Атына заты сай жігіт болған екен

01.01.2019
Қаралды: 586

Кешегі Қарағандыдағы оқиға кезінде қаза болған Рақымжан Жансейіт небәрі 23 жаста болатын. Ол отбасында өскен екі қыз, үш ұлдың ішінде ұлдардан екіншісі екен. 2013 жылы Қарағандыдағы агротехникалық колледжден механик мамандығын алып шыққан. Сосын Шұбаркөл кентінде күзетте жұмыс істеп жүріпті.

 

Әкесі оны «көпшіл бала еді» дейді. Достарының аузынан ұлының тек жақсы жағын ғана естігендігін айтады. Өзі спортқа жақын болыпты. Ауылдағы спорт кешендеріне жиі бас сұғып, жаттығып жүреді екен. Алға қойған мақсаттарымен де ұдайы бөлісіп отырыпты. Көлік ал­ғысы келген, былтыр әкесімен бірге іргетасын қалап қойған үйдің құрылысын ертерек аяқтасақ дейді екен. Осы жылдың жазында үйленсем деген жоспары да болыпты.

 

Рақымжан қаза болған соң алғашында «мейрамханада отырыпты» десе, кейінірек «сол түні қарындасын мейрамханадан әкетуге барған екен» деген әңгіме әлеуметтік желіде желдей есті.

 

Шындығында мәселенің қалай болғандығы туралы «Замананың» тілшілеріне Рақымжанның әкесі Бақытжан Рахманұлының өз аузынан естудің сәті түсті.  «Иә, неше түрліні жазып жатыр ғой. Менің де олай-бұлай деуге уақытым болмай кетті. Шындығында оның бәрі жалған сөздер», – дейді ол кісі. 

 

Қарындасы деп отырғаны Рақымжанның әкесінің әпкесінің қызы екен. Оның сол мейрамханада болғаны рас көрінеді. Оның сонда отырғанынан Рақымжанның өзі де хабардар болыпты. Бірақ Рақымжанның онда барудағы мақсаты мүлде басқа болған. Ол қарындасын  әкетуге емес, достарына көмектесу ниетінде барыпты.

 

– Рақымжан Жаңа жыл мейрамын жылда достарымен бірге сыртта қарсы алатын. Бізге таяу жерде қара шаңырақ­та шешеміз тұрады. Былтыр сол апасы­ның үйінде болды. Жаңа жылды бізбен қарсы алғаны биыл ғана. Рақымжанның Қарағандының маңайында да дос­тары көп болатын. Қазіргі біз тұрып жат­қан Бұхар жырау ауданының Жаңаөзен ауылына 2008-жылы көшіп келдік. Прихшахтинскийде тұрғанымызда да жолдастары жетерлік еді.

 

Рақымжан 31-і күні түнгі 12-ні отбасымен бірге қарсы алған болатын. «Биыл­ғы Жаңа жылда қастарыңызда боламын. Рас, ешқайда бармаймын», – деп өзі де бізге айтып жүрген. Содан үйге келген бес досы ұлыма дискотекаға барайық деген өтініш айтады. Рақымжан: «Бұл жолы үйде боламын, шықпаймын. Әйтпесе әке-шешем ренжиді», – десе де жолдастарының көңіліне қарағыштайды. Түнгі 00.30-да үйден шығып, достарымен бірге ауылдағы ойын-сауық орындарының біріне бас сұғады.

 

Ал жаңағы Михайловский ауданындағы «Древний Рим» деген армяндардың  мейрамханасында ауылдың 3-4 баласы отырады. Солар армяндармен өзара жаға жыртысып қалады. Сөйтіп олардан бұ­лар­ға «бізге жабылып жатыр» деген қо­ңырау түседі. Содан дискотекада жүрген бұлар әлгілерге көмек­тесеміз деген ниетпен 15 бала болып жиналып, үш көлікке бөлініп мінеді де, сол жақтан бір-ақ шығады. Соның ішін­де, әрине, менің ұлым да бар. Балам қақтығыс кезінде тіпті күртешесін де ки­мепті, жемпірмен ғана жүр. Оны полиция қызметкерлері көрсеткен бейнебақылаудан көрдім. 

 

Бізге: «Осындай жағдай болды. Рақымжанды таба алмай жатырмыз», – деп хабар келгеннен кейін досымды шақырып алып, соның көлігімен оны іздеуге шықтық. Жолай ауруханаларды қарадық. Осы төбелеске қатысып, пышақталған бірнеше балалардың арасынан Рақымжанның аты-жөні шықпаған соң Май­құдықтағы екінші ауруханаға бардық. Қақтығыстан жеңіл жарақат алғандар ол жерде  де бар екен.   

 

Таба алмаған соң оқиға орнына бардық. Бізбен бірге Рақымжанның достары да жүрген еді. Олардың көлігі тоқтай сала артынша біз де тоқтадық. Олар сәл алдымызға түсіп, «фонарикпен» қарап жүрген болатын. Рақымжанның досы Бекзат: «Ағата-а-ай!» – деп айғай салған бетте жүгіріп бардым. Балам сол жерде жатыр екен. Жүрегін, тамырын ұстап көрдік, бірақ баланың денесі қатып қалыпты. Өзі намазға жығылғандай басы жерге тиіп қалған, тура сәждеде отырған секілді қалыпта көз жұмыпты. Нақ­ты білмейміз, бірақ пышақтаған соң оны сырт­қа шығарып тастаған болса керек. Тергеу барысында ол жағы анықталатын шығар, – дейді Рақымжанның әкесі. 

 

Ол кісінің айтуы бойынша, ауыл балалары негізі өте ұйымшыл көрінеді. Үлкен-кішісі бар, жас аралығына қарамай өзара сыйласып, араласа береді екен. Не нәрсе болса да бір-біріне хабарласып, мәселені бірге шешуге тырысатын көрінеді. Рақымжанның да бойында ұйымдастырушылық, лидерлік қасиет­тер болған екен.

  

– Осыған әкелген баланың рухының мықтылығы шығар... Соған туған бала болып тұр ғой. Оны жұрт та айтып жатыр. Кім баласын өлімге қияды дейсіз? Бірақ маңдайға жазылғаннан кете алмайды екенсің...

 

Енді ертең мұның арты соғысқа айналып кетсе, бір баланың артынан елдің қаншама баласы кетсе не болады деп, оны да ойлап отырмыз. Олар иіліп тұрып өзімнен де кешірім сұрады. Олар: «Бізді кешіріңіздер, бұл балалардың қателігінен болды. Қазақ жұртына біз қонақпыз, осы жерге сіңісіп кеткен ұлтпыз», – дегенді айтып жатыр. Мұнда бастысы – кінәлілердің барлығы тиісті жазасын алатыны белгілі.

 

Сондай-ақ тек Қарағандыдан ғана емес, бас­қа да қалалардан маған хабарласып: «Біз өзімізді көрсеттік, оларды орнына қойдық, наразылық көрсеткеніміз дұрыс болды» деп жатқандар да баршылық, – дейді Бақытжан Жансейітов.

 

Халық арасында сенімсіздік танытқандар болмасын деп ол кісіге барлық тергеу ісіне қатысып отыратын мүмкіндік беріліпті. Комиссия мүшесі ретінде өзі де тергеушілермен бірдей жүріп, жағдайды бақылап отыр екен.

 

Біз Рақымжанның досы Бекзат Баймағанбетовпен де тілдескен болатынбыз. Ол Рақымжанды былай деп еске алады:

 

«Ол ыңылдап ән айтқанды жақсы көретін. Спортқа жақындығы бар еді. Боксты ұнататын. Бір жылдай бірге күреске де қатыстық. Екеуміз 2009-жылдан бері дос едік. Рахымжан менен бір жас үлкен болғанымен бір мектепте оқыдық. Математикадан жақсы болатын. Мектепаралық олимпиадаларға қатысып, жүлделі орын алып жүретін. Мінезі ақкөңіл, ешқашан ешнәрсеге жоқ демейтін бала еді. Достары да өте көп болатын. Ауылдың үлкен-кішісі бар, бәрімен жолдас болды десем, қателеспеспін. Кіммен болса да бірінші болып өзі амандасатын. Қолынан келсе, ешкімнен көмегін аямайтын. Оны соңғы рет 31-інен 1-не қараған түні са­ғат екілер шамасында соңғы рет көрдім. Содан соң таңғы алтылар шамасы шы­ғар, «Рақымжан табылмай жатыр» деген хабар келген соң әкесімен бірге жүріп, ауруханаларды, төбелес болған жерді қарадық. Таңғы 8-дер шамасы болуы керек, жолдың арғы жағындағы үйілген қардың үстінде жатқан  Рақымжанның денесін тауып алдық».

 

...Рақымжан өмірден ерте озбағанда әлі талай белестерді бағындырар ма еді...  Енді тек жатқан жерінің жайлы, топырағының торқа болуын ғана Алладан тілей­міз.

 

М. ИБРАЕВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ