Зәмираға «Ізгілік» үйі көмек қолын созды

19.01.2019
Қаралды: 388

«Замананың» өткен нөмірінде он бес жасында алып қашудың құрбаны болған және жасы жиырма сегізге аяқ басса да әлі күнге құжатсыз жүрген Зәмира Қантөреева есімді келіншек жайлы жазған болатынбыз. Үш баласын бағып-қағу үшін ол бүгінге дейін еден мен ыдыс жуып күнелтіп келген. Ал қазір жүктіліктің алтыншы айында, яғни төртіншісіне аяғы ауыр.

 

Сондықтан алдағы уақытта жұ­мыс істеуіне мүмкіндігі де, денсаулығы мен жағдайы да жарамайды. Ашығын айтқанда, кейіпкеріміз көмекке мұқтаж. Осы жайды айтып, біз таяуда Шымкент қаласындағы «Ізгілікте жарысайық» қайырымдылық қорына хабарласқан болатынбыз. Қор басшысы Асхат Мәуленов пен менеджері Мұхтар Тәшімов оған қолдарынан келгенше көмек беретінін айтқан еді.

 

Сонымен, Зәмира «Ізгілік» әлеуметтік үйіне өткен сенбі күні барды. Қолында бар құжаты (өзінің және екі қызының туу туралы куәлігі) арқылы қордағы әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасылардың ті­зіміне тіркелді. Қор қызметкерлері оған отбасыдағы әр адам басына үш киімнен таңдап алуына рұқсат берді. Таяу күндері қоймаға азық-түлік түсетінін айтып, хабарласуға кеңес берді. Зәмира бұл жерден балаларына қажетті біршама киімдер алып қайтты. Түн жарымына дейін жұмыс істеп, күндігіне 2000 теңге ғана алатын әрі пәтер жалдап тұратын жүкті келіншек үшін осының өзі әжеп­теуір көмек.

 

«Қыстың бірде жаңбыр, бірде қарлы суық күнінде бұғанасы қатпаған балаларымның жүзі сынбай, жылы киініп жүргені қандай қуаныш! Жақынымнан жәрдем болмай жүдеген сәтте жанашырлық танытқан «Замана» газеті ұжымы мен «Ізгілікте жарысайық» қорына деген ризашылығымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес», – дейді ол.

 

Үш балалы келіншек енді жыл бойы айына бір рет киім-кешек пен күріш, ұн, қант, май секілді азық-түлікпен тегін қамтамасыз етілетін болды. Ол үшін қор басшыларына біз де алғыс айтамыз.

 

Дегенмен Зәмираның жеке бас құжатының және үшінші ұлының туу туралы куәлігінің жоқ екенін ескерсек, оған әлі де көмек қолы қажет екені белгілі жайт.

 

М. ЫБЫРАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ