Ол соның сүтін ішіп жүрді. Кейін сүті айни бастады дегесін басқа біреуін әпердім. Оны да бірде онша жаратпағасын бес түйені бір-ақ алдым. Сөйтіп жүріп түйе шаруашылығымен айналысып кеттік. Ал анам марқұм содан кейін екі жылдай өмір сүрді. Мен мұны түйе­нің шипа бергенінен деп түсінемін», – дейді ол кісі.

 

...Қысқасы, түйе туралы біз осындай қызықты деректер білдік. Оқырманға аз да болса пайдалы ақпарат бере алдық қой деген ойдамыз.

 

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ