Қарағанды: Тергеу барысы қалай болып жатыр?

07.01.2019
Қаралды: 327

Кешегі Қарағандыда болған қанды оқиғаға байланысты көпшіліктің көкейінде жүрген сауал көп. Қазір ол жақта не болып жатыр? Тергеу қалай жүруде? Жағдайдың барысын білу мақсатында біз алдымен ресми өкілдерден ақпар алуға тырыстық. Бірақ олар тергеу ісі аяқталмай жатып ақпарат бере алмайтындықтарын мәлімдеді. 

 

 

Одан соң сол күнгі оқиғада қаза тапқан Рақымжан Жансейіттің әкесі Бақытжан Рахманұлына хабарластық.

 

Ол кісі әлі ештеңе анықталмағанын, қазіргі таңда бұл істің басы-қасында заңды өкілі ретінде арнайы заңгердің жүргендігін, оған өз атынан арнайы сенім­хат берілгендігін, тергеу барысына қатысты барлық мәліметті уақыты келгенде сол ғана бере алатындығын айтты. Содан «Замана» тілшілері ол кісінің заңгерімен де байланыс­қа шықты.

 

– Мен әлі бұл іспен толық танысып үлгерген жоқпын. Істі қолыма алғаныма екі-ақ күн болды. Әзірге еш мәлімет бере алмаймын, – деді Дінмұхамед Испаев.  

 

Қазіргі таңда тергеу ісіне қатысты белгілі ақпарат, ол – кісі өліміне қатысы бар Нарек Гурурян Ресейдің Омбы облысының аумағында ұсталғандығы. Оның Армения азаматы екені де анықталыпты. Рақымжанның әкесінің айтуынша, Нарек Гурурян шамамен бір апта көлемінде Қазақстанға алдырылады екен.

 

Әлеуметтік желілерде жүрген «армяндар бір бөлмелі пәтер әперіпті», «1 миллион доллар беріпті» деген алыпқашпа әңгімелердің рас-өтірігін анықтамақ ниетте сол туралы Бақытжан мырзаның өзіне тікелей сауал тастадық.

 

– Оның бәрі жалған сөз, өтірік әңгіме. Мен өзім негізі үйдің кезегінде тұрмын. Ол алдағы уақытта өкіметтен беріледі. Ал армяндардан мен бір тиын да алған жоқпын. Шындығында олар үлкен мейрамханаларына дейін беріп отыр. Қызыммен сөйлескен кезде: Олар: «Барымызды алыңдар, тек бізге тиіспеңдер», – деген секілді бірнәрселер айтқан екен. Тіпті оның аудиожазбасы да бар. Бірақ мен олардан ештеңе де алған жоқпын, – дейді Рақымжанның әкесі.

 

Алдағы уақытта тергеу барысы туралы тағы да хабарлап отырамыз деген ойдамыз. 

 

М. БИБОЛ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ