Қырғыздар қырғидай тимекші

31.12.2018
Қаралды: 435

Қырғызстанда «Кырк чоро» қоғамдық қозғалысының өкілдері Қытай елшілігінің алдында шеру ұйымдастырды. Оған 150-ден астам адам қатысты. Шерушілер Қырғызстанда заңсыз жүрген шетелдіктердің елден 30 күннің ішінде кетуін талап етті.

 

Бұған негізінен соңғы кездері жиі айтылып жүрген Қытайдағы ұйғыр, қазақ, қырғыз, татар сияқты азшылық ұлт өкілдеріне жасалып жатқан қысым себеп болып отыр. Қытайлар жағы мұндай қысымды жоққа шығарып, «олар кәсіп үйреніп жатыр» деген желеу айтады. Ал қырғыз қоғам белсенділерінің айтуынша, онда 50 мыңнан аса этникалық қырғыздар қамауда отырған көрінеді. Осыған байланысты соңғы бір айдың көлемінде ғана Қырғызстанда бірнеше шерулер, пикеттер болып өтті. Бішкектегі Қытай елшілігінің, Біріккен Ұлттар Ұйымы ғимаратының алдына жиналғандар бұл деректі анықтауды, егер ол рас болса, қамаудағы жазықсыз жандарға көмек көрсетуді талап етті.

 

«Біз бұл жерге өз ойымызды айтуға келдік. 50 мың этникалық қырғыздың не үшін қамалғанын, қандай заң бұзғанын айтсын», – деді осында сөз сөйлеген «Кырк чоро» қозғалысының мүшесі. Оның сөздерін қостап тағы бірнеше адам сөйледі. Олар сондай-ақ арнайы комиссия құрып, соңғы 10 жыл ішінде Қырғызстан азаматтығын алған адамдарды тексеруді де талап етті.

 

«Биліктегілер біздің елде заңсыз жүргендер жоқ дейді. Мен өз басым оған сенбеймін. Елімізде заңсыз жүргендер көп. Осындағы кейбіреулермен тамырласып алған, өз мақсаттарына жету үшін қырғыз қыздарына үйленіп алғандары бар.

 

Қырғызстанда заңсыз жүрген шетелдіктер 30 күннің ішінде елден кетсін! Егер бұл талабымыз орындалмаса, біз өзіміз іске кірісеміз. Әрбір жұмыс орындарын өзіміз барып тексереміз!» – деді «Кырк чоро» өкілі.

 

Айта кетейік, «Кырк чоро» (біздіңше «қырық шора» немесе «қырық жора») – Қырғызстанда осыдан бірнеше жыл бұрын өмірге келген қоғамдық қозғалыс. «Манас» жырындағы ер Манастың халықты қорғаушы қырық нөкер-жолдастарын негізге алып, қырғыз халқының ар-намысын қорғау мақсатында құрылған. Өзгеше іс-әрекеттерімен белгілі. Қозғалыс белсенділері мол табыс үшін зиянды азық-түлік шығарумен айналысқан бірер кәсіпорындарды әшкерелеген, қытайларға қызмет көрсетіп жүр деп караоке-бардағы жеңіл мінезді қыздарды бейнежазбаға түсіріп жариялаған, тағы да басқа заңды-заңсыз әрекеттерімен танылған. Олар доқ көрсетіп, айтып қана қоя салмайды, сөзі мен ісі бір жерден шығып жатады. Яғни Қырғызстанда заңсыз жүргендер енді өздеріне бір тықыр таяп қалды деп ойлай берсе де болады.

 

...Ал Қытайда бүгінгі күндері 200 мыңға жуық қырғыздар тұрады. Олардың көбі 1916-жылы Ресей империясында болған Ұлт-азаттық көтерілісі кезінде Қытайға ауғандардың ұрпақтары. (Бұл зұлмат кезеңді қырғыздар «Үркіншілік» деп атайды).

 

Ал қытайлық қырғыздар негізінен Шыңжаңға қарасты Қызылсу-қырғыз автономиялы округінде тұрады. Бұл аумақ Қырғызстанның Ыстықкөл, Нарын, Ош облыстарымен және Тәжікстанның Тау­лы Бадахшан облысымен шектеседі. Қырғызстан тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ондағы қандастарын көшіріп алуды ойластырған, бірақ қаржылық қиындықты шеше алмаған еді.

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ