Ұлт мүддесін қорғайтын «Намыс» атты ұйым құруды ұсынады

01.01.2019
Қаралды: 136

Таяуда Қарағандыда болған, өрімдей жас жігіттің өмірі қиылған қанды оқиға жұртшылықты дүр сілкіндірді. Осыған орай әлеуметтік желіні белсенді қолданушы ұлтжанды азаматтардың бірі – Халелхан Ибрайымханұлы өзінің жеке парақшасында көпшілікке арнаған төмендегідей ұсынысын жеткізді.

 

«Қазақтың мықты жігіттері, спортшылар әр қалада «Намыс» атты ұйым құруы керек. Өзімізді өзіміз қорғауымыз қажет. Біз 60-ты алқымдадық. Мағжан айтқандай:

 

«Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты,

Мен жастарға сенемін!»

 

...Бұл жазбаны алғашқы сағаттарда-ақ жүздеген адамдар оқыды, өз пікірлерін білдірді. Солардың бірқатары төмендегідей.

 

Серік Жүрсімбаев: «Айтыл­ған сөз – атылған оқ» деген. Аяқсыз қалдырмау керек.

 

Сүйеніш Бірасыл: Әр облыс­тан қазақтың мықты ерлерін басшылыққа сайлап алу керек. Мысалы, Алматыдағы Сабыржан Махметов ағамыз нағыз патриот, мықты қазақ. Осы ағамыз өте лайық барлық жағынан. Келіссе егер.

 

Имаш Мұқанов: Өте дұрыс идея, келісемін. Қазақстанның әр облысынан құру керек.

 

Бақытжан Жәкенов: Қосыламын! Керек болса, қасымдағы жігіттерді қосамын.

 

Елеусіз Мұратов: Өте дұрыс ұсыныс. Өз басым қолдаймын. Мұндай намысты жігіттердің ұйымы өте қажет.

 

Алуаш Оңғарова: Спортшылар әділ, адал полицейлермен күш біріктірсе, құба-құп. Қолдауға болады.

 

Болатбек Солтанов: Өте дұрыс ұсыныс! Бұл ұйым таза, ел намысын қорғайтын, ерлердің жігерін жанып, күш-қайратын шыңдайтын ұйым болуы шарт. Мен өмірлік мол тәжірибеммен, біліміммен кеңесші болуға да­йынмын.

 

Тыныбек Еркебаев: Табылған ақыл! «Намыс» ұйымдарын бүкіл халық болып, жоғарыға ұсыныс жасап құру керек. Әйтпесе қазақтың намысы жерге тапталып жатыр.

 

Уәлихан Қуандықов: 60-ты алқымдаған мен де жазыламын!

 

Жолдас Рахмет: Білектілері мен білімділері, үлкені мен кішісі, ойдағы мен қырдағы барлық қазақ бір болуы керек.

 

Өмір Біләлұлы: Ұсыныс дұрыс. Тез арада жиналып, ұлтқа қарсы іс-әрекеттерге тойтарыс берер кезде хабармен бір орыннан табылатын жігіттерден команда құру керек. Оның заңгері, басшысы болуы қажет. Арасында топпен қимылдайтын жаттығулар жасап тұру керек.

 

Нұрман Қарасай: Жақсы бас­тама! Аяқсыз қалдырмау жағын ойластыру керек. Білікті, білімді ұйымдастырушы болса жақсы болар еді.

 

Жанболат Қатуов: Дұрыс айтады. Орынды ұсыныс. Қазақтан айбарлы халық жоқ негізі.

 

Жанар Ихсанова: Аяқсыз қалмаса екен.

 

...Біз осы ұсынысына байланысты Халелхан Ибрайымхан­ұлының өзімен хабарласқан едік.

 

«Қазақты қорғайтын бір ұйым керек-ақ, – дейді ол кісі. – Мұқағали айтқандай, «біздерді де жоқтайтын жандар» бар екенін білген адам өзіне сенімді болады. Қы­тайдағы ұлт-азаттық күресін бас­қарған Оспан батырдың серігі Бүркітбайдың қытайлардың қо­лына түскенде батырға арнап айтқан мынадай сөзі бар:

 

«Мені іздеп келерсің,

Өлгенімді көрерсің.

Жан жолдасым, батырым,

Кегімді алып берерсің».

 

Менің ұсынысым: «Намыс» спорттық-патриоттық клубын құру керек. Спортшы жігіттерді тартып, арақ ішпейтін, беталды жанжал шығарып, арандатпайтын, намыс­ты жігіттерді жинау қажет. Ке­шегіндей оқиғалар болғанда барып, мәселені шешу керек. Мұны Рақымжанның өлімі мен Алматыдағы үш-төрт қазақты көлікпен басып кеткен оқиғадан кейін қаным қайнап айтып отырмын.

 

Ұлт намысын ойлайтын әрбір қазақ өз ауылында, ауданында, қаласында, қаланың ауданында «Намыс» атты спорттық-патриоттық клуб ұйымдастыруы керек. Ары қарай ұлтты қорғау бағытында жұмыс атқару қажет. Жез­өкшелікпен күрес, қазақ тілі үшін күрес, қазақ ұлтына қастық жасап, зорлап-қорлағандармен кү­рес, қазақ жерін бөтендерге сатпау үшін күрес, тағы басқа. Бұл бір адам істейтін жұмыс емес, істейтін адам болса, жұмыс же­теді».

 

...Міне, ұлтжанды азамат осылай дейді. Бұл – қазақтың тарихын, халықтың басынан өткен зұлмат жылдардың сұмдығын білетін алдыңғы толқын өкілінің сөзі. Ұлтымызды ешкім басынбаса, енді қазақ ешкімге есесін жібермесе екен дейді.

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ