Доңыз туралы деректер

01.01.2019
Қаралды: 388

Әне-міне дегенше 2019-шы, Доңыз жылы да басталып кетті. Осы орайда жыл атын иеленген жануар жөнінде танымдық деректер жариялауды ұйғарып отырмыз.

 

Қолға қытайлар үйреткен дейді

 

Әлемде доңыздың 22 түрі мекендейді екен. Одан бас­қа будандастыру арқылы шығарылған түрлері де бар. Барлығының «бабасы» кәдімгі жабайы қабан болып табылады. Кезінде Еуразия мен Африканы мекендеген доңыздар адамның қолымен бүгінде әлемнің Антарктидадан басқа аумақтарының бәріне таралған. Ғалымдардың есебінше, оны қолға үйрету біздің дәуірімізге дейінгі 8-мыңжылдықта Қытайда іске асырылған деседі.

 

Шалшыққа не үшін аунайды?

 

Жалпы, доңызды көп адам таза емес жануар деп біледі. Өйткені ол шалшыққа аунағанды ұнатады.

 

Ал доңыздың шалшықты «жақсы көретінінің» сыры мынада екен: Онда дене температурасын реттеп отыратын тер бездері аз. Яғни терлей алмайды. Сондықтан ол шалшыққа аунайды. Денесіне жұққан балшық оның біраз салқындап алуына көмектеседі екен. Сондай-ақ доңыз сол балшықтың көмегімен маса, шіркей сияқты қансорғыш жәндіктерден қорғанады.

 

Салмағы 6 тоннадан асқан қабан

 

Доңыз деген жануар тез жетіледі, тез көбейеді, өміршең. Бұған қатысты таңқаларлық рекордтар бар. Солардың бірқатарын айта кетейік.

 

Мысалы, 1933-жылы АҚШ-та Үлкен Билл деп ат қо­йылған бір қабан (доңыз аталығы) өмірден өтіпті. Оның салмағы сол кезде 1 тонна 133 кило, денесінің ұзындығы – 274 сантиметр, бойының биіктігі 150 сантиметр болған екен.

 

Бұдан да зоры бар. Ұлыбританияның Гемпшир графтығында бір шаруаның өсірген голстер тұқымды қабанының салмағы 6 тонна 395 килоға жеткен екен.

 

Тауықпен бірдей доңыз

 

Әлемде доңыздың будандастыру арқылы алынған түрлері де баршылық. Оның ішінде жоғарыда аталғандай алыптары да, бойы тауықпен бірдей болатын кішкентайлары да бар. Мысалы, Қытай ғалымдары ересегінің салмағы 15 килоны шамалайтын қортық доңыз шығарған екен. Ондай доңызды сән үшін ұстайды. Бағасы  2000 долларды шамалайтын көрінеді.

 

Бойы 50 – 60 сантиметр ғана болса да салмағы 50 килодан асатын қортық доңыздар, сондай-ақ құны 100 мың теңгені шамалайтын «Мини-пигги» деп аталатын декоративтік доңыздар да бар.

 

Бір аптада 130 торайға «әке» болған Борис

 

Ұлыбританиядағы бір шаруаның Борис атты қабаны бірде қорасынан қашып шығып кетіпті. Ол еркіндікте 7-8 күн жүрген. Бористі осы аралықта өзге шаруалар өз қажетіне пайдаланып қалыпты. Яғни оны өз шаруашылығындағы мегежіндерді (доңыз аналығы) ұрықтандыруға салған. Осының нәтижесінде арада белгілі уақыт өткесін өмірге 130 торай келген екен.

 

Бір реттік «қызметі» 10 мың теңге тұрады

 

Үйінде қабан асырап, оны тек мегежіндерді ұрықтандыру үшін пайдаланатындар бар. Басқа елдерде қандай екенін білмедік, біз бір жарнамадан өзіміздің Ақмола облысындағы бір азаматтың сондай қызмет ұсынған хабарламасын оқыдық. «10 мың теңге. Торайға айырбас­тауға да болады» деп жазыпты ол. Қабанының «жұмысын» 2018-жылдың қазан айында бастағаны туралы айтады, жасы, бойы мен салмағы, тұқымы көрсетілген, «10 – 14 торайға кепілдік бар», – делінген.

 

Жылына екі мәрте ұрпақ бере алады

 

Жалпы, доңыз өсімтал жануар саналады. Ол бір туғанда өмірге 4-тен 12 торайға дейін әкеледі. Күтімі жақсы болса, оны жылына екі мәрте торайлатуға болады екен. Кей шаруалардың 2 жылда 5 мәрте торай алатындары да болады. Бірақ жануарды бұлай қинау оның азып-тозуына, торайларының әлжуаз болып туылуына соқтырады.

 

Доңыздар жыныстық жағынан 4-5 айлығында жетіледі. Жас доңыз салмағы 10 килодан асқасын-ақ «бала көтеруге» бейімделе бастайды екен.  Ал мегежіннің буаздық мерзімі 110 – 118 күн аралығын құрайды.

 

Бірден 34 торай туған

 

Доңыздар 15 – 20 жыл өмір сүреді. Осы аралықта өмірге жүздеген ұрпақ әкелуге мүмкіндігі бар.

 

Мысалы, 1961-жыл Данияда бір мегежін бірден 34 торай туған екен. Доңыздар тарихында туу жағынан рекорд жасағандар аз емес.

 

36 күн бойы көмір жеп тірі қалған

 

Еріксізден «рекорд» жасаған доңыздар да бар. 2011-жылы Қытайдың Сычуань провинциясында қатты жер сілкінісі болғаны белгілі. Сонда бір шаруаның доңыз фермасы да қирап қалған. Қирандының арасынан аман қалған жарамды зат іздеп жүргенде иелері бір доңызды тірідей тауып алыпты. 36 күннен кейін. Байғұс жануар бір айдан аса уақыт бойы жаңбырдың суын ішіп, жақын жерде жатқан көмірді талғажау етіп тірі қалған екен. Кейін оны Гиннестің рекордтар кітабына енгізіпті.

 

14 литрге дейін су іше алады

 

Доңыз ашыққанда көзіне көрінгеннің бәрін жей береді. (Мысалы, «Ютубта» бір қабанның 7-8 литрлік шелектегі жуындыны 5-ақ минутта ішіп қойғаны түсірілген бейнежазба жүр). Ол тіпті бір ішкенде 14 литр суды еркін сіміре алады екен.

 

Бірінші орында Қытай тұр

 

Әлем елдерінің ішінде доңызы көптігі жағынан Қытай алда тұр. Мысалы, 2005-жылдары бұл елде доңыз басы 473 миллион болыпты. Сондай-ақ қытайлардың 2017-жылы 74 миллион тонна доңыз етін тұтынғанының өзі көп нәрсені білдірсе керек.

 

Ал АҚШ бұл мәселеде Қытайдан кейінгі 2-орынды алады. (60 миллион бас). Одан кейінгі орындарда Бразилия, Германия, Испания тұр. Бұл жағынан алғанда Ресей де – алғашқылардың қатарында. Сондай-ақ Азия елдерінің ішінде Вьетнамда, Үндістанда, Индонезияда, Кореяда, Тайландта, Жапонияда да миллиондаған доңыз өсіріледі.

 

Біздің елде де баршылық екен

 

Бұрынғы КСРО құрамында болған ортаазиялық республикалар ішінде Қазақстанда доңыз басы 1 миллионнан асады екен. Мысалы, 2007-жылғы деректерде «1 миллион 300 мыңдай» деп көрсетіліпті.

 

Данияда адамнан доңыз көп

 

2018-жылғы сәуір айына дейінгі деректе Данияда 12 миллион 900 мыңдай доңыз бары көрсетіліпті. Демек, бұл елде доңыз шаруашылығы қарқынды даму үстінде.

 

Ал Данияның тұрғындары 5 миллион 700 мың адамды құрайды екен. Яғни адамынан доңызы екі есе көп.

 

Меринос қойға ұқсайды

 

Венгрияда да  доңыз көп өсіріледі. Онда доңыздың «мангалица» деп аталатын түрі бар. Ол биязы жүнді қойға ұқсайды, денесін бұйра жүн басқан.

 

Бұл жануарды 1833-жылы венгриялық бір князь карпаттық жабайы қабан мен жергілікті үй доңызын будандастыру арқылы алған екен. Бір кездері ол тұқым-тұяғымен жоқ болып кете жаздаған. Бүгінде аман-есен көбейіп жатыр.

 

Түрлі дерт жұқтыруы мүмкін

 

Жалпы, доңыздың көп елдердің ауыл шаруашылығында алатын өзіндік орны бар. Сондықтан да оны миллиондап өсіреді. Бірақ оны түрлі ауруларға қарсы уақтылы дәрілеп, ішіп-жемінің тазалығына мұқият болу маңызды.

 

Өйткені доңыз тамақ талғамайды, өлексені де жей береді. Сондықтан оның ағзасы паразит құрттардың мекендеуіне қолайлы. Дұрыс сойылып, тазартылмаған, толық пісірілмеген жағдайда етті тұтынушы адамның ағзасына өту қаупі жоғары. Тазалық шаралары сақталмаса, гельминтоз, трихомониоз, энтеробиоз, анкилостомоз, трихоцефалез сияқты ішек құрттары адамға осы доңыздан жұғады

 

Адамды жеп қойған оқиғалары болған

 

Тамақ талғамайтын доңыз өз бетімен адамға шаппағанымен оның қауіпті кездері болады. Буаз мегежінді бөлек ұстамаса, туған жағдайда оның торайларын өзгелері жеп қоюы мүмкін. Қатты ашыққанда әлсіздеу  доңызды талап жеп қоюы ықтимал.

 

Ашыққан доңыздар ортасына қауқарсыз адам (ауыр­ған, жарақаттанған, естен танған) құлап қалса, оны да жеп қояды. Тарихта ондай оқиғалар көп болған. (Осыдан біраз жыл бұрын Шымкентте жалғызілікті кейуананы өзінің асырап-бағып отырған доңыздары жеп қойғаны туралы газетімізде жазғанбыз).

 

Ағзасы адамдікіне ұқсайды

 

Жалпы, доңыздың ағзасы адамдікіне аса ұқсайды екен. Бұған ғалымдар әбден зерттеп көз жеткізген. Іш құрылысының барлығы дерлік ұқсас келеді. Сондықтан трансплантологтар оны ішкі ағзасы жарамсыздыққа ұшыраған адамға пайдалану жағын ойластырып жүр. Ағза алмастыруға қатысты ондай ота жасатқандар да бар.

 

Ұйқы безінің сығындысынан инсулин жасалады

 

Доңыз ағзасының адамдікіне ұқсайтынын білген ғалымдар оны медициналық мақсаттарға пайдалануға қатысты жаңалықтар ашуда. Мәселен, оның ұйқы безінен, асқазан сөлінен дайындалған сығынды қант диабетіне ұшыраған адамдар үшін инсулин жасауда қолданылады.

 

...Міне, биылғы жыл атын иеленіп отырған жануардың тіршілігінде осындай ерекшеліктер бар екен. Ал әлемде қазір 1 миллиардтан аса үй доңызы тіршілік етіп жатыр деседі.

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ