Қарағандыдағы қанды оқиға

01.01.2019
Қаралды: 630

Жаңа жыл мерекесінде жұртшылықтың көтеріңкі көңіл-күйде, жақсы тілекте жүретіні белгілі. Өкінішке орай, кейде жайсыздықтардың да болып жататыны бар. Осындай оқиғаның бірі 1-қаңтар күні түнгі сағат 4.30-дың шамасында Қарағанды қаласындағы «Древний Рим» деп аталатын мейрамханада орын алды. (Бұл мейрамхана жергілікті армян диаспорасы өкілдеріне тиесілі екен).

 

Күдіктілерге іздеу жарияланды

 

Сол күні түнде аталған мейрамханада көңіл көтерушілердің арасында түсініспестік туындап, арты жаппай төбелеске ұласқан. Төбелес кезінде суық қару қолданғандар бар, соның салдарынан 1 азамат қаза тауып, 3-еуі түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға түскен. Зардап шегушілердің барлығы да – қазақ ұлтының өкілдері.

 

Бұл оқиға жөнінде бірден әлеуметтік желілерде жарияланды. Төбелес қазақ және армян ұлты өкілдерінің арасында орын алған деп айтылды. Соған байланысты ашу-ызаға толы пікірлер де жария­ланып жатты. Алғашында ресми түрде ештеңе айтылмауы да мұндай пікірлердің көбейе түсуіне себеп болды. Кейін Қарағанды облыстық прокуратурасы мен облыс әкімдігінің ресми хабарламасы жарияланды.

 

Төбелес кезінде ауыр пышақ жарақатын алып, оқиға орнында қаза тапқан өрімдей жігіттің аты-жөні – Рахымжан Жансейіт, жасы 23-те екен. Ол осыған дейін «Шұбаркөл» акционерлік қоғамының күзет бөлімінде істеген.

 

Жарияланған деректерге қарағанда, сол күні түнде  «Древний Рим» мейрамханасына 6 еркек, 3 әйел – 9 адам бірге барған. Арада біраз уақыт өткенде мейрамхана қожайыны мен олардың арасында жанжал туындапты. Көп ұзамай ол жерге басқа адамдар да жиналған, ақырында 30 – 35 адамдай қатысқан жаппай төбелес басталып кеткен. Төбелес кезінде таяқ, темір, пышақ қолданғандар бар.

 

Осыған байланысты алғашында бір-біріне туыс болып келетін  екі адамға іздеу жарияланды. Олар мыналар:  Васиф Асифоглу Нурулу (1993-жылғы) және Юсиф Асифоглу Нурулу (1996-жыл­ғы). Екеуі де Қарағанды қаласының тұрғындары. Бұларды көрген, жүрген жерін білетіндер болса, тиісті орындарға хабарлау керегі ескертіліп, құқық қорғау орындарының телефон нөмірлері көрсетілген.

 

Тағы бір деректе төбелеске белсенді қатысушылар мен пышақ жарақатын салушылар ретінде Торгом Малхасян, Сохак Малхасян, Каир Надырбеков, Нарек Гурурян (бұл адам 1-қаңтар күні Ресейге қашып кетіпті), Армен Балаян, Тигран Степанян дегендердің аттары аталады. Бәрі де Қарағанды қаласының тұрғындары. Бұлардың алғашқы үшеуі сот санкциясымен 2 айға қамауға алыныпты, тергеліп жатыр. Жалпы, бұл оқиғаға қатысты Қылмыстық Кодекстің «Адам өлтіру» және «Бұзақылық» баптары бойынша қылмыстық істер қозғалып отыр.

 

Қарағандылықтар көтерілді

 

Ал оқиға болған түннің ертесіне Қарағандыда жергілікті азаматтар жиналып, «Древний Рим» мейрамханасына барды. Ол жерге полиция да дер кезінде жетті. Жұртшылық тарапынан ашу-ызаға толы сөздер айтылып, талаптар қойылды. Бұдан кейін жұртшылық қала әкімдігінің алдында жиналып, билік өкілдеріне, құқық қорғау саласының басшыларына өз талаптарын жеткізді. Халық төбелес ұйымдастырып, қан төккен кінәлілердің барлығы да әділ жазаларын алуын, тергеу амалдарының ашық болуын, жұртшылықты іс барысымен уақтылы хабардар етіп отыруды талап етті. Құқық қорғау орындарының өкілдері жұртшылыққа басу айтып, тергеу амалдарының жүріп жатқанын жеткізді, кінәлілердің ешқайсысы да жазадан құтылмайтынына уәде берді.

 

Жалпы, құқық қорғау орындары бұл мәселені ұлт араздығынан туындаған жанжал деп қарамауды, қылмыстық қудалау орындарының берген ресми мәліметін ғана пайдалануды қатаң түрде ескертуде. «Ақпараттардың ашықтығы қамтамасыз етіледі, тергеу барысы туралы бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде жарияланады, тергеу барысын прокуратура тікелей қадағалауына алды», – дейді олар.

 

...Дегенмен ойда-жоқта қазаға ұшыраған  өрімдей жасты қандай іс-шара болса да енді өмірге қайтара алмайды. Бәрінен бұрын оны әлпештеп өсіріп, болашағынан үміт күтіп отырған ата-анасына, туыс­тарына қиын тиіп жатқаны анық. Осы орайда біз оларға ауыр қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз. Марқұмның о дүниесін берсін, иманын жолдас етсін дейміз.

 

Ең мықты мейрамхана саналады екен

 

Ал аталған оқиға орын алған «Древний Рим» мейрамханасы Қарағанды қаласындағы ең мықты мейрамхана саналады екен. Оның іші-сырты ежелгі Римнің сәулет өнеріне ұқсастырылып безендірілген. Мейрамхана аптаның 4 күнінде сағат 12.00 – 24.00 аралығында және қалған 3 күнінде 12.00 – 01.00 аралығында жұмыс істейді. Адам басына орташа ақы 3000 – 6000 теңге аралығын құрайды. Үлкен залында 280 орын, кіші залында – 80, vіp-залында 14 орын бар. Жұртшылық мұнда туған күнін, қызықты кештерді, түрлі той-томалақтарын, корпоративтік банкеттерді өткізеді. Тойхана сыртында 50 көлік сиятын автотұрағы бар. Қала тұрғындары арасында түрлі қызықшылықтарды осында өткізу абырой саналады деседі.

 

...Кей деректерге қарағанда, бүгінде Қарағанды облысында 2 мыңдай армян тұрады. Ал жалпы Қазақстан бойынша олардың саны 15 мыңдай адам. Армян ұлттық мәдени орталықтары Қазақстанның ірі 14 қаласында бар.

 

Р. ҚАЛТАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ