Жаңа жылдың алғашқы перзенттерінің қатарында үшемдер де бар

01.01.2019
Қаралды: 298

Жаңа жыл мерекесін көпшілік жасаулы дастархан басында жақсы тілекпен  қарсы алса, кейбірі бұл мейрамды шет елде атап өтеді. Ал кейбір жандар жұмыс­та жүреді. Мәселен, медицина қызметкерлері. Соның ішінде перзентханадағы дәрігерлер, акушерлер жұмысы тым қауырт дер едік. Барша жұрт Жаңа жылды улап-шулап қарсы алса, олар жаңа туған сәбилерді қарсы алады.

 

Кешегі сәрсенбіде біз Жаңа жылмен «жарысып» дүниеге келген №1 облыстық перинаталдық орталығындағы кішкентайларды көріп, аналарды құттықтап қайтқан едік. Биыл перинаталды орталықта атұстарлар, яғни ұл балалар көп туылыпты.

 

«№1 Ана және баланың бірге болуы» бөлімше­сінің меңгерушісі Айнаш Мұхтарқызының айтуынша, 2018-ден 2019-жылға ауған түні 6 ұл, 7 қыз бала өткен жылдың есігін жауыпты. Ал сағат тілі 12-ні соққаннан кейін, яғни 1-қаңтардан бір тәулік ішінде 14 ұл және 9 қыз өмірге келіп, халық санын 23 адамға көбейтіпті. Қуантарлығы – бұл түні орталықта үшемнің жарық дүниеге келуі. Кішкентайлар әзірге жансақтау бөлімінде. Салмақтары тым аз, өмір үшін күрескен сәбилер туралы әзірше кеңінен ақпарат бере алмаймыз. Алла қаласа, үшемдер күш жинап, отбасына аман-есен жетсін деп тілейміз.

 

Жаңа өмірге құрдастарын «бастап келген» қыз бала – Күмісай салмағы 3400 грамм болып туыпты. Ол тұрбаттық жас отбасы Ералы Әмірсейітов пен Зухра Юлдашеваның тұңғыш перзенттері екен.

 

«Алғаш рет әке атанып отырғандықтан қобалжудамын. Тұңғышымды әзірге телефон мен терезеден ғана көрдім. Соның өзінде мейірімім оянып, қолыма алғанша асықпын. Келіншегім де, мен де ұзын бойлылар қатарында емеспіз. Бірақ қызымыз 53 сантиметр боймен туып, дәрігеріміз ұзын, сұлу қыз болады деп қуанышымды одан сайын еселеп еді.

 

Жалпы, Зухраның анасы ұзынша келген кісі. Мүмкін сол кісіге тартайын деп тұрған шығар. Қазір шығарып алып кетуге анам екеуміз келіп едік. Енді сол сәтті тағатсыздана күтудеміз», – деді гүлі мен нәрестенің туу туралы куәлігін құшақтай ұстаған жас әке.

 

Төлеби ауданының кішкентай тұрғыны Сұңқар есімді балақай да Жаңа жыл қарсаңында анасы Айзада Әуезова мен дәрігерлердің ұйқысын «ұрлапты». Өзімен «таласып» туған палатадағы Шырайлым, Жанерке, Назым мен Әсел есімді төрт қызға «бас-көз» болып жатқан батыр көп жыламайды да екен. Анасы екеуі Жаңа жылды жанұяларымен бірге қарсы ала алмаса да Доңыз жылы әулетке үлкен қуаныш сыйлап отыр.

 

Жас ана Айзада: «Бұдан кейін Жаңа жылмен қоса ұлымның да туған күніне қатар дайындалып, атап өтетін боламыз. Әкесі де Сұңқардан көп үміт күтеді. Кең жүректі, қамқор, адал азамат болып өссе екен дейміз. Барша сәбилерге де осы аналық тілегімді арнағым келеді», – дейді ағынан жарыла.

 

...Анаға қуаныш, балаға жарық дүние сыйлау үшін табанды еңбек етіп келе жатқан №1 облыстық перинаталдық орталық Қазақстан бойынша ең үлкен саналады. 300 орындық орталықта жылына 10 мыңға жуық нәресте туылады екен. Бұл өте үлкен көрсеткіш. Сонымен бірге мұнда 500 грамдық «шалабайларды» да отбасыларына балпақтай, денін сау етіп шығаруда. Бұл, әрине, еңбекқор, сауатты ұжым мен талапшыл басшының арқасында деуге толық негіз бар.

 

Д. МЕДЕУОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ