Кавказда бабалардың ізі жатыр

15.01.2019
Қаралды: 514

Артық хан деген хан болған

 

 

Бүгінде тәуелсіз еліміздің өткен тарихын таразылау, халық жадынан ұмыт болып кеткен жайларды жаңғырту жұмыстары жүріп жатқаны белгілі. Өйткені оның мемлекетіміз үшін, кейінгі ұрпақ үшін мәні зор. Бұған қатысты ғылыми экспедициялар жасақталып, әлемнің бірқатар елдерін аралап шыққаны туралы көзі қарақты жұртшылық біледі. Біз бүгін осындай зерттеулер кезінде  нақтыланған жайлардың бірі жөнінде оқырман қауымға жеткізуді жөн көрдік. Мұндағы негізгі әңгіме қыпшақ ханы Артық хан туралы болмақ.

 

Қыпшақты одақтас еткен

 

Орта ғасырларда Еуразия даласында аты шыққан жауынгер тайпалардың бірі – қыпшақтар болғаны белгілі. Олар Ертіс пен Балхаштан, Тәңіртаудан (Тяньшань) бастап, сонау Дунай өзеніне дейінгі алып аумақты (қазіргі Қазақстан, Ресей, Украина, Молдавия, Румыния жерлері мен Белоруссияның шығыс жағы) мекендеген. Солтүстік Кавказды, Еділ (Волга) мен Дон өзендерінің аралығын, Азов теңізі төңірегін, қазіргі Ресейдің қаратопырақты аймақтарының көп бөлігін қыпшақ тайпалары  жайлаған.

 

Х ғасырда тарих сахнасына тағы бір жауынгер тайпа – селжүк түріктерінің (батыс түркілері) шыққаны белгілі. Оғыздан тараған қынық тайпасы кейін өздерінің ержүрек билеушісі Селжүктің есімін иеленген. Арал теңізі маңынан шыққан селжүктер кейін үлкен мемлекетке айналып, бас-аяғы 100 жылдың төңірегінде көптеген елдерді бағындырған. Орта ғасырлардағы қуатты мемлекет – Византия да оларға қарсы тұра алмай, өзінің шығыстағы иеліктерінен айы­рылып қалған. Селжүктердің соққысынан Армения патшалығы жойылған, олар Грузияның көп бөлігін басып алып, өз үстемдігін жүргізген.

 

Міне, осы кезеңдерде Грузияда 4-ші Давид  патша билік құрған екен. Ол да селжүктерге бағынышты болған. Бірақ Давид қарап жатпай, бытыраңқы грузин феодалдарының басын қосқан. Кейін Грузияның бірқатар жерлерін қызылбас­тар (парсылар) мен селжүктерден азат еткен. Халқы аз (сол кездері 1 миллион адамға жетер-жетпес) Грузия өзіне одақтасты Қыпшақ даласынан іздепті. Осыны мақсат еткен Давид патша сол кездері Еділ мен Дон аралығын жайлап жатқан қыпшақ ұлысымен одақ құрыпты.

 

Артық хан Сарыханұлы – осы төңіректе көшіп-қонып жүрген қыпшақ тайпасының ханзадасы, батыры. Ол туралы қысқаша деректер ортағасырлық грузин, орыс жылнамаларында сақталыпты. «Половецтердің Шарукан әулетінен шыққан Отрок хан» деп айтылады. Давид патша осы Артық ханның Тұрантоқты (Тұрандот) есімді қызына үйленген.

 

Бұл селжүктердің ыдырай бастаған кезі екен. Давид патша осыны пайдаланып біраз жерлерді қайтарып алады. Содан қазіргі Ирак жерін иеленіп отырған селжүк ханзадалары грузин патшалығын түбегейлі жоюды ойға алады.

 

300 мыңдық қолды жеңген

 

Содан селжүктер мен қызылбастардың біріккен 300 мың адамдық қолы (кей деректерде 600 мың деп айтылады) Грузияны бетке алады. Бұл кезде Давидтің қол астында 15 мыңға да жетпейтін сарбаз бар. Грузияға жойылып кету қаупі туған осы сәтте ол өзіне қайын атасы Артықты көмекке шақырады.

 

Ал Артық хан көп ойланбастан қарамағындағы 45 мыңдай шаңырақты (адамдары 200 мыңнан асады) алып, грузин жеріне көшіпті. Оларға Грузияның Картли аумағынан шұрайлы жер берілген. Қыпшақтар грузин жерін сырт­қы жаулардан қорғауға, соғыс жағда­йында әр отбасынан 1 жауынгерден шығарып тұруға міндеттенеді.

 

Селжүк-парсы қолымен шайқас 1121-жылы 12-тамызда Грузияның Дидгори деген жерінде болыпты. Шайқасқа 8 мыңдай грузин қатысқан, оларға болысқандар қатарында 500 осетин және темір құрсанған «крестшілерден» 200-ге жуық француз рыцарьлары бар. Ал әскердің негізгі күшін (45 мың адамды) қыпшақтың атты сарбаздары құрапты.

 

Тарихи деректерге қарағанда, Дидго­ри­дегі шайқас жоспарын Артық хан жасаған. Ол жауды тау ішіндегі тар шатқалдар арасында қарсы алуды ұсынады.

 

Шайқас басталар алдында грузин қосынынан басын өлімге тіккен 200 жау­жүрек қыпшақ жігіттері бөлініп шығып, селжүктерге барады. Өздерін қашқындар ретінде көрсетеді. Грузин қолының он есе көп екенін айтады. Селжүктер оларға сеніп қалыпты. Сол кезде алаңсыздығын пайдаланған қыпшақтар олардың әскербасыларына тарпа бас салады. Көбісін өлтіріп, шатырларын, туларын жығады. Аяқ астынан болған жайды түсінбей қалған селжүктер жау келіп қалды деп қатты сасады. Осы кезде олар­ға тар шатқалдың екі жағынан жебелер жаңбырша жауады. Сай ішінде еркін қозғала алмай қалған селжүктер баудай түсіп жатыпты. Қатты үрейленген олар ақырында бас сауғалап қаша жөнеледі. Жеңген жақ оларды 70 шақырымдай қашықтағы Тбилисиге дейін қуып жүріп жусатыпты. Кей деректерге қарағанда, осы шайқаста селжүктер әскерінің 70 пайыздайы жер құшыпты, ал грузин қолынан қаза тапқандар саны 4 мың адам шамасы болған.

 

Осы Дидгори шайқасы болған жерде бүгінде үлкен ескерткіш-кешен тұр. Грузиндер онда жыл сайын жиналып, Грузияның азаттығын атап өтеді. Олар қыпшақтарға дән риза, қыпшақ атын құрметпен еске алады. Себебі Грузияны жат­жерлік басқыншылардан толықтай азат ету, оның «Алтын дәуірі» осы жерден басталыпты.

 

Жусан исінің құдіреті

 

Ал Артық хан өзінің көшіріп апарған 200 мыңнан аса адамымен Грузия жерінде 8 жыл тұрақтап қалған екен. Грузин патшасы қыпшақтардың бар жағдайын жасапты, оларға шұрайлы жер бөліп беріпті, екі халық жақын араласып, құдандалы болып кетіпті. Қыпшақтар үшін жергілікті халықтан арнайы салық жиналатын болған. Есесіне қыпшақтар олардың шекарасын жаудан қорғаған.

 

Кейін Артықтың інісі оны өзі туып-өскен ата мекенге, ел басқаруға шақырыпты. Бірақ қанша елші жіберсе де жаңа жерге бауыр басып қалған Артықтың Қыпшақ даласына оралғысы кел­мейді. Сонда оған бір жырауды жіберген екен. Ол күмбірлете күй тартып, сосын қоржынынан бір шөп шығарып, Артықтың алдына тастайды. Ол шөп жусан екен.

 

Алғашында мұның мәнісін түсінбеген Артық жусанды иіскеп көргенде туған жердің аңқыған иісін сезініп, көзіне жас алыпты.  Сосын елге  оралуды шешкен екен. «Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген сөз сол Артық ханнан қалған деседі.

 

Давид патшаның сол кездері таққа отырған қызы Тамара патшайым еліне оралмақ  болған қыпшақтарға қоштасу рәсімі болсын, қыпшақтардан ел қор­ғайтын ұрпақ қалсын деп түнге қарай бір-бір сұлу қыздан берген деген де сөз бар. Артық ханмен Кавказға барған елдің біраз бөлігінің сонда қалып қоюына осы жай себепкер болған деп те айтылады.

 

Ал Артық ханның Қоншақ, Елтоқ есімді ұлдары болған екен. Орыс жылнамаларында Қоншақ туралы біраз деректер бар. Қоншақ жайында орыстың «Игорь полкі туралы сөз» жырында айтылған. Ол орыс князьдерінің өзара қырқыстары кезінде ішкі Ресейге дейін барып, көп мәселелердің шешілуіне атсалысқан делінеді. Орыстар мен қыпшақтардың біріккен қолы құрамында мон­ғол-татарларға қарсы шайқастардың бірінде қаза тапқан екен. Одан кейінгі ұрпақтары Еділ мен Дон аралығы Ресейге өткесін ресейлік болып кеткенге ұқсайды.

 

Артық қаласы, Қыпшақ ауылы бар

 

Жалпы, Кавказда түркі тайпаларының, әсіресе қыпшақтардың ізі қалған жерлер өте көп. Басым бөлігінің атауы өзгертілгенімен біразын жұртшылық ежелгі атымен атайды. Мысалы, Арменияның Ширак облысындағы Арагац тауының етегінде Артық (Артик) деген шағын қала бар. Аумағы 6 шаршы шақырымды  құрайтын бұл қала ел астанасы – Ереваннан 105 шақырымдай жерде. Онда бүгінде 25 мыңдай адам тұрады. Зерттеушілердің пікірінше, ол Артық ханның есімімен аталған.

 

Орта ғасырларда жатжерліктердің шап­қыншылығын көп көрген армян патшалығы жойылып, армяндардың бытыраңқы өмір сүрген кездері болған. Грузия патшасы Давид 4-ші грузин феодалдарының басын біріктіріп, елді селжүктер мен парсылардан азат еткенде бұл аумақ Грузияға қарапты. Давид өзінің одақтастары әрі қайын жұрты – қыпшақтардың бір тобын осы аумаққа қоныстандырған деп айтылады.

 

Ал осы Артық қаласына жақын маңда «Қыпшақ» деп аталатын ауыл болған екен. Онда қыпшақ ғибадатханасы да болған. Армяндар оны «Хпчакаванк», яғни «Қыпшақ ғибадатханасы»  деп атаған. Осы Хпчак ауылы 1947-жылдан бері Арич деп аталады екен. Бұл ауылдағы үлкен көшелердің біріне армяндар 2005-жылы Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың есімін беріпті. Ауыл кітапхана­сында Қазақстанға, қыпшақтарға арнал­ған бұрыш бар.

 

Аталған ауылдың іргесінен Қазақ өзені ағып өтеді екен. Аты өзгертілгенімен оны жергілікті тұрғындардың көбі әлі де бұрынғыша Қазақ деп атайды деседі.

 

Сондай-ақ Әзірбайжанда Қазақ ауданы («Газах району») деп аталатын аудан бар. Орталығы – Қазақ қаласы. Ол тұрған аумақ кезінде Кавказда дербес өмір сүрген Қазақ сұлтандығының құрамында болыпты. 1800-жылдары Грузияның Картли-Кахетия патшалығымен бірге Ресей империясына қосылған екен.

 

...Қысқасы, Кавказда бабаларымыздың ізі сайрап жатыр десек болады. Ал онда барған қандастарымыздың бір бөлігі кейін ата жұртына оралса, тұрақтап қалған бөлігі бірте-бірте ассимиляцияға ұшырап, жергілікті ұлттарға сіңісіп кеткен сияқты.

 

Дайындаған – Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ