Зәулім үй қабырғаларына сурет салады

30.12.2018
Қаралды: 463

Жуырда біз көпқабатты үйлердің қабырғаларына қазақтың ұлы тұлғаларының бейнесін салып, қазақ өнерінің қасиетін сезіндіріп жүрген алматылық жас суретшілер туралы білдік.

 

Еліміздің бірқатар қалаларын жарқыраған суреттерге толтырып жүрген Ержан Танаев және Аққали Закиров – граффити-суретшілер. Олар суреттің ерекше әрі қиын түрі стрит-арт тәсілінде жұмыс жасайды. Яғни жас суретшілер бес, он тіпті одан да биік көпқабатты үйлер мен нысандарда сурет салады. Олардың жұмыс барысы кабинетте отырып немесе арнайы бір жабық орында өтпейді. Ержан мен Әли ашық далада, қайнаған күннің астында, жел-жауынмен арпалысып еңбек етеді.

 

Төрт жылдан бері 30-дан астам алып бейнелерді тудырған, одан бөлек, жүздеген суреттерге із қалдырған отандық кескіндемешілердің өнеріне бүгінде көпшілік тәнті.

 

Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясын «Кескіндеме» мамандығы бойынша бітірген Ержан мен Әли бұрын группалас болса, қазір серіктес. Екеуі оқу тауысқаннан бері бірлесіп, «Танай» деп аталатын студия ашып, бейнелеудің түрлі салалары бойынша еңбек етуде.

 

Елімізде стрит-арт өнерін дамытып жүрген жастар Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі атанып та үлгеріпті.

 

Бүгінге дейін Талдықорған, Алматы, Астана, Ақтау, Ақтөбе және Қостанай қалаларындағы жергілікті әкімдіктің тапсырмалары бойынша көп қабатты үйлерге халқымыздың ұлы тұлғалары Керей мен Жәнібек хандардың, Әбу-Насыр Әл-Фарабидің, Абай Құнанбайұлының, спортшы Геннадий Головкиннің, тағы да басқалардың бейнелерін салыпты. Сондай-ақ, аталмыш қалаларда қонақжай қазақ бойжеткеннің, мешіт пен шаңырақ, бейбітшіліктің символы – көгершіннің суреттерін салған.

 

«Біз қарапайым суретшілерміз. Биікте жұмыс істейміз. Әрбір жұмысымыз жауапкершілікті, үлкен күш-қайратты талап етеді. Маусымның кез келген мезгілінде еңбек ете береміз. Бірақ мейлінше жа­уынсыз күндері жұмыс істеген өзімізге де жақсы. Әрі бейнелеген суреттеріміздің ұзақ сақталуына да әсер етеді.

 

Бізден еңбекақымыз жөнінде жиі сұрап жатады. Осы ретте айта кетейік, ең қарапайым суреттердің құны 50-60 мың теңгені құрайды. Осылай жұмыстың ауырлығына қарай, яғни неғұрлым биікте еңбектенсек, соғұрлым қымбатырақ бағаланады.

 

Кейде үлкен мейрамхана, фитнес-клубтар мен жекеменшік көпқабатты үйлерден де тапсырыс түсіп тұрады. Дегенмен өте сирек. Қазақстанның 6 қаласында қолтаңбаларымыз қалды. Ұсыныс түсіп жатса, барлық өңірде жұмыс жасауға дайынбыз», – дейді суретші Ержан Танаев.

 

Алматыда туып-өскен Ержанның ата-анасы шымкенттіктер екен. Әйтсе де үшінші мегаполистегі көпқабатты үйлерге ерекше бағыттағы бейнелерді салуға әзірге тілек білдірген ешкім болмапты.  

 

Ержанның айтуынша, олардың салған суреттерін жыл сайын жаңартудың қажеті жоқ көрінеді. Суреттер 3-5 жылға дейін шыдайды екен.

 

Далада салынған сурет көптің назарын өзіне бірден аударады. Сонымен қатар осындай үлкен суреттер арқылы қаламызға келген туристерге де ой салуға болады емес пе? Яғни көпқабатты үйлердегі суреттер біздің салт-дәстүріміз бен тарихымыз туралы сөйлеп тұрса ұтарымыз көп секілді.

 

Д. МЕДЕУОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ