«Ов» пен «евті» қояйық, «ұлы», «қызы» болайық

28.12.2018
Қаралды: 810

Ата-бабаларымыз сан ғасырлар бойы аңсаған Тәуелсіздікке қол жеткізгенімізге де 27 жылдан асып отыр. Осы уақыт аралығында егемен елімізде ұланғайыр тірліктер жүзеге асырылды.  Бүгінде тіл, діл, дін, тарих, руханият мәселелеріне жете көңіл бөлінуде.

 

Қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесін иеленді. Орыс тілін  ұлтаралық қатынас тілі ретінде қолдану көзделген. Халықаралық аренаға шығып, өзге де өркениетті елдермен экономикалық, сауда-саттық, бизнестік байланыстар жасау үшін ағылшын тілін меңгеру қажеттігі де алға тартылуда. Әрине, көп тіл білгеннің ешқандай зияндығы жоқ. Бірақ қазақ тіліне деген құрметіміз бөлекше болуы керек.

 

Заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезов: «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген даналық сөз қалдырғанын бәріңіз жақсы біле­сіздер. Ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымызды сақтаумен қатар оны заман талабына сай дамытып, жаңғырта білуіміз керек. Осы орайда көңілге кірбің түсіретін мына бір жайтты айтпай кетуге болмайды.

 

Өкінішке қарай, әлі күнге дейін ата тегімізді қазақы қалыпта дұрыс жаза алмай келеміз. Мәселен, көпшілігіміз аты-жөніміздегі «ов, «ев», «ова», «ева» секілді орыс тілінен енген жалғаулардан арыла алмаудамыз. Жеке куәліктері мен төлқұжаттарында аты-жөні орысша жазылған қандастарымыз аз емес. Армяндардағы «ян», грузиндердегі «дзе», «швили», украиндардағы «ко», серб­тердегі «ич», түрік туысқандардағы «оғлы» жалғауларына қарап, әуесің келеді. Ұлт пен ұлыстың аты, тілі, түрі, сөзіне қарап, олардың кім екенін айқын аңғаруға болады. Сол секілді қазақтар да өздерінің ата тегіне «ұлы», «қызы», «тегі» деп жаздырса, құба-құп болар еді.

 

Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы өзінің командирлері «Момышев» деп шақыр­ғанда олардың алдына бармай қойғанын бәріңіз жақсы білсеңіздер керек. Бойына қайсарлық рух қонған Баукеңнің: «Мен үш нәрседен қорқамын: бірінші – немере, шөбе­релеріне аңыз, ертегі айтып бере алмайтын ата-әжелерден; екінші – сәбилеріне «Бесік жырын» айтып бере алмайтын келіндерден; үшінші – екі қазақтың басы қосылғанда бір-бірімен басқа тілде сөйле­генінен» деген даналық сөзі ешқашан жадымыздан шықпауы керек. Сол айтқандай, біздің бәріміз өз елімізді, жерімізді шынайы сүйетін нағыз отаншыл, ұлтжанды патриот болсақ, ең алдымен туған тіліміз – қазақ тілін айрықша құрметтеуіміз керек. Сөйтіп, аты-жөнімізді қазақы қалыпта жазғанымыз жөн болмақ демекшімін. Сіздердің де бұл ұсыныс, пікір, тілекті дұрыс қабылдайтындарыңызға сенім­дімін.

 

Бауыржан ШЕРТАЙҰЛЫ,

ауыл биі.

Келес ауданы.

Түркістан облысы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ