Итаршылар арыз жазған деп отыр

18.01.2019
Қаралды: 766

Қытайдағы қазақтардың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап жүрген «Атажұрт еріктілері» ұйымының жетекшісі Серікжан Біләшұлының үстінен арыз-шағым түскен көрінеді. Бұл туралы «Youtube» желісі арқылы тараған Серікжан Біләшұлы мен полиция қызметкерінің арасында үстіміздегі жылдың 15-қаңтарында болған әңгімеде айтылған. Осы сұхбаттан белгілі болғандай, арызға қол қойғандар – бас-аяғы 17 адам «Серікжан Біләшұлы Қытайдан келген қазақтардың арасында іріткі салып жатыр» деп шағымданған екен. Арыз Алматының прокурорына жолданыпты.

 

«Мені сотқа бергендігі жайында әлеу­меттік желілерде айқай-шу болып жатыр екен, – деді осыған қатысты С.Біләшұлының өзі. – Соған байланысты айтарым, дүрлікпеңіздер, алаңдамаңыздар, шуламаңыздар. Қазақстан Республикасы – заң салтанат құрған ел. Бізде ақпарат еркіндігі бар. Біз – демократиялық зайырлы мемлекетпіз. Ендеше, Қытайда қысым көріп жатқан қазақтардың құқын қорғау жөніндегі ісімізге байланысты Қытайдың итаршылары болып жүрген әлдекімдер ұйымдасып, біздің жұмысымызды тоқтату үшін жасалынып жатқан дүние. Мың жерден жала жапса да Қытайдағы қандастарымыздың құқын қорғау үшін екі жылдан астам уақыт жұмыс істеп келе жатқан «Атажұрт» ұйымы бірінші Құдайдың, екінші мемлекет заңының қорғауында болатындығын айта кеткім келеді. Ұлт мүддесі үшін күресіп жүрген азаматтардың аяғынан шал­ғысы келіп, артынан оқ жаудырып, алдынан көр қазып жүрген осы ұлт сатқындарының, іштен шыққан шұбар жыландардың немесе шіріген жұмыртқалардың кім екенін, анық-қанығын біздің арнайы мәлімдемемізден кейін біле аласыздар.  

      

Ең бірінші айтарым, Қазақстан Республикасы заңдары аясында біздің құқымыз қорғалады. Перде артында отырған қытайшылдардан қорықпаймыз. Олардың бар мақсаты – Қытайдың қылмысын ашып жатқан «Атажұрт» еріктілерін тоқтату. Міне, біз жинаған он мыңнан астам дәлелдер мен фактілер алты тілде барлық ұйымдар­ға кетіп болды. «Атажұрт» еріктілерін тоқтату бір ғана мемлекетке керек, ол – Қытай. Яғни перденің ең артында Қытай тұр деген сөз. Олар былтырлары қолымызда дәлелдер бола тұра «сендер арандатушысыңдар, жалақорсыңдар» дегенді айтты. Енді олар бізді тоқтату үшін  ауылдағы қоғамдық істерде ешқашан бел­сенділік танытып көрмеген қарапайым бұқараны алдап, соның ішінен бір­нешеуінің қолын қойғызып, үстімізден ресми түрде арыз түсіріпті. Одан қорқатын ештеңе жоқ. Бізді қазақстандық және халықаралық заңдар қор­ғайды. Егер де «Қытай экспансиясын қорғады» деген жала жабу баптары бойынша олардың  үстінен біз қайтара арыз берер болсақ, перденің артында тығыл­ғандар сол кезде белгілі болады.    

 

Ендеше, Қытай идеологиясын үгіттеу­шілер Қазақстан заңының аясында сотталуы тиіс. Қазақстандағы қытайшылдықты дәріптеушілерге ұлт ретінде соққы беріп, оларды еліміздің территориясынан түбе­гейлі аластауға күш саламыз».

 

Серікжан Біләшұлының бұл сөздері «Youtube» желісінде жарияланды. Жалпы, бұл істің қандай бағыт алмағы енді көп ұзамай-ақ белгілі болып қалатын сияқты.

 

М. БИБОЛ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ