Иттің сорпасын ішіп, қуырдағын жегенді көрдік

04.01.2019
Қаралды: 1061

Шымкент қаласында бірнеше корей мейрамханалары бар. Соның біріне жолымыз түсіп, олардың қандай еттен тамақ әзірлейтінін, әрі оны қайдан алатынын білуге қызығушылығымыз оянды. Кафеде адам едәуір бар екен. Көпшілігі өзге ұлт өкілдері.

 

Мәзірді мұқият қарап, әрбір тағаммен танысып отырғанымызда қарсы беттегі үстелге екі қазақ кісі жайғасты. Келген даяшыға екеуі де иттің сорпасын әкелуді тапсырды.

 

Біздің де жанымызға ұлты кәріс тағы бір даяшы жақындады. Орысшалап: «Что будете заказывать?» – деп сұрады. «Иттің сорпасы бар ма?» – дедік. Түсінбеген соң орысшалауға тура келді. Ары қарай сөзіміз орыс тілінде өрбіді.

 

– У нас есть суп собачки.

– Бұл сорпаның атауы қалай?

– «Пасинта».

– Мәзірде жоқ қой?

– У нас ее нету в меню.

 

«Пасинта» «менюге» енбесе де табылады екен.

 

– Иттің етінен ғой? – деп тағы сұрадық.

– Конечно.

– Қайдан аласыздар? Кім әкеледі?

– К нам завозят. Но не могу дать информацию.

 

Даяшы жігіт ит етінің қайдан келетінін айта алмады.

 

Ит етінен жасалған сорпа мен қуырдағы қалай болады деп «комплексті» ас алдыруға бекіндік. Бұл уақытта әлгі ағалардың тапсырысы да келді буы бұрқырап. Қарайлап отырғанымызды бай­қады ма, біреуі: «Пасинтаны» бірінші рет ішкелі отырсыз ба?» – деп сұрады. Басымызды шұлғыдық. Ол: «Ем үшін», – деп ыстық сорпаға келімдәрі, қызыл, қара бұрыштарды көбірек салып, ішу керегін айтты. Өздері айына бір рет осы мейрамханаға жақын жердегі моншаға түсе сала, денсаулыққа таптырмас ем деп аталмыш сорпаны ішіп тұрады екен. Қызара бөрткен екеуі дем арасында үлкен ыдыстағы сорпаны тауысып, қуырдаққа кірісті. Сол кезде біздің тапсырыс та келіп үлгерді.

 

Бір тәрелкеде аскөк пен пияз, қасында шағын ыдыста қуырдақ пен сорпа бар. Бұрын-соңды ішіп көрмеген соң бұл тағамды сіміріп тастау қиын еді. Неге екені белгісіз, көз алдыға сары түсті ит елестей берді. Оның себебін кейін білдік.

 

Сонымен асымызды түрткілеп, неден бастарымызды білмей отырмыз. Ағалар да «қайтер екен» дегендей жымың-жымың етіп қарайды.

 

Су татыған, тұзсыз сорпаның ішінде ұсақталып бөлінген тал-тал ет жүр. Қаракесек ет пен сүйекті тек қуырдақтан көрдік. Үстелдің бір бұрышындағы бес-алты түрлі дәмдеуіштерді қосып, әйтеуір дәмін келтірген болдық. Қышқылтым, тым сұйық сорпаны үш-төрт ұрттағанымыз болмаса, тауысып іше алмадық. Қуырдақтың реңі тәуір секілді дегенімізбен оның да дәмі ұнай қоймады. Қарсы үстелдегі жаңағы екі кісі «көзді жұмып, шайнай беру керек» деп тағы кеңес айтты. Сөйт­сек те жөн шығар деп бір кесек етті ауызға апара бергенімізде ішінен бір түйір қылдың шыға келмесі бар ма? Ұшынудың аз-ақ алдында отыр­ған бізге мынау «жұдырық» болып тиді. Осы сәтте: «Иттің түсі де белгілі болды. Сары төбет екен», – деп тұр ағаның бірі. Ол кісінің жанымызға келгенін бай­қамай да қалыппыз.

 

Қайтуға оқталып, десе де тамақта жүрген қыл-қыбырды айтпай кетуді жөн көрмей басшылықтың орнындағы маманға жолықтық. Жағдайды білген соң кешірім сұрап, бұдан кейін тазалыққа барынша мұқият болатындарын жет­кізді. Есеп айырысып тұрып бұл кісіден де иттердің қайдан жеткізілетінін, кімдердің соятынын, неліктен иттің сорпасы мәзірге енбегенін сұрадық. Бірақ алған жауабымыз мардымсыз. Басшылық біледі дегеннен басқа есті­геніміз жоқ.

 

«Ойпырмай, пайда көзін іздеген кәсіпкерлердің көзіне көшеде қарғы баусыз қаңғып жүрген тө­беттер түсіп жүрген жоқ па екен?» деген күдік ұялады. Өйткені қоқыс жәшіктерін торуылдап жүретін ит-мысықтарды қаланың кез келген жерінен кездестіруге болады. Ал ешбір құжаты жоқ, ауру-сырқау төрт аяқтылардың етін осындай мейрамханалар пайдаланып жатса қауіпті ғой.

 

Кейбіреулер «жерді қар бас­қанда ғана ит сойып жеу керек» дейді. Олар бұл кезде иттің тазарып, адамның бойындағы ауруларға шипасы болатынын айтады. «Иттің етін жесең, тұмау болмайсың», «Туберкулезге де таптырмас ем» деген де сөз ел арасында айтылып жүр.

 

Халқымыз итті адамға адал дос санап, үйін де, малын да сеніп тапсырған. Оны жеті қазынаның біріне жатқызғанмен, зиянды жақтарын да білген. Сондықтан иттің етін жеуді зиян деп, одан аулақ жүруге тырысқан.

 

Қысқасы, төбетті қорғайтын заң бар деп қана емес, иттің етін жеу қанымызда болмағандықтан, обал-сауапты білгендіктен де бұл жануарға тәбетіміз оянбай-ақ қойсыншы!

 

Д. ҚҰДАЙБЕРГЕНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ