Бөріхан қажы Рабаттан олжалы оралды

04.01.2019
Қаралды: 151

Қазығұрт ауданындағы Рабат ауылында облыстық деңгейде шахматтан турнир өтті. Ерлер арасында болған бұл спорттық шара Қ.Әбдәлиев атындағы жалпы орта мектепте ұйымдастырылды. Оған осы мектептің жиырма жыл бұрынғы түлектері демеушілік жасады.

 

Жарыс нәтижесінде І орынды бірнеше кітаптың авторы, Ордабасы ауданының Құрметті ұстазы атанған І разрядты шахмат ойыншысы Бөріхан қажы Тәмен иемденсе, ІІ орынды Қызылдала ауылының имамы Нұрмахан Тұ­рыс­беков алды. Ал ІІІ орын 80 жастағы зейнеткер Рахматулла Та­шевке бұйырды. Жеңімпаздар Алғыс хатпен және арнайы сыйлықтармен марапатталды.  

 

Биыл үшінші рет өткізілген  дәс­түр­лі додаға 35 адам қатысты. Барлығы да әуесқой ойыншылар. Сайрам, Төлеби, Қазығұрт аудандарынан, Шымкент және Ленгір қалаларынан келген қатысушылардың ең үлкені 80 жаста болса, ең кішісі 26-ны енді иектепті.

 

Жарысты ұйымдастыру ісімен Рабат ауыл округінің ақсақалдар алқасының төрағасы, І разрядты ойыншы Қалдан Сүлейменов ай­на­лысты. Сондай-ақ «ҚР кәсіп­одақтарына еңбегі сіңген қайраткер» төсбелгісінің иегері, көп жылдан бергі мектептегі кәсіподақ ұйымының төрағасы, шахматтан І разрядты ойыншы, дойбыдан спорт шеберлігіне үміткер Бақыт Аманов та осы шараның басы-қасында жүрді.

 

– Шахмат турнирін ұйым­дас­тырудағы мақсатымыз ойынды насихаттау ғана емес, осыны құмарта ойнайтын ойыншылардың да басын қосу болды. Біз мұнымен шектеліп қалмаймыз. Алдағы уа­қытта осы Рабат ауылының кәсіп­керлері Шойбек Жолдасов және Саян Сағидуллаұлының демеуші­лігімен тағы да турнирлер өткі­зілетін болады. Шойбектің әкесі Смайыл Жолдасов атындағы жарыс алдағы наурыз айына жоспарланып отыр. Смайыл Жолдасов – Ұлы Отан соғысының ардагері, химия пәнінің  мұғалімі, беделге ие болған адам. Оқушылар арасында болатын бұл дода осымен он тоғызыншы рет өткізілмекші. Ал «Құрмет» орденінің иегері, Қазығұрт ауданының құрметті азаматы Сағидулла Батырбаев атындағы турнир биыл бесінші рет өткізілмек. Оған жыл сайын осы кісінің ұлы Саян демеушілік етіп келеді, – дейді ол кісі. 

 

Шахматтың ми жұмысын жақсартып, адамды тез шешім қабылдауға бейімдейтіні анық. Сондай-ақ, мұның кімнің де болсын уа­қытын тиімді өткізуіне жәрдемі де жоқ емес.

 

    М. ІЛИЯС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ