Білім саласының көсегесі қайтсек көгереді?

02.01.2019
Қаралды: 360

Соңғы кезде білім саласы туралы әңгіме қозғал­ғанда мына екі мәселені айналып өту мүмкін болмай қалды: бірі – мектептерді жан басына шағып қаржыландыру да, екіншісі – басшы кадрларды өңірден тыс жерден әкелудің дұрыс-бұрыстығы. Мұның біріншісі осыдан 8 жыл бұрын – 2010-жылдың 7-желтоқсанында қабылданған «Қазақстан Республикасында 2011 – 2020-жылдарда білім саласын дамытудың мемлекеттік бағдарламасында» атап көрсетілген еді.

 

Аталмыш бағдарламадағы осы проблеманы кезінде жоба күйінде де, құжат статусын ал­ғаннан соң да ешкім талқыға салған жоқ еді.  Десек те ештен кеш жақсы. Алдымен моральдық-психологиялық тұрғыдан, кейін ұйымдық-құ­қық­тық тұрғыдан мә­селені пісіріп алуымыз керек. Әлемдік тәжірибеде мұндай қаржыландыру түрі бар. Даму жолы ұқсас болған соң біз де түбінде сол жол­ға түсеміз. Тікелей қаржыландыру министрлік тарапынан бола ма, жоқ әлде жергілікті қаржы органдары арқылы бола ма?

 

Қай елде болсын мектептер мемлекеттік, жеке және аралас меншіктегі болып жіктеледі. Елдегі және оның өңірлеріндегі ерекше­ліктер мен қалыптасқан алуан түрлі жағдайларға байланысты олардың бәрінің өз орны, өз жөні бар. Сонда аралас меншіктегі мектептерге мемлекет қаржыландыруды қалай жү­зеге асырады?

 

Мемлекеттік мектептерге келсек, оларды да оқушы санына қарай қаржыландыру – мек­тептің өзіне кең қаржылық маневр құқығын беру ғана емес, әділеттілік үрдісіне де сай келеді. Неге әр бала үшін бөлінген бюджет қаржысы әр мектепте (мен­шігіне қарай)  әртүрлі көлемде болуы керек? Неге бір жерде бір сыныпта 40-50 бала оқиды да, бір жерде олардың са­ны одан екі есе аз болуы керек? Мектеп басшылығы жетіспейтін оқу алаңының көлемін жалға алса да, басқа жолын тапса да сыныптағы оқушы саны талапқа сай болуы керек. Жаңа қаржыландыру жүйе­сіне өтердің алдында алыс-жақын елдердің осындай тәжірибесін тереңінен зерттеу керек. Бұл істі кәсіби педагогикалық мамандарға, сала ғалымдарына жүктеген дұрыс.

 

Көтеріліп жатқан жан басына қарай қаржыландыру мә­селесі жақын арада шешіле қоюы екіталай. Бұл пилоттық жоба (Астана және Шымкент қалаларының мектепте­рін қамтитын) қашан басталады, қашан қорытындыланады, өзін-өзі ақ­тай ма? Бұл – алдағы уақыттың ен­шісі. Нәтижесі оң болған жағдайда заңдар мен заңнамалар, норма­тивті шешімдер легін сараптап қа­был­дауға да әжептеуір уақыт керек.

 

Жаңа қаржыландыру жү­йесін бір мезетте жаппай енгізу де мүмкін емес. Оның үстіне сыныптар саны да, ондағы оқушылар саны да аз мектептер бар. Оларды жан басына қаржыландыру мүмкін емес. Осы себептерге байланысты әлі де қолданыстағы білім саласын қаржыландыру жүйесі біраз уақыт өз міндетін  атқара бергені дұрыс. Қай тірлікте болса да  көлденең шыға келетін проблемалар аз болмайды. Сондықтан да тиімді жаңалықтарға, жетіл­дірілген ұйымдастыру форматтарына бет бұру өте қажет. Бірақ «жеті рет өлшеп, бір рет кес» деген қағиданы есте ұстаған дұ­рыс. Онсыз да білім саласындағы сансыз, сәтсіз реформалар шаршатты емес пе?

 

Орта білім беретін оқу орындарын тікелей және жан басына есептеп, орталықтандырып қаржыландырған жағдайда жергілікті білім бөлімдері мен басқармаларының функционалды мін­дет­тері күрт азаяды. Осы себепке байланысты оларды тарату не реформалау күн тәртібіне өзінен-өзі ене­ді. Оқу орнындағы ұзақ жылдық басшылық тәжірибемде аталмыш құрылымдардың оқу, тәрбие үдері­сінде және басқа да бағытта нақ­ты пайдасын көрген емеспін. Есе­сіне зияны шаш-етектен.

 

Әрине, оқу саласындағы жергі­лікті мемлекеттік басқару құрылымдардың жұмысында позитив атымен жоқ деп баға беруге де болмайды. Десек те оның орнын толтыру онша қиын емес сияқты. Министрліктің өңірлердегі бақылау департаменттерін таратып, олардың орнына өкілдіктер тобын құру – қолдауға тұрарлық әрекет. Осыған қоса ғылыми және әдістемелік орталықтар ашса, же­тіп жатыр.

 

Білім саласының жұмыс нәти­жесіне көпшіліктің бейжай қарай алмайтыны да түсінікті. Сондықтан да басқарушы кадрларды шеттен әкелу, не әкелмеу мәсе­лесі де қоғамдық пікірдің әр кезде назарында. Құқықтық шешім­дер бо­йынша да, қалыптасқан дәстүр бойынша да шеттен әкел-әкелме деген қатып қалған талап жоқ. Десек те жергілікті кадр­ларға басымдық  берген көп жақтан қолайлы. 

 

Шеттен алуан түрлі мамандарды, басшы кадрларды үй беріп, жағдайын жасап әкелу – кеңестік кезеңнен қалған стереотип. Сөйте тұра бірен-саран басқа өңір­лерден шыққан кадрлар бізге келсе, неге оны қызғануымыз керек? Өткен жылы облыстық білім басқармасына басшы табылмай ұзақ уақыт конкурстан конкурс болған жоқ па? Қалалық бас­қармаға да жаңа леп, жаңа бастамалар, жаңа мәдениет әкеледі деген сеніммен Астанадан бір басшы келсе келген шығар. Мә­селе – ол сенімді  ақтай ма? Бар келеңсіздіктермен, кемістік­термен күресуге  шамасы, қалауы жете ме? Қай жерден екені емес, әңгіме адалдығы, кәсібилігі, жұмыс нәтижесі жөнінде болуы керек.

 

Алдағы уақытта да Қазақстанның барлық өңірлерінде кадрларды, мамандарды өзара араластыру арқылы ұлттық бірлікті нығайту – ұлттың менталитетін, әдет-ғұрыптарын, психологиялық кейпін біртектілендіру мақсатын жүзеге асыруда басты факторлардың бірі болып табылады. Білім саласын жайлаған коррупциялық құбылыстарға қарсы ша­ра ретінде де өз орны бар.

 

       Сапарбек САХОВ,

тарих ғылымдарының кандидаты.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ