Дәрігерге «анализді» үйде отырып-ақ тапсыра аласыз

03.01.2019
Қаралды: 164

Енді қажетті медициналық талдау түрін үйден шықпай-ақ тапсыруға болады. Ондай ақылы қызметті «ІNVІTRO» зертханасы көрсетеді. Аталған қызмет түрін қажет деп тапқан адам таңғы 7.30-дан кешкі 18.00-ге дейінгі уақыт аралығында қоңырау шалып немесе сайт ар­қылы тапсырыс бере алады.

 

Тапсырысты қабылдаған оператор кестедегі бос уақыттарына қарай келетін сағатын белгілеп, бағасын есептеп береді. Әдетте олар шақырту бойынша жай күндері 8.00 мен 13.00-дің, сенбі күні 9.00 мен 12.00-дің аралығында шығады. Содан соң айтылған мекен-жай бойынша тек үйге ғана емес, кеңсеге де, тіпті санаторий мен пансионатқа да келе алады. Талдау қорытындысы даяр болғанда ол туралы ұялы телефонға хабарлама жіберіп,  тапсырыс берушіге ескертеді. Дайын қорытындыны элек­тронды пошта немесе «ІNVІTRO» сайтының жеке кабинеті арқылы, сондай-ақ зертхананың жақын маңдағы медициналық кеңсесіне барып та алуға болады. Зертхананың бұл қызмет көрсету түрі Шымкенттен басқа Астана, Алматы, Өскемен, Атырау, Семей қалаларында да бар. 

 

«ІNVІTRO» – Ресейдің ең үлкен медициналық компаниясы. Ол Украина, Армения, Қырғызстан, Беларусь мемлекет­терінде де ашылған. Мемлекеттік және жекеменшік медициналық мекемелермен де бірлесе жұмыс істейді.  Бұл компания 1700-ден аса медициналық талдаулар жасай алады.

 

Тәуелсіз компания Қазақстанда 2014 жылдан бері жұмыс істеп келеді екен. Еліміздің 16 қаласында оның 40-тан аса филиалы, Астана, Алматы, Ақтөбе шаһарларында үш зертханалық кешені бар. Оның «Үйлерге бару» қызметінің іске қосылғанына небәрі бірнеше айдың жүзі болған. Шымкент қаласы бойынша тапсырыс берушінің үйіне барып, қызмет көрсету құны – 1000 теңге. Бұл – медициналық талдаулардың ақысынан бөлек төленетін төлемақы. Егер 15 мыңнан жоғары сомаға тапсырыс берілсе, онда бару ақысы тегін. Мұнда қызмет құнын қолма-қол, банк карталары арқылы да төлеуге жағдай жасалған.  

 

– Талдау тапсыратын адамның үйіне  қызмет медициналық  талдаудың барлық түрі бойынша көрсетіледі деуге болады. Тек арнайы дәрігердің өзі алуы тиіс талдауларды ғана алмаймыз. Әр талдаудың бағасы әртүрлі. Қан талдауы 600 теңге болса, несеп талдауы 690 теңгені құрайды. Дегенмен біздегі баға ай сайын өзгеріп отырады. Нақты ақпаратты «іnvіtro.kz» сайтынан алуға болады. Мүгедектер, ардагерлер және зейнеткерлер арнайы бонустық бағдарлама бойынша қызметімізге жүгінгені үшін 10 пайыз бонус ала алады. Сонымен қатар барлық тұрғындарға арналған түрлі акциялар да жүріп тұрады, – дейді «ІNVІTRO» медициналық зертханасының оңтүстік аймақ бойынша аға әкімшісі Эльмира Юнус.

 

Қысқасы, ресейлік компанияның бұл тәжірибесін өзіміздің жергілікті медицина орталықтары да қолға алса, медицинамыздың одан әрі дамуына сеп болар еді. 

   

М. ИБРАЕВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ