15 жасында алып қашудың құрбаны болған қыз

02.01.2019
Қаралды: 295

Оның не өзінің, не балаларының құжаты жоқ

 

 

Шымкент қаласының тұрғыны Зәмира Қантөреева 27 жаста. Ол он жылдан бері жеке куәлігін ала алмай жүр. Өзі Сайрам ауданында тіркелген. Осыған дейін оның бармаған жері, баспаған тауы қалмаған. Құжатының жоқтығы жанына батқан келіншек енді не істерін білмей дал болып отыр. Зәмирамен әңгімелесу барысында оның тағдырында «әттең-ай» дейтін тұстардың аз еместігін байқадық.

 

Оның айтуынша, анасы мен әкесі Шымкент қаласында бір жылдай уақыт бірге тұрғанымен, араларында заңды некелері болмаған. Жүктіліктің тоғызыншы айы тақағанда әкесі анасын ауылға алып келеді. Ақсукент ауылында босанған ол көп уақыт өтпей-ақ Зәмираны тастап кете барады. Сөйтіп кішкентай Зәмираны әкесінің анасы Шолпан Үсіпбекова 15 жасына дейін асырап-бағады.

 

«Шешемнің мені тастап кетуінің себебін де біл­меймін. Үйдегілерден сұрасам, жастықпен болған дүние дегенді ғана айтады. Анамның туған-туысқандары туралы да ештеңе білмеймін. Әкемнің айтуынша, оның аға-жеңгесі мен бір әпкесі болған. Өзі Шәуілдірдің қызы көрінеді. Содан басқа толыққанды ақпарат жоқ. Іздестіріп те көрдім. Базада да тіркелмеген, өлі-тірісі белгісіз», – дейді Зәмираның өзі.

 

Зәмираның туу туралы куәлігінде анасының есімі Қантөреева Гуля Тұрғарақызы деп көрсетілген. Аты болғаныме, затының жоқтығы Зәмираның жеке куәлік алуына кедергісін тигізіп отыр. Құжат алу мақсатында туу туралы куәлігі мен қажетті анықтамаларды жинақтап алып барған да екен, бірақ одан анасының құжатын әкелуін талап етіп отырған көрінеді. Себебі ата-анасы заңды некеде болмағандықтан Зәмираға анасының тегі берілген. «Қайда барсам да анаңның құжатын, тым болмағанда көшірмесін алып кел дегенді айтады. Ал мен ол кісіні қайдан табамын? Тұратын жерін білмеймін, туған-туыстарын танымаймын, тіпті суреті де жоқ. Ал әкемнің тегі бөлек. Оның әкем екенін қалай дәлелдеймін?» – деп ашынады бұл келіншек.

 

Одан жеке куәлігін әдеттегідей 16 жаста алмауының себебін де сұрадық. Осы кезде тағы да «ойпыр-ай» демеске шарамыз қалмады. Айтуынша, мектепке 8 жасқа жақындағанда барған Зәмираны 8-сыныпта оқып жүргенде күйеуге алып қашып кеткен екен. Ол кезде ол 15 жаста болған.

 

«Ағайын-туыстар «қайта келген қыз жаман» деп мені сол үйде қалдыруды шешті. Әкемнің басқа әйелмен бір ажырасып, бір қосылып жүргенде маған қарауға мұршасы болмады. Ал әжем болса ол кезде дүние салған. Басқа туыс­тарымның қатысы болған жоқ. Сөйтіп сол жақта қалып кеттім. Күйеуім өте қызғаншақ болды. Үйден шығармайтын, ешқайда жібермейтін. Мал бағатын. Бірақ көбіне-көп өзі кетіп қалады да, малға қарап мен қалатынмын. Сөйтіп жүріп дер кезінде құжат ала алмай қалдым», – дейді Зәмира бұл жөнінде.

 

Ол күйеуімен заңды некеге тұрмаған екен. Оған себеп тағы да құжатының жоқтығы еді. Тұрмысқа шыққан соң мектеп табалдырығын қайта аттамаған Зәмира сол күйі аттестат та ала алмайды. Ал кәмелетке толмаған қызды алып қашқаны үшін болған дау мәселе екі жақ өзара келісімге келген соң жылы жабылады.

 

Тоғыз жылдан кейін Зәмира жарымен ажырасып кетеді. Айтуынша, оның ішкілігіне, ұрып-соққанына шыдай алмаған екен. Ол кеткен соң күйеуі бұларды іздемеген, балаларды көруге келмеген көрінеді.

 

Зәмира – үш балалы ана. 2007-жылы 16 жасында үлкен қызын босанады. Бір жылдан соң екіншісін дүниеге әкеледі. Екі қызына да қажетті құжат кәмелет жасқа толмаған Зәмираның туу туралы куәлігі арқылы беріледі. Ал 2010-жылы 19 жасында үшінші ұлын босанады. Үшеуі де өзінің тегіне жазылады. Оған себеп болған заңды некенің жоқтығы бүгінде алимент өнді­руге де кедергісін келтіріп отыр. 18-ден асқан ол сол баяғы құжатсыздығынан үшінші баласына да туу туралы куәлігін ала алмайды. Нәтижесінде Зәмираның өзі ғана емес, жасы 9-ға таяған баласы да құжатсыз. Соның кесірінен кешеге дейін оны ешбір мектепке бере алмай жүріпті. Жақында жолы болып, біреулердің араласуымен кішісі әзер дегенде 1-сыныпқа қабылданыпты. Бірақ бір айдың көлемінде туу туралы куәлігін әкелуі тиіс екен. Бүгінгі күні екі қызы мен ұлы Шымкент қаласындағы №64 мектеп-гимназиясында білім алып жүр.

 

Қазір Зәмира айына 35 мың теңге төлеп, бір бөлмелі пәтер жалдап тұрып жатыр. Өзі үш баласымен үйде, себебі, төртіншісіне аяғы ауыр. «Сіз ажырастым деген жоқ па едіңіз?» – деген сауалымызға Зәмираның өзі былай деп жауап берді: «Иә, күйеуіммен айрылысқан соң, құжатсыз болғандықтан жұмыс табу қиын болды. Тап­қан жұмысымнан алатын айлығым мардымсыз еді. Арзандау пәтер жалдап тұрсам да қалтам көтермеді. Ал туыстарымнан, әкемнен, қайын жұртымнан, бұрын­ғы күйеуімнен әлі күнге дейін еш жәрдем жоқ. Қаржы жағынан қатты қиналып жүрген кезімде бір жігіт кездесіп, көмек берді. Сөйтіп, соның етегінен ұстауға мәжбүр болдым. Әйтеуір азды-көпті ас-суымызды әкеліп, пәтер­ақыны төлеп тұрды. Бірақ мұсылманша некеміз қиылғанмен, құжатымның жоқтығынан заңды некеге тұра алмадық. Өкініштісі, оның туған-туыстары мені қабылдамады. Ақыры арамызда бала болатынына қарамастан бізді ажыратып жіберді».

 

Енді Зәмира қайда барып босанатынын білмей дал болуда. Өзі жүктіліктің алтыншы айына аяқ басыпты. Ешбір емханада тіркел­меген. Оның себебі де белгілі.

 

Әрине, қалай күнелтіп отыр деген сауал кез келгеннің көкейінде туындауы заңдылық. Қазір ол мейрамханада күндізгі 15.00-ден бастап соңғы клиент қайтқанға дейінгі уақыт аралығында ыдыс және еден жууға мәжбүр. Екі күн істеп, екі күн демалатын Зәмираның күндігіне алатыны – не­бәрі 2000 теңге. Қолға ұстағаны көзге көрінбейді. Сәл күннен соң бұл табысынан да айырылатыны айдан анық. Босанатын сәті таяған әйелдің жауапкершілігін кім мойнына алғысы келе қояды дейсіз?

 

– Қиналып кеттім. Әкеден де, ағайын-туыстан да қайыр жоқ. Босанған соң да қайтерімді білмеймін. Балаларымды интернатқа уақытша орналастырсам ба деп те ойлаймын. Себебі тығырықтан шығар жол таба алмай отырмын. Оның үстіне пәтерақы, коммуналдық қызметтің төлемақысы да жиналып жатыр. Ертең бізді пәтерден шығарып жіберсе, далада қаламыз ба деп қорқамын. Азық-түлік, киім-кешек жетіспеушілігі тағы бар. Құжатым болғанда осындай күйге түспес пе едім? Не болса да бірінші кезекте өзімнің жеке куәлігімді жасатуым керек. Содан соң ұлыма туу туралы куәлік алуым қажет, – дейді Зәмира мұңын шаға отырып.

 

...Тағдыр тәлкегіне ұшыраған келіншектің әзірге бізге айтқаны осы. Шынында да ол енді қайда барып босанады? Ол босанып жатқанда балалары қараусыз қалмай ма? Төртінші перзенті ше, ол да куәліксіз қалмақ па? Одан кейінгі жағдайы не болмақ? Сан түрлі сауалға мардымды жауап та жоқ. Құжатының жоқтығы да көп нәрсеге кедергі. Бәлкім осы мақаладан соң Зәмираның анасы табылып қалар деген көңілде үміт те жоқ емес. Егер оқырмандар арасынан көмек қолын созамыз дегендер және анасы туралы бір мәлімет білетіндер болса, хабар күтеміз.

 

Зәмираның байланыс телефондары:

8-771-855-92-02, 8-705-373-27-90.

М. ҚҰРБАНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ