Жалған атаққа мораторий жариялайық

05.01.2019
Қаралды: 76

Қазір кеудесіне жез-темірден салпыншақ тақпаған адам қалмады-ау, сірә. Бай да, жарлы да, қатысы бар да, қатысы жоқ та тағып жатыр, тағып жатыр, тағып жатыр... Жиын-салтанаттарда қол шапалақтаудан шаршайсың тіпті.

 

Пәлендей елдің құрметті азаматы, пәлен мекеменің пәлен жылдығының мерейтойлық төсбелгісі, пәлен саланың үздігі... «Еңбегім бар ма, жоқ па, лайықпын ба, лайық емеспін бе?» деп жатқан бірі жоқ. Селфилетіп, фотолатып, әлеуметтік желіні жаулап алды. Мемлекеттік награда болса мейлі ғой, түрлі қоғамдық ұйымдардың, мекемелердің арзанқол мадақ-марапаттары. Белгісіз ұйымдардың белгісіз төрағалары қолын қойып, жеке кәсіпкер деп тіркеткен мөрлерін басып, есепсіз үлестіріп жатыр. Мұндай «марапаттар» – ақылы. Төле де – ала бер! Бір сәттік алданыш, бір мезеттік қуаныш. Сосын темір-терсе­гіңіздің ешкімге керегі жоқ, бала-шағаға  ойыншық болары даусыз... 

 

Сонда мына жұрт жалған атаққа несіне ұмтылып жатыр? Қайтпекші бұл темір-терсекті? Әлде даңқ-марапатқа етіміз үйреніп қалды ма? Әлгі төсбелгілерін сарғайтып, тот басып кеткенше кеуделерінен тастамай тағып жүретіндерді қайтерсің?! Сонысын сұқ сау­сағымен шұқып көрсетіп: «Мені байқа!» деп қорқытатындар да аз емес. Бір жапырақ Алғыс хатының суретін әлеуметтік желіге салып: «Ал, құттықтасаңдар болады!» деп танауын көкке көтере «лайк» жинауға асығатын замандастарымыз да жетерлік. Жаппай – хайп! «Хайп» деп отырғанымыз жалған атақ қуып, пиарлатып немесе өзін-өзі жарнамалауда алдына жан салмайтын жандарға арналған жаңа не­ологизм.

 

Биыл – Жастар жылы ғой. Осыған орай менде ұсыныс бар. Мемлекеттік наградадан басқа барлық жалған атақ-даңқ, ақылы төсбелгілерге мораторий жариялайық! Медаль таратқыштар одан гөрі үйсіз-күйсіз жүрген жастарға баспана сыйласын, зейнет жасына жетсе де орнын босатпай отырған шал-шауқанды құрметті демалысқа жіберіп, талантты да іскер жастарға жұмыс тауып берсін, елімізді байытуды көздейтін жастарға арзан несие әперіп, шағын бизнеспен айналысуына мүмкіндік жасасын, креативті ойлайтын жастардың депутаттыққа, басқа да сайланбалы органдарға ұмтылуына жол ашсын!

 

Бекжігіт СЕРДАЛЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ