Имандылыққа тәрбиелейтін қуыршақ

18.01.2019
Қаралды: 84

Қуыршақтың түр-түрі бар. Үлкені мен кішісі, ұлы мен қызы, сөйлейтіні мен билейтіні де жоқ емес. Енді осылардың қатарына үйретуші «мұсылман» қуыршақ та қосылды. Ол балаларға намазда оқылатын Құран сүрелерін, Алланың 99 есімін, шариғаттағы мұсылманның басты сұрақтары мен оның жауаптарын үйретеді. Сүрелерді араб нұсқасында айтады және тек қазақ тілінде ғана сөйлейді. 

 

 

Қуыршақтың аты – Фатима. Ол отандық өнім болып табылады. Өндірілетін қаласы – Алматы. Нарыққа шыққанына әлі бір жыл да толмаған. Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының рұқсаты берілген бұл қуыршақтар өте сапалы, бала денсаулығына залалсыз және сертификатталған ойыншықтар екен.

 

Бұл – Қазақстандағы аналогы жоқ жоба. Авторы – жас кәсіпкер Бағдат Тоқтарбеков. Фатимамен 2 – 11 жас аралығындағы қыз балалар ойнайды. Бойы 43 сантиметр болатын Фатима қыздың киім үлгісі де ерекше. Өндірушілер оны асқан ұқыптылықпен, шариғатқа сай етіп, мұсылманша киіндіріпті. Сондай-ақ қыз балаларға ойнауға ыңғайлы етіп жасал­ған ұзын шашы, киіп-шешуге ыңғайлы аяқ киімі де бар.

 

– Халқымыз «Қыз баласы – ұлт болашағы» дейді. Ал қыздардың ойнайтыны – қуыршақ. Бала кішкентай кезінен не көріп өссе, кейін өзі де соған бейімделе бастайды. Қазіргі таңда тәрбиелік мәні бар ойыншықтар жоқтың қасы. Оған қоса әлеу­меттік желілердегі қаптаған сұмдық бейнероликтер, ашық-шашық киінген қыздар  бейнесі көбейіп кетті. Осыған орай қазақ қыздарының атына көп сын айтылып жатыр.  Бұл – қауіпті дүние. Кейде ата-аналардың балаларға уақытын көп бөле алма­уынан балаларымызға рухани тәрбие де жетіспей жатады. Сондықтан қолға алынған осы  іске бүлдіршен­деріміздің болашақта ибалы да иманды болып өсуіне бағытталған дүние ретінде қарауға әбден болады.

 

Фатиманың басқа қуыршақтардан ерекшелігі – ол баланың жан-дү­ниесіне, психологиясына, дамуына тек сыртқы бейнесімен ғана емес, сөзімен де жақсы әсер ете алады. Сөйтіп қыз балалардың тәрбиелі болуына септігін тигізеді. Мұсылман қуыршақтарды нарыққа енгізудегі мақсат та осында жатыр, – дейді Фатима қуыршағын сату және тарату ісімен айналысатын менеджер Бақыт Нұрмұратова.

 

Қазіргі таңдағы қуыршақ бағасы 13 мың 900 теңгені құрайды. Айтуларынша, бұл ойыншықтарға сұраныс та жоғары көрінеді. Бүгінгі күні ойыншықтарды кез келген дүкен сөрелерінен көре алмайсыз, себебі ол тек интернет-дүкен арқылы ғана саудалануда. Сатып аламын деп қызыққан жандар әзірге ғаламтор арқылы оны Қазақстанның кез келген өңіріне тапсырыспен алдыра алады.   

 

 М. ШЫНҰЗАҚ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ