Қарағанды оқиғасы: Шеруге шыққандар не дейді?

01.01.2019
Қаралды: 229

Бүгінде Қарағандыда орын алған қайғылы оқиғадан бейхабар жан жоқ шығар. Бұзақылардың қолынан 23 жастағы Рақымжан Жансейіт қаза тапты. Осыған байланысты ашуға булыққан жергілікті халық шеруге шығып, биліктен кісі өлтірушінің табылып, әділ жазалануын талап етті. Біз сол митингке шыққан қарағандылық бірқатар азаматтармен сөйлесіп, ондағы жағдайды біліп едік.

 

«Қарағанды – еліміздегі ірі қалалардың бірі. Бұрын Алматыдан кейінгі екінші қала болған еді. Халық санының көптігімен Қазақстан бойынша төртінші орындамыз. Облыс­та 2 миллионға жуық тұрғын болса, қаламызда 600-700 мың шамасында адам тұрады. Сонымен қатар тіршілігі қайнаған өңірде зауыт-фабрикалар мен шахталар да жетерлік. Бір Қарағандының өзінде 5 үлкен университет, облыс бойынша 70-ке жуық колледж бар. Сауықтыру, демалыс орындары мен мейрамханалар да қаланың көркін ашып тұр. Облыс индустриалды аймаққа жататындықтан бізде кәсіп ашу аса қиын емес. Өзге ұлт өкілдері көбірек мекен еткен Қарағанды ешкімді өзекке теппей, тыныш тіршілік кешіп жатқан. Сол бір қанды оқиғаға дейін...

 

Суық хабар желдей есіп, маған да жетті. Ол кезде ауылда едім. Қарағандыға келе көрші-көлем, таныстардан оқиғаны түрлі нұсқада естідім. Бәрі ашулы. Әсіресе ер-азаматтар қаһарына мініп, бауырымызды ажал құштырған қандықолдың жазадан құтылмауы үшін шеру ұйымдастыру керек­тігін айтып жатты.

 

Сонымен 6-қаңтар күні ашынған халықпен шеруге мен де шықтым. Онсыз да өзге ұлт өкілдерінің барлық майлы да жайлы жерлерге отырып алғанына күйінген жұрт бұл жолы жарылды. Оған негіз бар. Өңірдегі кейбір өзге ұлт өкілдері бірнеше «ресторандар» мен базар ашып алған. «Лакшми Миттал», «Когай» деп аталатын ірі өндіріс орындары да өзге ұлт өкілдеріне тиесілі. Онымен қоймай, облыс бойынша жол жөндеу жұмыстарының тендері де осыларға бұйыра береді. Бірақ тұрғындар бұған осынша жылдан бері көз жұмып келген еді. Тек қазақтың жерінде, қазақтың баласын өлімші етіп сабап, денесін лақтырып кеткен қандықолдың иттігін көтермеді.

 

Мыңнан аса адам шеруде жан сауғалап кеткен қылмыскердің ертерек ұсталып, тиісті жазасын алуын қадап айттық. «Бармақ бас­ты, көз қысты» болмай, тергеу жұмыстарының барынша ашық түрде өтуін, жалпақ жұртқа жария болуын талап еттік. Облыс әкімі Ерлан Қошанов, қайтыс болған жігіттің әкесі, облыстық прокуратура, сот басқармаларының басшылары, қоғам белсенділері және блогерлердің басы қосылған бірқатар келіссөздер де жүргізілді.

 

Марқұмның әкесінің талабы бойынша ешбір келіссөзге армян диаспорасы шақыртылмады. Қазіргі таңда төбелеске қатысқан 7 жігіт ұсталып, тергеліп жатыр екен. Оған қоса 23 армян азаматтары, 4 өзге ұлт өкілдері көшірілді. Ал негізгі күдікті қашып кеткен. Оны іздеу үшін құқық қорғау органдарынан екі топ құрылып, бірі Ресейде, екіншісі Арменияда іздеу жұмыстарын жүргізуде екен.

 

Қазіргі уақытта бізге сөзден іске көшке­німіз жөн болып тұр. Енді мұндай жағдайға жол бермейтіндей әрекет етуіміз керек. Қазақты ешкімге, ешуақытта басындырып жүре алмайды екенбіз. Әзірше әліптің артын бағуға тура келіп тұр. Егер оқиға бас­қаша болып жатса, бүкіл әлем қазақтың кім екенін түсінетін болады», – дейді намысты азамат Бекқожа Айғожин.

 

«Қазақстанда сырттан келіп, ақшаның күшімен әбден есіргендер көп. Қарағандыда кавказдықтар базардың бәрін жаулап алды. Сондықтан олар ақшаның күшімен ойларына келгенін істеуде. Соның бір айғағы – осы ауыр оқиға. Өрімдей баланың өлімі халықтың ашуына тиді. Орны толмас өкініш бұл. Баланың әкесін шеруде көріп, көңіл айттық. Ол кісі «әр қазақ – менің жалғызым!» деп шырылдаған бауырларына риза болды.

 

Өзім жеке кәсіпкермін. Шағын ұстаханам бар. Митингке шығу туралы хабарлама «Уатсапқа» келісімен «Древний Римнің» алдына жиналдық. Құзырлы орындар мен әкімдіктің уәдесін алсақ та бір алаңдайтын жағдайымыз бар. Әлгі күдікті Нарек Гурурянның орнына ақша беріп, басқа біреуге жаза өтеттіре ме деп қорқамыз», – дейді қарағандылық Алтынбек Дәулетқали

 

Бұдан кейін әлеуметтік желі белсендісі, өткір тілді журналист, көкшетаулық Арман Шораевпен де байланысып, оның да пікірін тыңдаған болатынбыз.

 

«Жас жігіттің қыршынынан қиылуы біздің қоғамымызда ондаған жылдардан бері қордаланған мәселелердің бетін ашты. Бүгінгі күні өзінің шырқау жеріне жетіп, бет пердесі айқара түрілді. 

 

Бірінші мәселе – халықтың құқық қорғау органдарына, оның ішінде Ішкі істер министрлігіне деген сенімі мүлдем жоғалды.  Атап айтсақ, полиция бірінші болып пышақ ала ұмтылған қанішерлердің қылмыстық оқиғасының жолын кесіп, оны «ыстық» күйінде әшкерелеп, барлық кінәлілерді ұстауы тиіс еді. Қоғамды да қабылданған шаралар жөнінде жедел ақпараттандыруы қажет болатын.  Ешкімге құпия емес, осындай нем­құрайдылық пен заңның белден басылуынан қылмыскерлер құқық қорғаушылардың «қамқорлығы» арқасында бой тасалауға мүмкіндік алады.

 

Екінші жанды жабырқатқаны – бұл Қазақстан халқы Ассамблеясының ісі. Біздің бүкіл әлемге мақтан ететін ноу-хоуымыз. Нағыз осындай сын сағатта, ұлтаралық дау-дамай белең алғанда бұл құрылым алдымен үн көтеріп, бейбіт шешілуіне ықпалдасуы қажет те, міндетті де еді. Әлде Ассамблея бізде мерзімінен бұрын сайлауға бастама көтеруге ғана жауап бере ме? 

 

Үшіншіден, жанды жабырқатқан жай – халық қалаулыларының үнсіздігі. Мәжілістегі, Қарағанды қаласы мен облысының мәслихаттарындағы тілдері ұзын, жарамазан айтуға келгенде алдарына жан салмайтын депутаттары қайда? Металлургтар мен шахтерлерден сайланған мәжілісмендер ше? Неге олар бұл митингілерде қара көрсетпеді екен?!

 

Оларды халықтың мұңы еш толғандырмайды, себебі олардың бәрі саяси сайқымазақтар. Олардың барлық саяси күресі тә­уелсіздік күні қандай бір темір медальды сау­далап, араны ашылған пиғылмен бір арнаға тоғысады.

 

Меніңше, билік осы қым-қуыт жағдайдан сабақ алады деп сенеміз. Ең бастысы, бізге жаңа реформалар, өзгерулер керек екенін түсінуі тиіс.  Адамдардың төзімінің де шегі бар, барға тәубе, шүкір деу қазақтың фразеологиясындағы қанатты сөздер ғана екенін тағы ұмытпағанымыз ләзім, – дейді ол.

 

Бұл уақытта армян диаспорасы қылмыс­кер­­лердің жазаға тартылғанын қалайтындарын айтып, ресми мәлімдеме жасады. Ал апта соңына қарай Ресейге қашып кеткен армян азаматының Омбы қаласында өз еркімен қолға түскені белгілі болды. Қазір оны Қазақстанға жеткізу мәселесі шешіліп жатыр.

 

...Міне, Қарағанды қаласындағы оқиға жөнінде жұрт осылай дейді. Қылмыскерге қандай жаза тағайындалса да ғұмыры қыршынынан қиылған жасты өмірге қайтара ала алмайды. Осы өкінішті!

 

Д. МЕДЕУОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ