Абзал Құспан, адвокат: «Қазақ үшін ойланатын да, толғанатын да мәселе көп»

30.12.2018
Қаралды: 76

– Қазақ мәселесі Қазақстандағы ең күрделі мәселеге айналып отыр дегенді жиі айтасыз. Сондайлық бітімін таппай жатқан ол не мәселе?

 

 

–  Өзге емес, өз жерінде отырған қазақтың шаш-етектен проблемасы бар.  Оны  жоққа шығара алмаймын. Өткен ғасырдың басында Алаштың арда  ұлдары тіл, жер мәселесі  жөнінде әңгіме  қозғаған  еді. Сол мәселе әлі  бар. Шешімін тапты деп  айта алмаймын. Сол тіл, жер мәсе­лесіне дін, әлеуметтік тұрғыдан  қорғалмау, өз жерінде өгей баланың күйін  кешу  секілді  көптеген түйткілдер қосылды.

 

Тәуелсіздікке қол жеткізген соң  қазақ ұлты «біз осы  жердің  иесіміз,  қожасымыз»  деп түсінді. Көп  нәрседен үмітті болды. Өзге ұлттар тарапынан болып  жатқан кейбір кикілжіңге «бас жарылса – бөрік ішінде, қол сынса –  жең  ішінде» деген   кешіріммен  қарады. Сол секілді биліктің жасап  жатқан  кейбір  көңілге  қонымсыз тірлігіне де көз  жұмды. Өйткені «Осы  мемлекеттің  негізгі  иесі  біз. Сәл  шыдайық. Бәрі  оңалар»  деген сеніммен өмір  сүрді. Бірақ уақыт  өте келе бәрі алдамшы екеніне көзі жете бастады. Себеп – ұлттың  тілі, ой-арманы қағажу көрді. Өз деңгейіне көтеріле алмады. Билік самарқаулық танытты. Тілді былай қойып, иісі қазаққа ғана тиесілі жерді саудалай  бастады. Діндегі түрлі жат ағымдар алдында әлсіздік танытты. Бақуатты өмір сүруге елдегі байлық  жетіп  тұрса да халық кембағалдың  күйін  кешті.

 

Сайып  келгенде мұның бәрі қордаланып қалған мәселе.  Мұны аттап  кетуге болмайды. Қалайда кешенді түрде шешуге қол  жеткізуіміз керек. Ұлтты жаңа бір белеске жетелейтін, пәрмен беретін үлкен  бағдарлама керек. Ол  мемлекеттік  деңгейде  жүзеге  асқаны жөн. Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі билік қазаққа бетін бұруы тиіс. Мәселен,  өрке­ниеттің жолына түскен бірқатар мұсылман елдері, соның  ішінде  араб  мемлекеттерін алатын  болсақ, оларда бірінші орында жергілікті  халық,  яғни  арабтар тұр. Мемлекет алдымен  соларға жағдай жасаған. Өйткені сол  жердің, мекеннің ежелден бергі  иесі, тұрғыны сол арабтар.

 

Тағы бір мысал: Мына  көрші  жатқан  түркімендер қыздарын өзге ұлт  өкілдеріне, яғни  шетелдіктерге тек қалың малын  төлеген соң ғана  береді.  Біраз  зерттеп  көрдім. Әрине, олар  заңды түрде «қалыңмал» деп  айтпайды. Бірақ  қыз бала балабақшада тәрбие  алды,  мектепте,  жоғарғы  оқу орнында тегін білім алды, тегін медициналық  көмек алды, тағы басқадай деп қосып  есептейді. Соның өзі ондаған мың долларға шығады екен. Дұрыс.

 

Ал бізде  қалай? Еліміздің  болашағы,  ертеңі  болатын  ұрпақты  дүниеге  әкелетін  қыздарымыз қазір  көрінгеннің  жетегінде  кетіп жатыр. Ұлттың  келешегін  ойлау қаперлеріне кірмейді.  Осы  мәселені айналадағыларға  айтсаң, «Өзге  ұлттың  көңіліне  келер. Оқыс  жағдай  туып  кетер. Қазір  заман  басқа, қыз кімді  көңілі  қаласа,  сонымен  бірге  болғаны  жөн  ғой»  деген  жалтақ уәж айтады. Бұл – қазақтың  болашағына  бейжай,  самарқау  қарау  деген  сөз.  Мұның  бәрін  біз айтпасақ,  кім айтады?  Қазақ  үшін  ойланатын  да,  тол­ғанатын да  мәселе  көп.

 

– Қытайдан келген қазақтар, жал­пы Қытайда­ғы қандастар мә­с­е­лесіне көңіл бөліп, құқықтық жағынан көмек  беріп жүрсіз. Бұл енді өзіңіз секілді «қаным – қазақ, жаным – қазақ» дейтін азаматтар тарапынан болып жатқан қадам. Ал ресми түрде біз сыртта жүрген қандастарымызды қаншалықты қорғап, қолдап жатырмыз?

 

–  Ақиқатын айтар  болсақ,  тіпті   менің  өзім Сыртқы  істер министрі  болсам,  не  болмаса Көші-қон  комитетінің  төрағасы  болсам  да  сырттағы  қазақтардың,  соның  ішінде Қытайдағы  қазақтардың  мәселесін біржақты  етіп  шешіп тастаймын  деп айта  алмаймын. Біз  АҚШ  не  болмаса  Ресей  емеспіз.  Олар  – империялар. Өзгеге өктемдік  жасап,  айтқанын  істете  алады.   Біз ондаймыз  ба?  Жоқ.  Қазақстан  ондай үлкен  әлеуетке  ие  емес. Сондықтан қолдан келгенше дипломатиялық  жолмен шешуге  ұмтылған тиімді.  Мәселен,  БҰҰ, ЕҚЫҰ  секілді халықаралық  азулы  ұйымдарға  шығып,  солардың қолдауымен реттеу­ге  тырысқан  жөн.

 

Қазақстанның  Сыртқы  істер министрлігі де  қарап жатқан жоқ.  Қолдан келген  мүмкіндікті пайдаланып  жатыр.  Жақында Қытайдағы  2  мың қазақ  елімізге   келуге рұқсат алды  деген  жылы  хабар естідім. Бұл да  – жетістік.  

 

Мынаны  ұмытпауымыз  керек:  Қытайдағы  қазақтар   – сол елдің  азаматы.  Оған  біз  қол  сұға  алмаймыз. Қытайдың  ішкі  шаруасы. Демек,  біз  тек  дипломатиялық   жолдармен  ғана ықпал етуге тырысамыз. Оның  үстіне  біз  экономикамызды  көтеру  үшін Қытайдан  миллиардтаған  доллар  қарыз алып  отырмыз.  Демек, ол  елдегі  қазақтар  мәселесін Қытайдың  алдына төтесінен қоя алмаймыз.  Қазақстан  билігінің  үні құмығып  шығатыны  сондықтан. Алайда қандас  мәселесіне  келгенде  белсенді  болса  деген  ой бар.

 

– Түсінікті. Бұл сырттағы қазақ мә­­селесі ғой, ал өз елімізде сырттан орал­ған қандастарымыздың мәсе­ле­сі толық шешілді деп айта аламыз ба?

 

–  Жоқ. Мені осы  мәселе  көп  толғандырады.  Елге  оралған  50  мыңға  тарта  қандастарымыз  әлі  күнге  құжат  мәселесін  шеше  алмай  жүр. Кінә оралмандар  жағынан  да,  өз тарапымыздан да,   яғни осыған  жауап  беретін  заңды  мекемелер  жағынан  да  бар.

 

Өткен  айда осы  салаға  тікелей  қатысы  бар  үш  министрліктің   қабылдауында  болдым. Тұщымды жауап  алдым.

 

Бір  сөзбен  айтқанда, елге  оралған  қазақтың  мәселесі – ол біздің  ішкі  мәселе.  Ешкімге  жалтақтаудың  реті  жоқ. Өзіміз  шешеміз.  Тек  сырттан  келген  қандасты  «бауырымызға тартайық»  деген   ниет болса  болды.

 

«Taza el. kz»

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ