«Қазақстан көп ұлтты мемлекет» деген қағидатты өзгертуіміз керек»

03.01.2019
Қаралды: 467

Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты: «Қазақстан көп ұлтты мемлекет» деген қағидатты өзгертуіміз керек»

 

Қарағандыдағы қанды оқиға ешкімді бейжай қалдырмағаны анық. Өрімдей жас азамат қанішерлердің қолынан ажал құшты. Барлық туған-туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын. Қанішерлер тиісті жазасын алуы тиіс.

 

Жалпы, «Қазақстан көп ұлтты мемлекет» деген қағидатты өзгертуіміз керек. Ықылым заманнан бері Қазақстанда мекендейтін, қазақ мемлекетін құрайтын, ұланғайыр даланың иесі де, киесі де бір- ақ ұлт бар, ол – қазақ ұлты. Қалғандары – этникалық диаспоралар. Олардың барлығының дерлік өз отандары бар. Қазақтың Қазақстаннан басқа Отаны жоқ. Сондықтан да қазақ ұлтының мүддесі тек осы елде ғана қорғалады.

 

Әлемде этникалық аз топтарға барлық жағдай жасалған мемлекет Қазақстан ғана. Тек Қазақстанда ғана, үлкен өкінішке орай, мемлекеттік тілді білмей-ақ мемлекеттік қызмет атқаруға, бизнес жасауға болады. Соны бағалап, қадірлей білмеген өзге этностардың кейбір өкілдеріне тарихи отандарыңа жолдарың ашық дегім келеді.

 

Кеше Армения парламентінің  депутаты  Э.Марукян Армениядағы Қазақстанның елшісін шақыртып, «Қазақстандағы армяндарға көрсетіліп жатқан қысымдарға» байланысты түсіндірме беруін талап етіпті. Бұл – Қазақстанның ішкі істеріне қол сұғушылық» Бұған біздің Сыртқы істер министрлігі тез арада тиісті ресми жауабын беруі тиіс.

 

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ