16 ағасы, 3 әпкесі бар жігіт

28.12.2018
Қаралды: 656

Кенжеғұл – ата-ананың жиырмасыншы перзенті

 

Кенжеғұл Сейітжан – отбасының кенжесі. Ол – үйінде жиырмасыншы бала. 16 әпкесі, 3 ағасы бар. Анасы оны 43 жасында дүниеге әкелген екен. Алты жасында аттан құлап, жарақат алған оның бір көзі небәрі алты пайызға ғана көреді. Сөйте тұра салы суға кетпеген, өте белсенді жігітпен сұхбаттас болған едік.

 

Кенжеғұл мырза, біз білмейтін қандай қырларыңыз бар?

 

– Өзім ҚазҰУ-нің тарих факультетін тәмамдағанмын. Одан кейін Америкада 2,5 жыл тіл үйрендім, Англияда 1,5 жыл магистратурада оқыдым. Шет елдердің біразында болып қайттым. Негізі ана тілім мен орыс тілін қоспағанда ағылшын, жапон, неміс, испан, француз тілдерін білемін. Басқа тілдерде көп сөйлемеген соң ұмытыңқырап қалады екенсің, сондықтан қалпына келтіру мақсатында қайталап жүрмін. Қазір түрік және корей тілдерін аудиокітаптар арқылы үйреніп жатырмын. 2019 – 2020-жылдары осы тілдерді жақсы меңгеріп шығуым керек деп өзіме мақсат қойдым. Шетелдерге шығып жүргендіктен тіл білудің қажеттілігі зор деп ойлаймын. Бұрын бос уақытымда домбыра мен баянда ойнайтынмын, ән айтатынмын, хорға қатысатынмын. Қазір оның бәрінен қол үзіп қалдым, себебі спортқа және кәсібіме көбірек көңіл аударудамын.

 

– Қандай кәсіппен айналысасыз?

 

– Қонақүй бизнесімен айналысамын. Өзімнің жекеменшік хостелім бар. Хостел дегеніміз – қымбат емес қонақүйлер. Енді Алматы, Астана, Шымкент қалаларынан хостелдер желісін ашу жоспарда бар.

 

– Спортқа қалай келдіңіз?

 

– Мектеп кезінде қызығушылық танытып, доп ойнап, турникке тартылып жүретінбіз. Тек 2004-жылы кәсіби түрде айналысуға бел буып, 100 және 200 метрге спринтерлік жүгіре бастадым. Бірақ 2006-жылы жарысқа барғанымда «сенің көзің көреді» деп сенімсіздік білдірген соң ашуланып кетіп қалғаным бар.

 

Одан кейін жүзумен айналыстым. 2011-жылы шетелге оқуға кеттім де, ол спорт түрі де қалып қойды. Сөйтіп жүріп, 2015-жылы бастаған тауға өрмелеу спортынан бір жылдан соң чемпион болдым. Тіпті Францияға дейін бардым.

 

Голбол спортымен де айналысамын. Бұл – паралимпиадалық топтық ойын. Одан алтын және күміс жүлдегерміз. Сонымен қатар досыммен бірігіп голболдан Қазақстан федерациясын ашудамыз. Қазір Қарағанды, Атырау, Тараз, Шымкент, Алматы қалаларында ашылды.  

 

2016-жылы «Спорт без границ» жобасы бойынша досыммен бірге Алматы – Астана бағыты бойынша 1200 шақырым, 2017-жылы Алматы – Ыстықкөл бағытымен – 500, 2018-жылы Астана – Париж бағыты бойынша 5000 шақырым жолды екі адамдық велосипедпен жүріп өттік. Бұл өте жақсы жетістіктеріміздің бірі болды. 2018-жылдың мамырында триатлоннан жарыс өтті. Триатлон спорттың жүзу, жүгіру, велоспорт секілді спорттың үш түрін қамтиды. Сол жолы бас-аяғы 113 шақырым қашықтықтың 2 шақырымын – жүзіп, 90-ын – велосипедпен, қалған 21 шақырымын жүгіріп өттік.

 

2019-жылы триатлоннан Қазан қаласында өтетін дүниежүзілік чемпионатқа қатысуды, 2020-жылы Алматы – Токио бағыты бо­йынша веломарафон ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ алдағы жылдың қыркүйек айында тауға өрлеуден Токиоға жарысқа бармақшымын. Осындай тауға өрмелеу, голбол, жүзу, жүгіру, велоспорт секілді спорттың бес түрімен айналысамын.

 

Жалпы алғанда, Алматы, Астана марафондарына, қысқа және үлкен қашықтықтағы барлық марафондарға қатыстым. Бұл – мен үшін үрдіс. Себебі спорт маған қуат береді. Спорт саласын дамытуға өз үлесімді қосу үшін ұйымдастыру жұмыстарымен де айналысып, азды-көпті шаруалар атқарып жатырмыз.

 

Тренингтер өткізетініңізді білеміз...

 

– Иә. 2016-жылдан бері мен мотивациялық спикермін. Кездесулерге барып тұрамын. Оқушыларға, студенттерге өзімнің өмір тарихым, жетістіктерім туралы айтамын. Дәріс кезінде мен оларға «жымиыңдар» деймін. Қандай жағдай болмасын мойымау керек екенін түсіндіремін. Адам өзі үшін ғана өмір сүрмеуі керектігін, сонда ғана табысқа жете алатындығын түсіндіруге тырысамын. Тарихты тұлғалар ғана жасайды. Әрбір адам өзін тұлға ретінде сезінуі керек. Бұл – менің негізгі ұстанымым.

 

– Осының бәріне қалай үлгересіз?

 

– Себебі маған күш-жігер беретін анам, бауырларым, отбасым бар. Анамның маған айтқан жылы-жұмсақ сөздерінен, туғандарымның демеуінен, жолдасымның бәйек болып, дәмді асын ұсынғанынан, кішкентай құлыншағымның гуілдеп-уілдеген тәтті қылықтарынан қуаттанамын. Менің ата-анам мен отбасым қаржылық жағынан қиындық көрмеуі керек деп алдыма қойған мақсатым да бар.

 

– Отбасыңыз туралы айтып кетіңізші.

 

– Отбасымда 5 айлық қызым, 14 жасар ұлым, сондай-ақ, анам мен 19 бауырым бар. Бауырларымның барлығы үйлі-жайлы болып кеткен. Осындай отбасыммен мақтанамын. Олардың барлығы да мені үнемі қолдап отырады. Кенжесі ретінде алақандарында ұстайды, кейде еркелетеді. Мінезім тік, тез ашулан­ғыш болғандықтан кейде анама да, жолдасыма да, ағаларыма да қатты сөйлеп қоятыным рас. «36 жасқа келгенде неге маған айта бересіңдер?!» – дейтін кезім де болады. Бірақ артынан кешірім сұраймын. Олар менің мұндай мінезіме ұдайы кешіріммен қарайды. Анам да маған үнемі: «Сен менің емес, елдің баласысың, сені адам қылып тәрбиелеген – ұстаздарың», – деп айтып отырады. Содан соң ол кісінің: «Алдыңдағы нәрсені ұмтылып, өзің алмасаң, саған ешкім әкеп бермейді» деген сөзі де жадымда. Сондықтан барлық нәрсеге өзім талпыныс білдіремін. Көзім көрмегендіктен әр түрлі қиындықтар басымнан өтті. Ондай кезде анамның осы сөзі есіме түседі. жетістіктеріммен өзімді көрсетуге тырысамын.

 

19 бауырыңыз бар екен. Олар туралы айтыңызшы. Анаңыз қанша немере-шөбере көріп отыр?

 

– Біз қазір немерелердің де, шөберелердің де саны, жалпы бауырларымыз туралы еш­қайсысымыз ештеңе айтпаймыз. Себебі бір­неше рет осы туралы айтқанымызда анам қатты ауырып қалған болатын. Кеше өзіңізге бір ұшын шығарып едім, анам қайта сырқаттанып қалды. Ол кісінің өзі де бұл жа­йында әңгіме қылмайды. Бірнеше рет фильм түсіреміз деп тікелей анама хабарласқандар да бол­ған, бәрінен бас тартты. Біз, қазақ, ырымшыл халықпыз ғой, көз бар, сөз бар дегендей, сырт­қа бұл тақырып турасында сөз қозғамаймыз.

 

Ендеше, әрдайым аман болыңздар, сіздерге тек сәттілік тілейміз.

 

Сұхбаттасқан – М. ҚҰРБАНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ