Үйленуге ынталандыратын бағдарлама керек сияқты

03.01.2019
Қаралды: 74

Бүгінгі күні ел ішінде тұрмыс құрмай, салт басты атанып жүрген жүрген қыздарымыз көп. «Ешқашан күйеуге тимеймін, өз арбамды өзім сүйреп жүре беремін. Уақыты келгенде өзім үшін біреуден туып алармын», – дейтіндер де жоқ емес. Ондайды қалыпты жағдай деп қабылдайтын заманға де жетіп қалған сияқтымыз.

 

Өз басым жасы 40-қа таяған бір әйелді білемін. Басы бос. Жуырда ғана дүние салған науқас әкесіне қарайлаймын деп  көштен қалды. Анасы ертеректе көз жұмған. Әкесі о дүниелік болған соң «жалғыз тұруға қорқамын» деп қаладағы жалғыз бауырының қолына келіп тұрақтады. Келіні шайпаулау. Ара-тұра сөзге келіп қалатыны тағы бар.

 

«Маған тұрмысқа шық» деп айттырып жүргендер де жоқ емес. Дені – әйелінен ажырасқандар. Бірақ көзді жұмып кете бергісі келмейді. Айтуынша, бірінің түрі реңсіз әрі тәпелтек болса, енді бірі тым семіз әрі ауылда қой бағады екен. Қой бағатынының негізгі кәсібі – мал бордақылау. «Малы бар адамның жағдайы да жаман болмағаны ғой. Неге бас тартасың?» деушілерге айтар жауабы: «Ой, ауылда тұрғым келмейді». Кейбіреулермен арада мынадай диалог өрбиді: «Ауылда тұрмасаң, күндердің күні қалаға келерсіңдер. Үйленіп, үй болып кеткен соң барлық мәселені бірлесе отырып шешуге болады ғой». «Ол маған ұнамайды. Ұнайтын бір жігіт бар...» «Енді соған тұрмысқа шықпайсың ба?» «Оның әйелі, төрт баласы бар және ол менің ұнататынымды білмейді». «Ақымақ-ау, ол сен үшін отбасын тастап, ғайыптан алдыңа келмейді ғой». «Білем, бірақ соған ұқсайтын, сол секілді жігітті күтіп жүр­мін...» «Өзің білесің. Бірақ сен махаббаттыңды күтіп жүргенде бала туатын жастан өтіп кетесің. Одан соң үмітіңді үзе бер. Аналық сезімді бастан өткермеу одан да ауыр».    

 

...Бұл танысым ақкөңіл әрі аңғал. Балалардың да тілін тез табады. Бірақ кездескенге көңілі толмай, уақыт өткізіп жүрген жайы бар. 

 

Осы секілді уақыты келгенде теңін тауып үлгермеген аруларымыз бүгінде азаймай отыр. Бірі мансап қуғысы келсе, енді бірі отбасылық мәселелерден бойын аулақ салғысы келетіндер. Отбасының тіршілігін күйттеп барып, өз қамын ойлайтын аруларымыз да «кәрі қыздардың» қатарын толықтырып жүргені жасырын емес. Сөйтіп жүріп көңіліне дөп келетін күйеу таппай сан соғады.

 

Тек «отырып қалғандар» ғана емес, бүгінгі күні жас қыздар мен жігіттер «жақсы жігіт жоқ», «үйленетін қыз жоқ» деп сылтау айтады. Барған сайын бұл мәселе қоғамның айықпас дертіне айналып бара жатқандай.

 

Сонда қыз да, жігіт те жоқ болса, олардың бәрі қайда жүр? Жоқ емес, бар. Тек сол жұпсыз «жартыларымыз» таңдау­ды созып алып, жалғыз қалып жүр емес пе? Өкінішті-ақ. Мүмкін осы құбылысқа әлеу­меттік сараптау жүргізіп, жалғыз-жарым жүр­ген­дерді отбасын құруға ынталандыратын қандай да бір жағдайды мемлекеттік деңгейде жасау да керек шығар? Кім біледі...

 

М. ӘМІР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ