Қанағаттан қанаттанған қайраткер

02.01.2019
Қаралды: 784

Димаш аға туралы естеліктер

 

 

Ғұмырында көлденең жолдан бір сабақ жіп жинамаған, қанағатпен қанаттанып, қарапайымдылықтың ерен үлгісін көрсетіп кеткен қазақтың қайсар да адал ұлдарының бірі Дінмұхамед Қонаев туралы шындық әлі де түгел айтылып біткен жоқ. Өз заманының заң­ғар тұлғасы қалай дегенде де біздің санамызда адалдықтың алдаспаны, тазалықтың таразышы, қарапайымдылықтың қағидасы болып қала береді.

 

Ол Қазақстанды басқарып тұрғанда 40-тан астам қала салдырды. 1967 жылы Қонаевтың бастамасымен жедел түрде Кіші Алматы өзенінің жоғары жағына бөгет салынды. Ал 1973 жылы Медеуде мықты плотина-алып бөгесін салынып, Алматы тұрғындары үлкен қауіп-қатерден аман қалды. Біз сондай-ақ Павлодардың атауын Хрущевоград деп өзгертуге талаптанғандарға Қонаевтың қарсылық білдіргенін де ұмыттық. Хрущев Маңғыстау түбегін Түркіменстанға қоспақ болғанда да Қонаевтың қарсылық танытқанын білгіміз келмейді.

 

Міне, осындай асыл азаматты жыл сайын туған күнінде ғана емес, әркез еске алып отырсақ жарасады. Ол ұмытылмайтын тұлға. Мен осындай айтулы тұлғамен  бір күн ғана дәмдес-тұздас болған едім. Бүгін соның мән-жайын баян­дап берудің сәті түсіп отыр.

 

Төбе би – Төле би бабамыздың есімі Леңгір ауданына берілді де соның құрметіне үлкен ас ұйымдастырылатын болды. Осы тұста бабаның 330 жылдығы да бірге аталып өтілетін болып шешілді. Осы ұлан-асыр жиынға белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлын шақырып келу аудандық партия комитетінің екінші хатшысы Жұмабек Қыстауов пен колхоз төрағасы Кенже Жолымбеков және маған тапсырылды. Сол күні жолға шығып кеттік. Пойыздан түсіп, үсті-басымызды реттеп, тамақтанып алған соң аға пәтерінің қо­ңырауын қақтық. Есікті бір орыс келіншегі келіп ашты. Біз оған ауылдан үлкен кісіге арнайы сәлем бергелі келіп отырғанымызды жеткіздік. Әлгі орыс келіншек пәтерге кіріп кетті де іле қайта шығып: «Дінмұхамед Ахметұлы сіздерді 10 минуттан соң қабылдайды», – деп хабарлады.

 

«Демек, ол кісі бос емес екен ғой» деп ойладық. Біз асыл ағаға Төлеби баба туралы шыққан кітапты да ала келген едік. Сол кітап біз тоқтаған қонақүйде қалып кетіпті. «Қайтып келгенше қолы босап та қалар» деген оймен кері қайттық. Сол екі аралықта бір жарты сағаттай уақыт өтті-ау шамасы. Біз қайтып келіп, қоңырауды басқанда жаңағы таныс келіншек есікті ашып: «Сіздерді Дінмұхамед Ахметұлы күтіп отыр», – деді.

 

Үшеуіміз иық тірестіріп үлкен бөлмеге кірдік. Аға бұл бөлмеде жоқ екен. Біздің көзімізге бірден кітап сөресі түсті. Үлкен қабырға тұтастай сірескен кітаптарға толы. Сөрелерде түрлі сувенирлер-кәде – сыйлар толып тұр.  Жол бастаушымыз бізді түкпіргі бөлмеге бас­тады. Дінмұхамед Ахметұлы жазу үстелінде отыр екен. Бізді көріп орнынан тұрып, ежелгі таныстарын көргендей жылы жүзбен қарсы алды. Амандасып болып, басқа бөлмеге өттік.  Ол көрсеткен диванға жайғастық.

 

– Сіздерді 10 минуттан соң кірсін деп едім. Кешіктіңіздер. Сосын бұлар шалды не қылсын деген оймен жазуыма қайта отырған едім, – деп күлді.

 

Біз ыңғайсызданып қалдық. Тегі, өзімізден де бар. Асып-сасып жүріп кітапты ұмытып кеткен жаңғалақтығымыз­ға ұялдық. Бізді ұялтпайын деді-ау шамасы, аға күлімсіреп:

 

– Иә, жол болсын! Қайдан кел­діңіздер? Ауылдағы ел-жұрт аман ба? – деп жөн сұрады.

 

– Дінмұхамед Ахметұлы, Оңтүстік Қазақстан облысында жаңа аудан ашылды. Ол Төле би бабамыздың атымен аталады. Осыған орай үлкен бір шара өткізгелі отырмыз. Сол тойға өзіңізді шақыра келіп отырмыз, –деп біз келген шаруамызды баяндай бастадық.

 

– Өте жақсы. Оң шешім болған екен. Қуаныштымын. Мүмкіндік болса баруға тырысамын. Мен мемлекет басшысы болып тұрғанда да бағынатын бір адамым бар еді. Сол кісі не дейді? – деп бізге қарады.

 

Біз бұл кісінің кім екенін қайдан білейік. Зухра Шәріпқызы жеңешеміз бұл кезде қайтыс болып кеткен еді. Жұмбақ кісінің кім екенін ағаның өзі айтты. «Ол –менің  жеке дәрігерім», – деді. Сосын тың бір әңгіме бастады.

 

– Ана бір жылдары «Қапал-Арасан» шипажайында ем алып жаттым. Қайтар жолда жеке дәрігерім бір сыр айтты. Менің осында ем алып әрі демалып жат­қанымды есітіп, талай адам сорпа-суын алып келген ғой. Сонда жеке дәрігерім «ол кісіге кіруге болмайды» деп сәлем бере келгендерді үнемі кері қайтарып отырыпты. Мұны естіген соң мен аздап ашуланайын дедім. «Дұрыс болмаған. Олар көп болса менің 2-3 минут уақытымды алар еді. Енді солардың бәрі Қонаев бізді қабылдамады» деп ренжіп кетті ғой. Қап, әттеген-ай!» –деп дәрігерге кейідім. Дегенмен, оған бағынбасқа болмайды. Егер жеке дәрігерімнің жүрегі жібіп, «бара қойыңыз» десе, неге бармасқа? – дегенде бәріміз қуандық.

 

Мұнан соң Дінмұхамед Ахметұлы  на­рық заманындағы ауыл тұрмысын түгін қалдырмай сұрады. Облыстағы белгілі тұлғаларды да сұрастырды.

 

– Мен еңбек демалысындағы адаммын. Мемлекет басқарып тұрғанда «аға­лап» тұратын інілерім, үзеңгілес достарым көп еді. Қазір солардың бірі де ат ізін салмайды. Оңашада отырып ойланамын. Кімге қиянат жасап едім? Күнәм қайсы? Қызметтен кеткеннен кейін есі­гімді тек Олжас Сүлейменов ашып тұрды. Шетелдердегі қандастар жағдайымды сұрастырып отырды. Дегенмен, бәріне де ризамын. Жеке көлігім, автокөлік жүргізушім бар. Үкіметке рахмет! – деп бір тоқтады.

 

Ол кісімен күнде кездесе бермейміз. Үлкен кісі әңгімесін үзбесе екен деп отырмыз. Біраз үнсіздіктен кейін ол әңгімесін сабақтады.

 

– Қызметтен кеткеннен соң мені мәскеуліктер көп әуреледі. Мына Желтоқсан көтерілісі олардың жанына қатты батса керек. Мені қайткенде де қылмыс­ты етіп шығару үшін Мәскеуден КСРО Бас Прокуратурасының аса маңызды қылмыстық істер жөніндегі тергеушісі Калиниченко деген тісқаққан біреуі келіп ай бойы тергеді. Ол мені торға түсіру үшін Асанбай Асқаров пен Дүйсетай Бекежановты пайдаланып көрмек болды. Бірақ, онысынан түк те шыққан жоқ. Қайбір жылы  75 жасқа толғанда маған Қазақстан Компартиясы Орталық Коми­тетінің Саяси бюро мүшелері жапон теледидарын сыйлаған. Ол кезде екінің бірінің үйінде мұндай теледидар болмайтын. «Бюро мүшелері жапон теледидарын Қонаевқа пара ретінде берді» деген нақақ жаламен Калиниченко менің үстімнен қылмыстық  іс қозғамақ болыпты. Теледидардың бағасы сол кездегі бағамен 2 мың сом екен. Оны Үкімет есебінен 22 мың сомға алды дегіздіріп, Сауда мен Финанс министрліктеріне жалған құжат та дайындатып үлгеріпті. Бюро мүшелерінің бірнешеуі қол да қо­йып берген ғой. «Димаш Ахметұлы, қақ­пан­ға түскен жеріңіз осы» деп өзі күлмең қағады. «Сол теледидар қайда? Әлде туыстарыңыздың біріне сыйлыққа бер­діңіз бе?» деп қадалып сұрайды. Мен «машина шақыртыңыз, теледидар тұрған жерді көрсетейін» дедім. Сонымен, жүріп кеттік. Орталық партия комитеті ғимаратының алдына тоқтаттым да, бұрын өзім, кейін Колбин отырған бөлмеге бастадым. Колбин орнында жоқ екен. Хатшы қызға есікті ашқызып, ішке кірдік. Қабырғадағы шкафтың ішінде жапон теледидары пайдаланбаған күйі тұр еді. Калиниченко кешірім сұрады. Ол менің пара алғанымды дәлелдей алмады. Бірақ, араға аз ғана уақыт салып, мені тағы шақыртты. Бұл жолы шетелдерге шыққанда маған ұсынылған сыйлықтарды желеу етті. Ол өзіне жақсы таныс Мирошкин дегенге сыйлықтардың бағасын шығартыпты. Ол сыйлықтарды 107 мың сомға бағалапты. Осыны алға тартып, мені кінәламақ. Мен тергеушіні Орталық мұражайға алып бардым. Мұнда «Қонаевқа сыйға тартыл­ған заттар» бөлімінде маған тарту етілген толып жатқан сый-сияпаттар рәсімделініп қойылған екен. Тергеуші тағы да тұтықты. Содан кейін әлгі Калиниченко прокуратураға тағы да шақыртты. «Димаш Ахметович, Сіз 20 жылдан бері ай сайын Қазақ КРО Ғылым Академиясынан 750 сомнан ақша алып келіпсіз. Мұны жоққа шығара аласыз ба?» деп өтірік күлді. «Рас, Ғылым Академиясының академигі ретінде мұндай ақша маған тиесілі» дедім мен. «Жоқ» деп Калиниченко столды қойып қалды. «Мен заңгерлерден сұрадым, Сіз КПСС Орталық Комитетінің Саяси Бюро мүшесі ретінде бас­қа жерден ақша алмауға тиіссіз. 20 жылда қанша ақша алғаныңызды санап көріңіз. Бұл қаржыны қайда жұмсадыңыз?» – деп қадалды тағы да тергеуші. «Айтайын» дедім мен. Бұл жолы сол тергеуші екеуміз қаладағы № 3 балалар бақшасына жол тарттық. Балалар бақшасының есепшісі 20 жыл бойғы келіп түскен қаржының есебін, түбіртегін ұсын­ғанда Калиниченко есеңгіреп қалды. Алайда, мені алда тағы бір қақпан тосып тұр екен. Бұл арада 50 жыл отандасқан жұбайым Зухра Шәріпқызының пайдасы тиді. Ол жылдар бойы үйге алған ыдыс-аяқтың, теледидар, тоңазыт­қыштың, тағы басқаларының қай дүкеннен қай уақытта, қандай бағаға алынғанына дейін түбіртектерін жинап жүр екен. Осыдан соң тергеуші менің алдымда тізерлеп отырып кешірім сұрады. Мен оның басынан сыйпап, «Сен кінәлі емессің. Сені жұмсаған адамдар бар. Сені түсінемін» дедім. «Қанша жыл тергеу саласында жүріп сіздей адал адамды бірінші рет кездестіруім» деп тергеуші қайта-қайта кешірім сұрап, Мәскеуіне ұшып кетті. Міне, жігіттер, сондай-сондай бастан өткен жағдайларды жинақтап мемлекеттің қаламсабымен «Өтті дәурен осылай» деген кітап жазып жатыр едім, – деп Дінмұхамед Ахметұлы демін алды.

 

Осыдан соң Димаш аға бізден «Жеті аталарыңды білесіңдер ме?» деп сұрады. «Білеміз, білеміз» деп оқушылардай шу ете қалдық.

 

– Дұрыс жігіттер, жеті атасын білмеген жігіт өзге жұртқа жүйелі сөз айта алмайды. Біздің ата-бабаларымыз Бәйдібектің үшінші әйелі Зерептен туған Жал­мәм­беттің Ысты деген бел баласынан тарайды. Бәйдібектің әкесі – Қараша би. Одан әрі Ақсақал, оны Абақ деп те атаған. Түбіміз – Үйсін. Ал, өзіме дейінгі жеті атамды қуаласам былай тізіледі. Жолым, Нұрманбет, Азынабай, Қонай, Жұмабай, Меңліахмет, Дінмұхамед. Ал, енді елге дұғай-дұғай сәлем айта барыңдар! «Ата, сізге бара жатыр едік» деп ертерек хабар айтқандарыңда дайындалып отыратын едім. Зухра Шәріпқызы да бақилық болып кетті. Қазақта «қуыс үйден құр шықпа» деген сөз бар. Мені ыңғайсыз жағдайға қалдырдыңдар-ау. Сендерге не сыйласам екен? – дегенде көзімізге лықсып жас тұнды.

 

Димаш аға қоштасарда еңкейіп барлығымыздың маңдайымыздан сүйді. Біз де оны сүйейін деп едік, бойы ұзын екен. «Алла алдарыңнан жарылқасын!» деп есік алдында күлімсіреп шығарып салып тұрған асыл ағаның нұр бейнесі көз алдымнан әлі де кетпейді.

 

Ең өкініштісі де сол, Димаш ата тойға келе алмады. Өзекті өкініш өртейді. Бірақ тағдырдың жазуынан адам қашып құтыла алмақ емес. 1993 жылдың 22 тамызы күні бүкіл Қазақстан жұрты қара жамылды. Мен жыл сайын атамыздың туған және өмірден өткен күндері 200-300 адамға дастархан жайып, Құран оқытып жүрдім.

 

2012 жылы Д.Қонаевтың туған жері Бақанаста атамыздың 100 жылдығы кеңінен аталып өтілді. Республикамыздың түкпір-түкпірінен адамдар көп жиналды. Олардың арасында  мемлекет және қоғам қайраткерлері, академиктер, профессорлар, жазушылар көп еді. Ғылыми конференция алдында аудан орталығын аралап көрдік. Абыз атаға деген құрмет шығар, Бақанас жайнап, жасарып кетіпті. Қайда қарасаңыз да мұнтаздай таза дүние көресіз.

 

Ғылыми конференцияны Д.Қонаев атындағы қордың төрағасы Кеңес Аухадиев ашты. Атақты академиктер, қарымды қаламгерлер, зиялы қауым өкілдері қайталанбас тұлға туралы қымбат сөз­дерін, қимас сезімдерін нөсерлетіп жатты. Солардың ішінде айтылған бірер сөз әлі де жадымда. Бір азамат мінберге шықты.

 

– Батыс Қазақстан облысының тұрғынымын. Кіші жүзбін. Мәскеуде жоғары оқу орнын бітірдім. Мені Ресейдің бір түк­піріне қызметке жіберді. Арада біршама уақыт өткенде соңымнан әке-шешем іздеп келді. «Балам, ауылға қайт» деді екеуі де. «Қалай?» «Димаш Ахметұлына хат жаз». Ойланып-толғанып, әрі әке-шешемнің сөздерін қимай, Қонаевқа хат жаздым. Қонаев мені Алматыға алдырып, Жоспарлау Комитетінен қызмет бергіздірді. Соңымнан тағы да әке-шешем келді. «Енді сен пәтер сұра» деді екеуі. «Ұят болады. Алматыға алдырды. Қызмет берді» дедім мен. Әке-шешем «үйсіз-күйсіз жүруге болмайды» деп күнде құлағыма құя берген соң Қонаевқа хат жаздым. Бұл жолы маған 3 бөлмелі пәтер тиді. Бір жылдан кейін «Қонаев шақырып жатыр» деген хабар келді. «Балам-ау, өзіңде ұят деген бар ма? Бір жыл бойы тым-тырыс жатып алдың. Тым құрығанда кіріп, алғысыңды айтып шықпайсың ба?» деп айта ма деп қысылып, ұяттан өліп барамын. Қысыла-қысыла каби­нетіне кірдім. Димаш Ахметұлы орнынан тұрып, қарсы жүрді. Кабинеттің қақ ортасында кез­дестік. Ол мені орындыққа жайғастырып болып: «Мәскеу­де оқыдың. Ресейді, орыс тілін жақсы білесің. Енді менімен жұмыс істеуге қалайсың? Орталық Комитеттің Мәскеудегі өкілі боласың» деді. Өз құлағыма сенер-сенбесімді білмедім. Содан не керек, асыл ағамен 16 жыл бірге қызметтес болдым. Терең саясаткер, ғұлама ғалым Дінмұхамед Ахметұлы туған ағамдай болып кетті. Мен ол кісінің әруағы алдында басымды иемін, – деді сол азамат.

 

Қазір есімде жоқ. Оның тап осылай айтқа­ны­на жүрегіммен куәлік ете аламын. Содан ке­йін мінберге бір полковник көтерілді. Оның да есімі есте қалмапты. Оның айтқаны мынау:

 

– Мен Мәскеуде әскери академияда сабақ берген адаммын. Кейін Қазақстанға арнайы шақырумен келдім. Ол кезде 23 ақпан – Кеңес әскері мен флоты күні еді ғой. Тап осы күні әскери академияға Димаш Ахметұлын шақырдық. Сөйтсек ол: «Бұл күн мереке ғой. Курсанттардың демалысын бұзбайын. Жай күндердің бірінде кіріп шығамын» – деп сәлем айтып жіберіпті. Көп ұзамай өзі де келді. Бірінші хатшы академияны аралап көрді. Түскі үзіліс уақыты тақап қалған еді. Академия басшысының кабинетіне үлкен дастархан жайыл­ған болатын. Бірақ бірінші хатшы одан бас тартты. «Генерал мырза, курсанттардан бөлек тамақтанғанымыз ұят болар. Солармен бірге болайық. Олар қандай тамақ ішеді екен? Оны да көрелік», – деді. Сонымен, бірінші басшы үлкен басымен курсанттармен бірге отырып, тамақтанды. Түскі астан соң  кафедраларды аралаттық. Мен ол кісі сұраған соң кафедра меңгеруші екенімді  баяндадым. «Осыған дейін қайда қызмет істедіңіз?» деп сұрады Қонаев менен. «Мәскеуде». «Отбасыңыз қайда?» «Мәскеу­де». «Неге Мәскеуде қалды?» деп бетіме қарап тұрды. Мен «пәтер жоқ» деп айта алмадым. Соны сезгендей Димаш Ахметұлы «бәлкім, пәтеріңіз жоқ шығар» дегені. Сосын академия бастығына қарап: «Генерал мырза, бұл қалай болады? Өзі мұнда, отбасы Мәскеуде?» деп сұрады. Генерал күмілжіді. Араға ай салып маған пәтер берілді. Осы жолы Димаш аға академия бастығының есебін тыңдады. Ол баяндамасын оқып жатыр еді, «Тоқта» деп белгі берді. «Академияда қанша қазақ баласы оқиды?» деп сұрады. Мың курсанттың арасында жалғыз қазақ баласы бар болып шықты. «Неге жергілікті халық өкілдерінің балалары оқымайды? Неге ауыл-ауылдарға барып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізбейсіңдер? Ауылдарда тап осындай академия барын білмейтіндер көп қой» деп бірінші хатшы академия бастығына қатты шүйлікті. Артынша генерал қызметінен босатылды. Мұнан соң әскери академияда қазақ балалары көптеп оқи бастады.

 

...Осы әңгімені айтқан полковниктен соң тағы бір кісі мінберге шығып сөйледі. Журналист емеспін, аты-жөндерін жазып ала қоятын. Ол кезде жадымыз жақсы еді. Осы естелікті арада талай жыл салып жазатынымды білгенде қойын дәптер ашып, сөйлегендердің есімдерін жазып қояр едім ғой. Ол азамат мынадай естелік айтты.

 

– Димекеңмен талай сапарлас болдым. Бірде орман жағалап келе жаттық. Бір кезде орман ішінен бір солдат жүгіріп шығып, бізге «тоқта» дегендей белгі берді. Мен жүргізушіге мынадай айдалада кез келген адамның қол көтергеніне тоқтауға болмайтынын ескерттім. Алайда, Димаш Ахметұлы жүргізушіге «тоқта» деді.

 

Солдат «Сіздерде темекі бар ма?» деп сұрады. Автокөлікте отырған үшеуіміз де темекі шекпейтін едік. Былай шыға Димаш Ахметұлы қатты өкінді. «Бір мемлекетті басқарып отырып, солдатқа темекі тауып бере алмағаным қалай?» деді. Содан былай ол жүргізушісіне өзі тартпаса  да темекі мен шырпы алдыртып қоятын болды.

 

Тағы бірде жолда келе жатыр едік, Алдымыздан бір отар қой кездесті. Димаш Ахмет­ұлы жүргізушіге: «Отарды кесіп өтуші болма» деді. Әлден соң мал тұяғымен көтерілген қою шаң басылып, қой соңындағы шопан көрінді. Үстінде жауын өткізбейтін плащ. Ат сауырынында қоржын салақтайды. Осы кезде Димаш Ахметұлы «Көліктен түсейік. Еңбек адамының қолын алайық» деді. Машинадан түстік. «Бағар көбейсін!» –деді Димекең. Шопан Димекеңді тани кетті. «Димаш Ахметұлы, Құдай мені Сізге жолықтырған шығар. Үйге жүріңіз. Дәм татыңыз» деді. «Жарайды, үйің қайда?». «Мына қырдың астында». Мен мемлекет басшысына уақыттың тығыздығын, онда баруға болмайтынын айтып жатырмын. Димекең берген уәде­сінен қайтқан жоқ. Үйге келсек, шопан атынан түсіп жатыр екен. Алдымыздан жалаңаяқ балалар жүгіріп шықты. Әйелі бір есті кісі екен. Дереу құман, сүлгі алып шықты. Әлгі жалаңаяқ балалар атасының қолына су құйды. «Таудай азамат болыңдар!» деп Димекең оларға бата берді. Шопанның әйелі дастарханға нан, сары май әкеліп қойды. Димекең ұлттық тағамдарды мақтап отырып жеді. Шопанның 8 ұл-қызы бар екен. Ал, ауылда мектеп жоқ. Осыны шопаннан естіген Димекең ауылға мектеп, жол салдыртып берді. Содан былай әр облыс орталығында мектеп-интернат ашылды. Оларда малшы балалары білім алды.

 

Иә, бұл естелік әңгіме де өте әсерлі болды. Мұнан соң мінберге бір шопан көтерілді. Оның аузынан естігенім мынау:

 

– Талдықорған облысында малшы едім. Үй жоқ. Кәрі шешем бар. Директордан үй сұра­йын десем, шешем безектейді. «Малыңды алып қояды. Панасыз қаламыз» дейді. Талдықор­ғанда тұратын бір інім бар еді. Соған бардым. «Мына хатты Қонаевқа жазып едім, орысшаға аударып берші» деп өтіндім. Інім хатты оқып көріп «мұны орысшаға аударуға болмайды» деді. «Неге?» деп таң қалдым. «Бұл хат жүрегіңізден шығыпты. Егер орысшаға аударсам, жүрек лүпіліңіз сол күйінде жетпей қалады» деді інім. Содан інімнің ақылымен хатты арнайы тапсырыспен Алматыға жөнелттік. Арада екі-үш ай өткенде кеңшар директоры шақыртты. «Сен қайда, кімге хат жазып жүрсің?» дейді. Қорыққанымнан тас болып қатып қалыппын. Директордың қасында аудандық атқару комитетінің төрағасы бар. «Хат жазбасаң да саған үй беретін едік қой» дейді екеуі ақылдасып алғандай. «Бара бер» деген соң сыртқа шығып, жайлауға тарттым. Бір күні есік алдына директордың машинасы келіп тоқтады. «Сені директор шақырады» деді шофері. Қорқа-қорқа бардым. Сөйтсем, кеңшар құрылысшылары маған арнап үлкен үй салып бітіріпті. 12 ұл-қызым үшін 12 бөлме қосыпты. Кейін маған машина да берді. Қонаев ағамның қамқорлығы мен қарапайымдылығын мен ешқашан да ұмытпаймын. Осы жиынның өтетінін есітіп, Бақанас­қа арнайы келдім. Мені мұнда ешкім шақырған жоқ, – деп байырғы малшы көзіне жас алып қалды.

 

Міне, осы мысалдардан-ақ, Димаш Ахмет­ұлының даналығын, даралығын анық көреміз. Ғылыми конференцияда шетелдерден келген қонақтар да сөйлеп жатты. Облыс әкімі де жақсы сөйледі.

 

Д.Қонаев музейінің қасбетіне екі плакат ілініпті. Соның біріне Үндістанның Премьер-министрі Джавахарлал Неру «Қазақ халқы – өте бақытты халық. Неге десең, Қонаевтай перзенті бар» деген сөзі жазылған. Ал екінші­сінде Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев – баршамызға ұстаз бола білген ұлы тұлға. Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев халқымен бірге мәңгі жасайды» деген ұлағатты сөзі жазылған.

 

Ал бұл сөздерге менің алып-қосарым жоқ.

 

Дәуренбек САНДЫБАЕВ,

Асанбай Асқаров атындағы облыстық

қоғамдық қордың төрағасы.

Дәуренбек Сандыбаевтың байланыс телефоны: 8-775-220-64-64.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ