«Скатты» ысқырта сыбап жатыр

06.01.2019
Қаралды: 750

Астана қаласынан Алматыға бет алуы тиіс болған «D-714» рейсін 12 сағатқа кешіктірген  «Scat» әуе компаниясы 78 жолаушыны әуежайда телмірте күттіріп қойыпты. Ашынған жолаушылар компания басшылығына 30 арыз жазып қалдырған.

 

«Scat» компаниясына тиесілі ұшақ әуежайдан 10-қаңтар күні таңғы 12.40-та ұшып кетуге тиіс болған. Алайда әуе кемесі ұшу уақытын бірнеше рет кейінге шегере берген. Біз осы олқылыққа төзуге мәжбүр бол­ған жолаушылардың бірқатарымен сөйлесіп, жағдайдың қалай өрбігенін білдік.

 

«Біз Алматы қаласында тұрамыз. Астанаға анамның туған бауыры, тағы бір інісінің әйелі дүниеден өткен соң көңіл айтып, жолдасым Серік екеуміз келген едік. Пойызбен қайтамыз деп ойлағанбыз, бірақ билет болмай, «Scat»-тан онлайн түрде екі билет сатып алдық.

 

Ұшуға бір сағат қалғанда әуежайға келіп жайғастық. Уақыт жеткенде компанияның маманымын деп өзін таныстырған Мәдина есімді бойжеткен рейстің бір сағат кейінге шегерілгенін ескертті. Айтуынша, Алматыны қалың тұман жауып, «видимость» нашарлап кетіпті. Өміріміз үшін алаңдаған соң бір сағатта тұрған не бар деп күтіп отыра бердік. Сосын дауыс ұлғайтқышпен дәл біздің ұшақтың тағы бір сағатқа кешіктірілетінін хабарлады. Одан кейін тағы бір, сосын және бір сағат тосуымыз керегін жеткізді. Бұған жұрт шыдасын ба? Күту залындағы 78 адам шулай бастады. Тіпті біреуі басқа ұшақтардың Алматыға еш кедергісіз ұшып жатқанын да айтып қалды. Көңілімізге күдік ұялай бастады. «Бұл бассыздықты басшылықтың өзі келіп неге түсіндірмейді? Осынша жанды телміртудің нақты себебі не?» деген сауалдар барлығымыздың көкейімізде тұр. Уақыт түскі мезгілден өтіп барады. Бірақ жағдайды баяндап, кешірім сұраған да ешкім жоқ. Арамызда пысық бір орыс қыз бар еді. Сол ары-бері жүгіріп, ұрсысып жүріп, барлығымызға түскі тамаққа талон алып берді. Әйтпесе тиісті орынның қызметкерлері өздігінен қимылдайтын емес. Мұндай да болады екен-ау? Бізді адамға санамағаны ма? Он екі сағат бойы сейілмейтін неғылған тұман ол? Тым болмағанда арамыздағы жасы келген кісілер мен аяғы ауыр әйелді, ауыр науқас­қа шалдыққан балаларды аяса қайтеді? Бұдан кейін бұл компанияның әуе кемесіне мінбек түгілі, атын естігім де келмейді», – дейді Ақмарал Шәкенова.

 

Біз ауыр дертке шалдыққан Сергей есімді ұлын емдету үшін Алматыға асыққан Татьяна Кревердің де пікірін естідік.

 

«Баламда қатерлі дерт 2017-жылы анықталды. Содан бері Алматы, Астана қалаларына ем алуға жиі келеміз. Бұған дейін «Эйр-Астана» арқылы бір рет ұшқанымыз болмаса оған дейін тек пойызбен немесе көлік жалдап жететінбіз.

 

Өзіміз қарапайым отбасы болғандықтан ұшу қалтамызға үлкен салмақ. Сергейдің химия алатын уақыты жақындап, Ақтөбеден транзит арқылы Астанаға, одан Алматыға жетуіміз керек еді. Сөйтіп қызметі арзандау әуе компанияларын іздестіріп көрдік. Бағасы өзгелерден екі есе арзан «Scat»-тан екі билет ала салдық. Қайдан білейік, соңынан сандалып қалатынымызды.

 

10-қаңтар күні жұртпен бірге рейсімізді біз де күттік. Ұлымның үнемі жағдайы жасалуы керек. Оған көп шаршауға, жүйкеге салмақ түсіруге болмайды. Ал біз жарты тәулік бойы уақыт санаумен отырдық. Әрбір сағаттың перзентім үшін ауыр өтіп жатқанын түсінген ешкім жоқ. Осындайда ана мен балаға, егде кісілерге арналған демалу бөл­мелерін ұсынса ғой. Бұл былай тұрсын, не су, не ас беруге де жарамады бұлар.

 

Төртінші сағатта жақында ғана бүйрегіне ота жасатып шыққан жүкті келіншектің жүйкесі сыр берді. Ол ары қарай Стамбулға жүріп, қолы әрең жеткен дәрігерге тексерілуі керек болыпты. Сонша еңбегінің желге ұшып кеткеніне күйініп, жылап, әуежайды басына көтеруге дейін барды. Басқа жолаушылар да өре түрегеліп, не болып жатқанын білуді талап етті. Мәдина есімді экипаждың бас маманы жанына тәртіп сақшыларын, дәрі­герлерді ертіп, сау ете қалды. Оған дейін бір рет қана қара көрсеткен қыз талаптарымызды жүрдім-бардым тыңдады. Мәселенің мәнісі осы кезде белгілі бола бастады. Біздің ұшақ Ригаға ұшып кетіп, ол келген соң бізді сонымен Алматыға жөнелтпекші болыпты. Оған дейін бізді әне-міне деп алдай тұрмақ болғанға ұқсайды. Қанша қиын болса да ақырына дейін шыдадық. Ең жанымызға бат­қаны ұшақты телміре тосуымыз емес, әуе компаниясының осындай немқұрайды әре­кеті болды.

 

Сонымен химияны ұлым екі күннен кейін алды. Бірінші күніміз күтумен өтсе, ер­теңгісінде Сергей әлсіреп, тамақ батпай жатып қалды. Баламның жағдайы біршама дұрысталған соң арызымыз бойынша әрекетке кірісейін деп отырмын», – дейді ашын­ған ана.

 

«Астанаға ұлымның үйіне қыдырып кел­генмін. Немерелерімнің жанында бірнеше күн қонақ болып, 11-қаңтар жұмысқа түсуім керек еді. Содан аталмыш әуежайдан 18 мың 300 теңгеге билет алып, таңғы он жарымда осы жерден табылдым. Аздап тұмауратып, қан қысымы да мазалап жүрген болатын. Дәрімді ішем де, бірер сағатта үйге жетем деп ойладым. Бірақ жағдай мен күткендей болмады.

 

Өтірік айтуға қалай ұялмайды? Жасымызды да сыйламады. Түскі ас пен кешкі тамақты айғаймен жүріп алдырдық. Онымен қоймай, туристердің алдында күлкіге қалдық. Олай дейтінім, жанымызда Ресейден, Америкадан келген кісілер бар еді. Алматының табиғатын тамашалауға арнайы келе жатыр екен. Өкінішке орай, осындай «тамашамызды» көріп, телефондарына түсіріп алды.

 

Онлайн арқылы алған билетімді қайта өткізіп, қымбаттығына қарамай «Aіr Astana»-дан 30 мың теңгеге билет алдым. Сөйтіп екі сағатқа жетпей әсем қалама қонып, тағы бес мыңға такси жалдап, үйге жеттім.

 

Бұл келеңсіздікті естіген ұл-қыздарым өтем­ақы талап ету керек деген. Бірақ бұған дейін де бір емес, бірнеше рет осындай бассыздыққа жол берген «Scat» компаниясымен тартысқым келмеді. Олар өз қолдарымен өздеріне ор қазып жатыр емес пе? Сонша адамның жанайқайына құлақ салмай, жолаушымен санаспайтын мекеменің болашағы жоқ», – дейді алматылық Ғалия Болатқызы.

 

Біз жолаушылардың пікірін тыңдаған соң аталмыш әуе компаниясымен байланыстық. Өзін Тимур Ибрашев деп таныстырған қызмет көрсету бөлімінің маманы PR-бөлімі басшысы Виктория Старожиловаға жөн сілтеді. Сонымен ақпаратқа жауапты қызметкер не дейді?

 

««Scat» – Қазақстандағы ең үлкен әуе компанияларының бірі. Жиырма бір жылдан бері еліміздегі – 55, шет елдің 26 бағыты бойынша жолаушы тасымалдап келеді.

 

10-қаңтар күнгі «D-714» «Астана-Алматы» бағытындағы ұшақтың кешіктірілуіне тұманды ауа райы себеп болды. Адам өмірі мен қауіпсіздігі біз үшін қымбат саналатындықтан бірнеше сағатқа рейс тоқтатылды. Бұл уақыт аралығында жолаушыларымызға ас-су, ыстық тамақтар беріліп, мүмкіндігінше жағдай жасалды.

 

Әуе компаниясының басшылығы барлық жолаушылардан кешірім сұрай отырып, жағдайға түсіністікпен қарауға шақырды. Себебі әуе компаниясы ауа райына әсер ете алмайды», – деп жауап берді PR-менеджер.

 

Ал енді кімнің сөзіне сенген дұрыс?

 

Д. МЕДЕУОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ