Әйелдерді секіртіп арықтатады

19.01.2019
Қаралды: 186

2019-шы жыл да табалдырығымыздан аттады. Жаңа жылда жақсы жаңалықтар мен жетістіктерге қол жеткізіп қана қоймай, сырт келбетіне өзгеріс енгізгісі келетіндер де жоқ емес. Әсіресе арықтауды мақсат тұтып жүрген әйелдер көп-ақ. Ондай кезде спорт пен диетаның көмегі орасан зор. Өздерін тамақтан шектеу жасап, титықтатқысы келмегендер спортқа жүгінетіні анық. Соның ішінде, жүзу, жүгіру, тіпті, жүру де бар. Ал секіру арқылы да арықтауға болатынын естіп пе едіңіз?

 

Шымкент қаласында «Monkey jumpіng» деп аталатын джампинг орталығы жақында ғана жұмысын бастады. Осындағы қаз-қатар тізілген батуттардың біреуінде 20 минут секіру 60 минут фитнеспен айналысумен тепе-тең екен. Бір сағаттық жаттығуда 1000 килокалорияға дейін жоғалтуға болады. Бұл спорт түрінің адамға бас­қа да пайдасы туралы орталық жаттықтырушысы Сәбира Ерештен сұраған едік.

 

«Мұның ең бірінші ерекшелігі – адам секіріп болған соң өзін жеңіл сезінеді. Жүрек соғысын, қан айналымын жақсартады. Уақыт өте келе адам секіруден шаршамайтын да болады. Арықтағысы келетіндер үшін де зор көмек. 30 минут жүгірудің орнына 10 минут секірсе, соның өзі біршама калория жоғалтуға септігін тигізеді. Сондай-ақ салмағы ауыр адамдарда жиі болатын ентігуді жоюға көмектеседі. Жаттығу барысында қойылатын әуен арқылы адам жақсы көңіл-күйге ие бола алады.

 

Келушілер 1 сағат жаттығады. Алдымен 5 минут денені сергітеді, 25 минут секіреді, одан соң батуттан түсіп, 5-10 минут демаламыз да, 15-20 минут жаттығу жасаймыз. Жаттығу барысында шаршаған адамдарды қинамаймыз, демалуына рұқсат береміз, бірақ отыруға болмайды деп айтамыз.

 

Осылайша қыз-келіншектер өз қалау­ларына қарай аптасына 2 немесе 3 рет келеді. Тіпті тезірек салмақ тастайын деп күнде келетіндер де кездеседі. Олардың арасында жақында тұрмыс құратын қыздар да бар.

 

Негізі бір күн секіріп, екінші күні демалған дұрыс. Батутқа алғаш мінген адамдардың  жүректері айнып, бастары айналуы мүмкін. Бірақ бізге бас сұққан бір-екі күннен соң ағза ақырындап үйрене бастайды.

 

Жаттығуға дейін екі сағат бұрын тамақтану керек. Ал жаттығып біткен соң 30-40 минуттай тамақтануға болмайды. Тәттіні, ұннан жасалған тағамдарды азырақ жеуге кеңес берсем де өздерін қатаң түрдегі диетамен қинамауын қоса айтып отырамын», – дейді ол.    

 

Бұл жерге көпшілігі, тіпті, барлығы деуге де болады, салмақ тастау үшін келеді екен. Дәл қазіргі таңда мұнда келушілердің ішіндегі ең үлкені 44 жаста болса, ең кішісі  21-де көрінеді.

 

«Келушілердің көпшілігі шынында да шамадан тыс толық па?» – деген сауалымызға: «Толық дегеннен гөрі, өздерін семіз сезінетіндер деп айтсам болатын шығар. Салмағы 60 келі шамасында болатын қыздар да бар. Бірақ олар тек белдерін, аяқтарын арықтату үшін ғана келеді. Келген күні қыз-келіншектердің салмағын, кеудесін, белін өлшеп аламыз. Бір ай өткен соң нәтиженің бар-жоғын байқау үшін тағы да өлшейміз. Біз 2018 жылдың 3-желтоқсанында ғана ашылдық. Әлі ауыз толтырып айта қоятындай ештеңеміз жоқ. Бірақ өзімізді жеңіл сезініп қалдық, тез шаршамаймыз деп жат­қандар жетерлік», – дейді Сәбира.

 

Сондай-ақ ол сөз арасында мұның әу баста секіргенде кеудені кере демалуды үйренуі үшін ғарышкерлерге арналған жаттығудың түрі болғандығын, кейіннен 2001 жылы поляк ерлі-зайыптылары мұны фитнес түрінде ойлап тапқандығын да айта кетті.

 

Джампинг – бізге енді ғана еніп жатқан жас спорт түрі. Шымкенттегі секіру орталығының енді ғана ашылып жатқандығы да осыны дәлелдейді. Бірен-сараны Алматыда да бар. Алты бұрышты, сегіз бұрышты және дөңгелек пішінді келетін мұндағы батуттар 140 келіге дейінгі салмақты көтеруге қауқарлы.

 

Басқа спорт түрлеріне қарағанда джампингте ағзаға артық жүк түспейді. Содан да болар, оған сұраныс көп. Әсіресе ұлдар тарапынан. Сәбираның айтуынша, орталыққа бір күннің ішінде 3-4 ер адам хабарласатын көрінеді. Бұл бір күнде телефон шалатын қыздар санынан көбірек екен. Олардың да ниеті – салмақ тастау. Әзірге жоқ болғанымен, ерлер тобын ашу – орталықтың болашақтағы жоспары.

 

Жаңадан ашылғандықтан «Monkey jumpіng» жарнамасы халыққа енді ғана жетіп жатыр. Сонда да бір-бірінен естіп келіп жатқандар саны жетклікті. Дегенмен, жаттықтырушының айтуынша, өкпе, жүрек, тыныс алу мүшелері және варикоз аурулары барларға джампингпен айналысуға болмайды. Ал босанған әйелдер сүті тартылып кетпес үшін тек 4-5 айдан кейін ғана келе алады екен. Бұл спорт 11 жастан асқан балаларға да болады. 

 

«Секіріп арықтаудың құны қанша тұрады?» деген сауалға жауап іздеп отырғандар да жоқ емес шығар. Ендеше айталық, айына 8, яғни аптасына екі рет келу – 12 мың теңгені құраса, аптасына 3 рет секіру – 15 мың теңге болады.  Ал тек бір мәрте секіріп көргісі келетіндер үшін 2000 теңге төлемақы қойылған.

 

Әдетте батутта секіруді баланың ғана ойыны деп түсінетін көпшілігіміз осыдан соң оған енді спорт ретінде де қарайтын болдық. Қалтадағы қаржы көтерсе жіптіктей болып жүргенге не жетсін?!

 

М. ҚҰРБАНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ