Ол кісінің есімі – Мынатаубиік

28.12.2018
Қаралды: 259

Батыс Қазақстан облысындағы Орда ауданында Мынатаубиік Әнесов есімді кісі тұрады. Жасы – 69-да. Бүгінде Мынатаубиік мырза «Ауыл» партия­сының Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы қызметін атқарады. Бізді қызықтыр­ған бұл есімнің  сырын білмек ниетте ол кісінің өзімен әңгімелескен едік.

 

– Әкем 1942-жылы соғысқа аттанып, елге 1947-жылы келген екен. Өзі орысша-қазақшаға жетік, сурет салатын, топограф бол­ған. Әрі қуақылау, сөзге шешендігі де жоқ емес екен. Осы Орда ауданында тау деуге де аса келіңкіремейтін төбешік болатын. 1950 жылы үйленгеннен кейін әлгі төбенің басында жігіттерді жинап алып, бір әңгімелесіп отырғанында: «Ертең әйелім босанып, ұл тапса, оның атын осы таудай биік деп қоямын», – деп айтыпты. Өзінің есімі – Таупиық. Анам босанған соң өзінікіне ұқсатып, аты Мынатаубиік болсын деп шешіп, анасына келсе: «Қайдағы ұл, әйелің қыз тапты!» – деп көңілін су сепкендей басыпты. Содан: «Қап, балам мына таудай биік болсын деп армандап едім...» – деп іштей қынжылып қалады.

 

Қырық күн өткен соң әжеміз жаңағы төбешіктің басына сол жігіттерді жинатып, қазан-ошақ қойдырып, киіз үй тігіп, ас беріпті де: «Мынау сенің балаң», – деп мені әкеме  сол кезде ғана бір-ақ көрсеткен екен. Оны естіген әкеміз қуанып, сол күні атымды азан шақырып, өзі армандағандай Мынатаубиік деп қойыпты.

 

Менде тағы екі есім болған. Бала кезімде әкем атымды қысқартып, Мәнөк дейтін. Ол кісі қайтыс болған соң көп жылдар интернатта оқыдым. Ол жерде барлығы Марат деп кетті. Бірақ құжаттардың бәріне Әнесов Мынатаубиік Таупиықұлы деп жазылды. Көбіне есімімді ешкім түсініп болмайды, одан қалса, «ол қалай жазылады» деп шығады, содан соң өзім жазып беруге тырысамын. 

 

Жалпы, өзімнің бойым аса биік емес. Бо­йым – 166 сантиметр. Институтта оқып жүрген кезімде еркін күрестен Кеңес Одағының чемпионы болдым. Бертін келе ел басқардық. Қазір, міне, ел қатарлы төбеден биіктеу, Алатаудан аласа болып жүрген азаматпыз.    

 

Ауылда партияның хатшысы болып жүр­генімде бізге орыстар келетін. Кірген бойда: «Извините...» – деп кешірім сұрайтын. Сондайда «қазақтың ат қою рәсімінің құндылығы керемет қой, оларды менің алдымда басын кішірейтіп қойғаны-ай» деп қоятынмын іштей. Аттың адамның мінезіне, тағдырына әсері бар дегенді естуші едім. Кейде сол  рас-ау деймін.

 

Институттан кейін Ақтөбе облысына жолдамамен жұмысқа бардым. Мекеме директоры отырып алып, дипломыма ұзақ қарады. Мен не қарап отыр деп қоямын.  Бір кезде әңгімесін «Извините...» деп бастады. Мен не боп қалды деймін ғой. Сонда ол кісі: «Мен қарамағымдағы жұмысшыларды аты-жөнімен атайтын едім. Сенің атыңды әлі түсінген жоқпын. Бұл қандай ат? Қалай қойған?» – деп біраз таңданған еді.

 

Енді, қалқам, өзіңнің де шыққан тауың биік болсын. Біз шықпаған төбеге сендер шығыңдар, – деп әңгімесін аяқтады ол кісі.

 

Мынатаубиік атаның жақсы тілегіне біз де марқайып қалдық. Мағынасы қандай керемет десеңізші, иә?!

 

М. БИБОЛ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ