Әннің атын ұрлау – қылмысқа барабар іс

03.01.2019
Қаралды: 321

Кейінгі жылдары «Өмір-өзен» деген атпен сегіз ән жарияланыпты. Бұл ән осыдан 48 жыл бұрын дүниеге келген. Сөзін жазған мен болсам, әнін шығар­ған Шәмші Қалдаяқов еді.

 

1979 жылы Ескендір Хасанғалиев екеуміз бірлесіп, «Айналайын» деген халыққа кең тараған ән жазғанбыз. Қазір бірнеше «Айнала­йын» деген ән салтанат құрып тұр.

 

Әнді нотаға түсіру және оқу жағынан ең төменнен санағанда бірінші орын алсам да, әнін де, сөзін де өзім жазған, бір кездегі тыңдармандардың құрметіне бө­ленген «Жұбайлар жыры», «Гүлдәурен», «Мен саған ғашық едім», «Қазақ дастарханы», «Қазақ тілі», «Туған күн кешінде» атты әндерім бар-тын. Бүгінгі таңда нақ осындай атпен бірнеше әндер орындалып жүр. Өткен жылы менің «Туған күн кешінде» деген әнімді, ән орындау жағынан бүкіл дүние жүзінде тең­десі жоқ абырой биігіне көтерілген Димаш Құдайбергеннің қазақ, ағылшын тілінде орындағанын көріп, жұрттың көбі сүйсінді.

 

Тағы бір қызық оқиға. «Туған күн кешінде» атты әнімді Қытай елінде тұратын саны 20 миллионнан астам ұйғыр халқының бір өкілі ұрлап алып, өз әні етіп жіберіпті. Аз жылда ән ұйғыр ба­уырларымыздың ең көп айтылатын сүйікті әніне айналыпты. Сол өлкедегі менің бір жанашырым «Бұл не масқара, ұры жігіт ән авторынан бүкіл халық алдында кешірім сұрамаса, халық­аралық сотқа шағымданамыз!» деп айқай көтеріпті. Қытайдағы Үрімші қаласында телеарнадан көрсе­тілген менің үлкен ән-жыр кешіме әлгі жігіт арнайы келіп, «Туған күн кешінде» әнін ұйғыр тілінде нәшіне келтіре орындап, менен және тыңдармандардан кешірім сұрады.

 

Ән – қысқа ғана дүние. Оның тақырыбын ұрлап ән шығару – қыл­мысқа барабар іс.

 

Жанкүйерлерімнің бірі – Сәуле Ахметова Алматыдағы Қазақстан авторлары қоғамына барып, жоғарыда аттары аталған әндерді тексерткен екен, маған бір тиын қа­лам­ақы түспепті. Бәрі кейінгі тақырып ұрлаған адамдардың қалтасына құйылыпты.

 

Менің жан аяспас аға-досымның Шыңғыс Айтматов болғанын сол кездегі жұрттың бәрі біледі. Екеуміз бірлесіп, «Құз басындағы аңшының зары» («Ғасыр айырығындағы сырласу») атты кітап жаз­ғанбыз. Бұл кітап дүниежүзінің барлық басты тілдеріне аударылды.

 

Ш.Айтматов шығармалары әлем­нің 191 тілінде жарияланыпты. Көзі тірі шағында ғаламның осыншама көп тіліне аударылған Айтматовтан өзге ешкім жоқ екен.

 

Ал мен әлемнің 120-ақ мемле­кетінің сыйлықтарын алыппын. Әр мемлекет үш-төрт сыйлықтан беріп­ті. Бұған қоса Америка, Англия, Франция, Германия, Жапония, Ресей, Украина, Монғолия, Түркия, Пәкістан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Өзбекстан және басқа да мемлекеттер мені ғылым докторы, профессоры, академигі атақтарымен марапаттапты. Алған сыйлықтарымның бәрін санасақ, бірнеше мыңға жетіп қалады екен.

 

Көп жыл бұрын Қазақстан маған «Халық қаһарманы» атағын бергенде: «Бұл күнде еліміздегі түрмеде шіруге тиісті кез-келген ұрының ең кем дегенде екі орден, үш медалі бар. Солардың қатарында жүргім келмейді!» деп атақтан бас тартқанымды сол кездегі жұрттың көбі біледі.

 

Ш.Айтматовтың о дүние сапарына аттанғанына 10 жылдан асып барады. Өткен жылы Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында Ш.Айт­матовтың 90 жылдығына орай, отызға жуық мемлекеттердің өкілдері қатысқан үлкен жиын болды. Сол жиында жасаған баяндамамда мен Ш.Айтматовтың кейінгі әйелі Ма­риямның пендешілігіне айрықша тоқталдым.

 

Ш.Айтматов екеуміз бірлесіп жазған «Құз басындағы аңшының зары» («Ғасыр айырығындағы сырласу») атты кітаптың қырғызша шыққан нұсқасында және Айтматовтың 9 том болып орысша басыл­ған шығармалар жинағына енген біздің ортақ еңбегіміздің 25 парағы, яғни Айтматовтың ерекше қадір тұтқан ғашығы, қатерлі ісіктен көз жұмған Бүбісара туралы айтқандары, әрі оны екеуміздің бірлесіп тал­қылаған­дарымыз түгел алынып тас­талған. Ең қызығы, Ш.Айтматовтың музейін­де де, тіпті туған үйінде де, екеуміз бірге түскен жүзден астам сурет­тердің бірі де қойылмаған. Егер Мариям мұны Айтматовтың тірі ке­зін­де жасаса, әңгіме басқа. «Осындай пендешілігі үшін Мариям және оның кенже ұлы Эльдар халық алдында кешірім сұрамаса, кітап иесі қос автордың бірі ретінде халық­аралық сотқа шағымданамын!» деп мәлімдедім.

 

Қырғызстан республикасының қазіргі Президенті Сооранбай Шә­ріп­ұлы Жээнбеков ерекше азаматтық мінез көрсетіп, мені қолдап сөй­леп, Мариямның пендешілігін сын­ға алды.

 

2015-жылы Қытай Халық Республикасының Шанхай қаласында 150-ге жуық мемлекеттердің өкілдері қатысқан халықаралық кітап жәр­мең­кесінде, қытай тіліне Қайша Тәбәрікқызы аударған «Құз басындағы аңшының зары» («Ғасыр айы­рығындағы сырласу») «ХХІ ғасырдың ең озық, парасатты кітабы» деген атаққа ие болды. Бірақ бұл туралы Қазақстанның бір де бір баспасөзі, телеарнасы жұмған ау­зын ашқан жоқ. Базбіреулер өзі туған кішкене ауданның «Құрметті азаматы» атанса, оны баспасөз де, телеарналар да жарыса хабарлайды.

 

Менің өте үлкен «кемшілігім» бар. Ол қандай «кемшілік»? Ол – ешкімнің бет-жүзіне қарамай, шындықты айтып салатыным. Басшылардың бірінің: «Баспасөзде, телеарналарда М.Шахановтың есімін және оның атқарған істерін атап көрсетуге қатаң тиым салынады!» деген жасырын тапсырмасы бар. Яғни мен өз елімде Кеңестер Одағы кезіндегі «халық жауы» деп бағалан­ған адамдар секілдімін.

 

Енді 2007 жылы 2 мыңға жуық адам қатысқан, Бішкек қаласында Ш.Айтматов екеумізбен өткен үлкен кездесуде айтқан және баспасөзде жарияланған Шыңғыс Айтматовтың мына сөзіне назар бұрып көріңіз­дерші:

 

«М.ШАХАНОВ ТУРАЛЫ АЩЫ ШЫНДЫҚ. Мұхтар Шахановтың өлеңмен жазылған «Өркениеттің адасуы» және «Жазагер жады космоформуласы» («Шыңғысханның пенделік құпиясы») атты романдарын ЮНЕСКО «Әлемдік поэзияның осызамандық биігі» деп бағалады. Бір шығарманың өзіне отызға, қырық­қа жуық романдардың оқиға­сын шеберлікпен сыйдырған бұл туындылар туралы аз уақыт ішінде Германияда 400-ден астам биік мазмұнды мақалалар шыққанын, тіпті «Жазагер жады космоформуласы» («Шыңғысханның пенделік құпиясы») атты романын неміс аға­йындардың Нобель сыйлығына ұсын­­ғанын жұрттың көбі біле бер­меуі мүмкін.

 

Жасырып қайтеміз, ЮНЕСКО-да М.Шаханов шығармашылығына арнал­ған, мен баяндама жасаған үлкен жиынға 9 Нобель сыйлығының мүшелері келіп қатысып отырды. Сонда олардың бірі Шаханов­қа жақындап, аудармашы арқылы «Біз сізге Нобель сыйлығын беруді шешіп қойдық!» деді. М.Шахановтың қасында Қазақстанның Франциядағы Елшісі отырған. Ол бол­ған әңгімені сол кездегі басшылардың біріне жеткізіпті. Олар «Жазагер жады космоформуласы» («Шың­ғысханның пенделік құпиясы») романына байланысты 80 газетті жапты. Шыңғысханның қазақ екендігі, оған Шахановтың жала жауып отырғандығы жайлы мақалалар қаптады. Сол кезде мен: «Бұл әлемдік деңгейде мойындалған шығарма ғой» деп Шахановты қорғап мақала жазып едім, бүкіл Қазақстан газеттері маған жабылды. Мен жазушы емес екенмін, алаяқ екенмін, шығармаларымның көпшілігін қазақ жазушыларынан ұрлаппын...

 

Сол кездегі мені, Шахановты жамандаған және Қасым Қайсеновтен, Сафуан Шаймерденовтен бастап бізді қорғаған, қолдаған қалам­гер­лердің, қоғам қайраткерлерінің мақалаларын жинақтасақ, қарны қа­бақ­тай 25 томнан асады екен. Тек қазақ, орыс тілдерінде баспа­сөзде Мұхтар Шахановтың «Жазагер жады космоформуласы» («Шың­ғыс ханның пенделік құпия­сы») атты романын даттап немесе қорғап, мақтап, 52 мың 700 адам пікір білдірген екен. Мен Мұхтарға «Бүкіл жер шарында дау мен дақпырт­тың, жаланың астында қалған, саған ұқсас бір де бір ақын, жазушы жоқ шығар...» дегенім бар. Бұл айна-қатесіз ащы шындық...»

 

Ерте ме, кеш пе жұрт білуге тиісті менің өмірімнің осындай өкінішті әрі қызық тұстары бар...

 

Мұхтар ШАХАНОВ,

Қазақстанның халық жазушысы,

Қырғызстанның халық ақыны,

«Түркітілдес халықтар арасындағы

ең үздік әлем ақыны»

сыйлығының иегері.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ