Қарағанды... Жұрт жүрегі жараланды...

06.01.2019
Қаралды: 462

Қарағандыда Жаңа жыл мерекесі түнінде болған қанды оқиға бүкіл елді ашындырды, толғандырды. Қаланың өзінде мыңдаған адам шеруге шығып, қаныпезерлердің қолынан қаза болған өрімдей жас қазақ баласының өліміне кінәлілердің жазадан құтылып кетпеуін талап етті. 

 

 

Сол кезде қаны қызған жұртшылыққа мәселенің заңды, өркениетті жолмен шешілуі керегін, арандап қалмауды айтып, басалқалық еткен, бұғып отырмай, оқиғаның бел ортасында жүрген, не болып жатқанын алғашқылар қатарында хабарлаған ұлтжанды азаматтардың есімі қазір елдің аузында.

 

Біз осы аса күрделі, алмағайып мәселенің басы-қасында жүрген азаматтардың бірі – қарағандылық Айтқожа Фазылмен байланыспақ болғанбыз. Оның сәті түспеді. Есесіне тағы бір ұлтжанды азамат – Жексен Әбдірахмановпен (суретте) байланыса алдық. Ол кісіге өзімізді толғандырған сауалдарды қойдық.

 

– Жәке, алғашқы күндерден бері оқиғаның бел ортасында жүрсіздер, сондықтан оның қазіргі беталысы туралы өзіңізден білсек деп едік.

 

– Қарсылығым жоқ. Бірақ уақытым тығыз еді.

 

– Онда кейінірек хабарласайық...

 

– Жоқ. Кейін байланыса алмай қалуымыз мүмкін. Нақты сұрақтарыңыз болса, қазір-ақ қоя беріңіз. Ертең ішкі істер департаментінде болатын шығармын.

 

– Не болып жатыр өзі? Айтқожа Фазыл ағамызбен де хабарласа алмадық, телефонын көтермейді...

 

– Айтекеңмен өзіміз де хабарласа алмай отырмыз. Бүгінгі армян диаспорасымен болған кездесуге де келмеді. Бір жаққа кетіпті деп естідік.

 

Қазір құқық қорғаушылар «активистерді» қолға ала бастаған сияқты. Мұхтар Тайжан Алматыда осы мәселеге байланысты «дөңгелек үстел» өткіз­бек еді, оны полицияға әкетіпті. Оқи­ға жөнінде хабар берген Майра Әбдірахманова деген қыз бар еді, нақты хабарлап отырған Айсұл­тан деген жігіт пен оның хабарламасын бөліскен бір қызды да полиция әкетті деп естідім. Сосын басшыларға халықты ашындырмасаңдаршы деп телефон шалдым. Ертең «ДВД»-ға баратын шығармын.

 

– Жалпы, оқиға кезіндегі жұртшылықтың қойған негізгі талаптары белгілі. Неліктен ондай талаптар қойылды? Ары қарай не болады?

 

– Жұрт көшеге ашынғаннан шық­ты ғой. Дегенмен армяндарды депортациялау керек, қуу керек дегенге өз басым қо­сылмаймын. Ол надандық болар еді. Мәселе орнымен шешілуі керек. Қазір билік жақсы жұмыс істеп жатыр. Оқиға мейрам күні орын алғандықтан дер кезінде әрекет етпесе де кейін дұрыс қимылдады. Өйткені олар да осы елдің азаматтары ғой.

 

Билікке қойылған талап: Адам өлі­міне кінәлілердің бәрі ұсталуы, тиісті жазасын алуы керек. Бірақ олай боларына сенімсіздік басым. Кінәлілер жазадан құтылып кетеді деп ойлайды. Оның үстіне қордаланып қалған проблемалар, қазақтың, қа­зақ тілінің проблемасы, ай­лық жалақыға қатысты, әлеу­­меттік, экономикалық мә­селелер де көп. Мем­лекеттік тілді менсін­бей­тіндер бар, билікке сеніп, қит етсе қазақты кінәлайды. Өзгелер ке­йінгі кезде басқаша тәрбие алды ғой, бізді билік қорғайды деп сенеді. Осының бәрі халықты ашындырады.

 

Бір мысал айтайын. Мәселен, жалға пәтер беретін кей­біреулер хабарламасында іздеушінің ұлтына мән беретінін ашықтан-ашық жазады. Өзіне хабарласқан іздеушінің дауысынан немесе фамилиясынан қазақ екенін білсе, оны пәтеріне алудан бас тартады. 1990-жылдары меншік­теп алған. Жұрт осыған да ашынады. Жалпы, бұл айсбергтің төбесі ғана ғой.

 

– Жалпы, Қарағандыда тағы қандай ұлт өкілдері тұрады?  Бұрын-соңды мұндай оқиғалар болған ба еді?

 

– Мұнда түрлі ұлт өкілдері тұрады ғой. Бұрын-соңды осындай оқиғалар оқта-текте болған да шығар. Ел іші тентексіз емес қой. Бұл жолы әлеуметтік желіде таралып, қоғамдық резонанс тудырды.

 

– Тендердің бәрін армяндар жеңіп ала­ды деп айтылып жатыр. Осы рас па?

 

– Ол былай: Кеңестік кезеңде мұндағы жол құрылысына қатысты  «ДСУ», «ДЭУ» деп айтылатын кәсіпорындардың көбін армян ұлтының өкілдері басқарған. Сосын олар өздеріне қарастыларды тартатыны белгілі ғой.

 

Бұрын жол құрылысына қатысты жұмыстарды солар істейтін еді. Кейін тендер деген ойынды жергілікті қазақ, орыс жігіттері де игерді. Дегенмен тендердің бағаны кім арзан берсе, соған бұйыратыны белгілі ғой. Сондықтан тендерді қазақ ұтса да, орыс ұтса да «субподрядчик» армянға бере салады. Өйткені олар жұмысты арзанға істейді. Таралған әңгімелердің түп төркіні осында жатыр.

 

– Ол жақтағы армяндардың бірде-біреуі қазақша білмейтін сияқты ғой. Негізі армяндар Қарағандыға қалай келіп, орнығып қалған?

 

– Иә, біреуі де қазақша білмейді. Кеше кездестік. Рақымжанның қазасына кінәлінің атасы, жасы 70-тен асқан екен, еңіреп жылап отырды. Қайтеді енді, ол немересін адам өлтір деп жұмсаған жоқ қой.

 

Бұлардың бәрі де жергілікті армяндар. Ертеректе, кеңестік кезеңде келген, 1986-жылы Кировакан, Спитакта болған зілзала кезінде келіп орнығып қалған. Ағайындары шақырғасын келеді емес пе?

 

Жалпы, бұл жерде армян деген әңгіме жоқ. Олар бізден артық та, кем де, бұзық та, бай да, кедей де емес. Кездейсоқ осылай болды. Біз осындай бір жайсыздықтың ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір жерден шығарын бұрыннан айтып жүргенбіз, қазаққа бетбұрыс жасау керек дегенбіз.

 

Қазір Қарағандыда бәрі дерлік өзара орысша сөйлеседі. Көшеден қазақша сөйлеген бала таппайсың. Тілдері орысша шығады. Ауылды жерден келген балалар «второсортный» болып қалады тілді білмегеннен. Осының бәрі халықты ашындырады ғой. Бұл оқиға осындай проблемалардың ашылып айтылуына да жол ашты.

 

– Әңгімеңізге рахмет, ұлт мүддесі үшін атқарып жүрген істе сіздерге қуат берсін дейміз.

 

...Қарағандыда орын алған жайсыз оқиғаның басы-қасында жүрген азаматпен арамызда осындай әңгіме өрбіді. Жексен Әбдірахмановтың  жасы таяуда ғана 58-ге толыпты. Өзінің айтуынша, «шопыр» болып жұмыс істейді екен. Әр нәрсеге сабырмен, байыппен қарайтыны байқалады. Ұлт мүддесі үшін қолынан келгенін жасап жүрген осындай азаматтар тұрғанда қазақ ешкімге есесін жібере қоймас деп ойладық.

 

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ