Германиядан туған жері Боралдайға қыдырып келді

28.12.2018
Қаралды: 510

Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейінгі жылдары елімізден Германияға қоныс аударғандар қатары көбейген. Біреулер жұмыс іздесе, біреулері кәсіп ашамын деп көшкен, ал кей жастар білім аламын деп қоныс аударған. Ал ес білгелі Бәйдібек ауданына қарасты Боралдай өңірінде тұрған, ұлты ирандық азамат Вадим Аманиұлы қара шаңырақ деп есептеген үйін анасының қалауымен қалдыруға мәжбүр болған екен. Ол 26 жылдан бері Германияда тұрып келеді.

 

Жуырда Амани әулеті Боралдайға келіп, туған жермен қауышыпты. Бәйдібек ауданындағы осы бір жаңалықты құлағымыз шалғасын оның өзімен хабарласқан едік.

 

«Біз 1994 жылға дейін Боралдайда тұрып, тұрмыс кештік. Әкем Амани Аман «ХХІІ партсъезд» совхозына қарасты Жоғарғы Боралдай ауылындағы тауық фермасында меңгеруші болған. Анам Лида Лукас та осы фермада жұмыс істеді. 

 

Отбасында Лилия, Нина есімді екі қыз және мен. Әпке-қарындасым ауылдағы Саттар Ерубаев атындағы мектепті бітірген соң Шымкент қаласындағы медицина училищесінде оқып, медбикелік мамандық алып шықты. Ал мен Алматыдағы Асфендияров атындағы медициналық институтты тіс дәрігері мамандығы бойынша аяқтап, жоғары білім алдым.

 

Үшеуіміз де өз мамандығымыз бойынша Боралдайда, Шымкентте еңбек еттік, тәжірибе жинадық. Ата-ана үмітін ақтауға тырысып, қатардан қалмай жұмыс істедік. Лилия мен Нина өз теңдерін тауып, тұрмыс құрды. Мен де үйленіп, әкем мен анамның жүгін жеңілдетіп, үлкен өмір бастадық.

 

Анам гүл өсіру, бақ ұстау, тауық көбейтуді өте жақсы көретін. Үйді де сондай таза ұстаушы еді. Әр заттың өз орнында тұруын қалап, оны бізден де талап ететін. Осы қасиетін көршілеріміз қатты бағалады. Ең жақын Кеңес Бердиев, Батырбек Найзабеков, Биболсын Керімбаев есімді қазақ көршілерімізбен етене жақын араластық.Олар туысымыздай болып кеткен еді. Бала кезімізде бір-біріміздің үйімізге кіріп-шығып, зат, нан ауысып та тұратынбыз. Кейін есейіп, ақыл тоқтатқасын бұл әдетімізді азайттық. Десе де елден көшетін кезімізде бірінші осы кісілерді қимай, жабырқап қалған едік.

 

Анам Лида – неміс ұлтының қызы. Орта жасқа жақындағанда тарихи Отаны – Германияға көшкісі келетінін, туыстарынан алыстап кеткенін жиі айтатын болды. Әкем Амани анамның сөзін құптап, қолдау көрсетті. Ал біздер алғашқыда біраз қарсылық таныттық. Себебі әрбіріміз осында тамыр жаямыз, ұрпақ өрбітеміз деп жүрдік. Қыздар да бір-бір шаңырақтың қазығы болып қағылды. Олар бізбен қоныс аударғысы келгенімен, ерлері келіспейді. Осы мәселелер ұзақ талқыланды. Әйтеуір көп ұзамай шешілмейді деген түйін тарқатылып, көшетін болып шештік. 

 

Ауыл-аймақты түгел жинап, үлкен ас беріп, елдің батасымен көшіп кете бардық. Сонша жыл жинаған дүние-мүлік пен басқа да қажеттіліктерімізді қанша ыстық болса да өзімізбен алып кете алмадық. Бір-бір сөмке киімдерімізді арқалап, келешегімізді нағашыларымыз бен Швильде қаласына тапсырғандай күйде аттанып келдік.

 

Мұнда туыстарымыз өте көп. Үй сатып алу, құжат рәсімдеу секілді шаруалар біраз уақыт алғанымен мен ойлағаннан ерте бітті. Ал жұмыс іздеу басқаларынан гөрі маған қиынға соқты. Өйткені өзге мемлекеттен келген дәрігерге Германия жауапкершілік жүгін сеніп тапсыра қоймайды екен. Әпкем мен қарындасым отбасымен және менің жолдасым жергілікті бір зауытқа жұмысқа тұрды. Мен екі қолға бір күрек таба алмай ұзақтау сенделдім. Ауа райына да үйренісе алмай, Қазақстанға кеткім келді де тұрды. Анамның көңілі үшін бәріне шыдап жүрдім.

 

Мұндағы бірінші шаруамыз – тіл үйрену еді. Анамыз неміс қызы болса да біз тек иран, қазақ тілдерінде сөйлесіп өстік. Немісше кей сөздерді білгенімізбен, бұл тілде ойлау, сөйлем құрауды екі жыл дегенде ғана толық меңгердік. Осыдан кейін мен сондағы ауруханалардың біріне әуелі санитар ретінде жұмысқа тұрдым. Сосын лаборант, одан соң тіс дәрігерінің көмекшісі болып ауыстым. Мені таңқалдырғаны, мұндағы кіші буын қызметкерінің айлығы сол кездің өзінде Қазақстандағы бір дәрігердің жарты айлығына тең болатын.

 

Бұл мемлекеттің мәдениеті, халқының еңбекқорлығы, жұмысқа зор жауапкершілікпен қарайтындығы мені тәнті етті. Әйел мен ер кісілер мұнда дауыс көтеріп ұрсысып немесе балаға айғайлаған жағдайды әліге шейін көрмедім. Немістер уақытты өте тиімді жұмсайды. Әрбір минуты есептеулі. Барлығын жазып, сызып жүретін халықтың төс қалтасында үнемі кішкентай ғана блокнот пен күнтізбе жүреді. Ақшаны да дәл солай ұқыптылықпен жұмсайтын болып шықты.

 

Осылай таңқалыс пен тартысқа толы бес жыл өте шыққанын да байқамаппын. Анам жарықтық мұнда қоныс аударған соң алты жылдан кейін дүние салды. Кіндік қаны тамған жеріне келуге осынша асыққанын сонда түсіндім. Сезген екен.

 

Жұбайының жоқтығы әкеме қатты батты. Үнемі сүлесоқ жүреді, көңіл-күйі де оңай көтеріле қоймады. Мұның барлығын байқап, бір күні әкеме: «Қазақстанға барып қайтайық», – деп едім, балаша қуанды. Келген соң баяғы көршілермен шүйіркелесіп, ауылды түгел аралап, бір жасап қалды ғой. Сөйтіп әкемді ертіп, елге екі рет келдік.

 

Әкем 2008-жылы анамның соңынан кете барды. Содан бері туған жерге келген бетіміз осы», – деп таза қазақшалап әңгімесін аяқтады Вадим Аманиұлы. Ол кісі жусан исі аңқыған қазақ даласына түбінде бір көшіп келетінін де қосып қойды.

 

Д. МЕДЕУОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ