Меркіде Кенесары ханға ескерткіш орнатылды

29.12.2018
Қаралды: 664

Таяуда Жамбыл облысындағы Меркі ауданында қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлына арналған ескерткіш бой көтерді. Осыған байланысты үлкен ас берілді. Оған Түркістан облысынан да біраз азаматтар барып қатысты. Біз солардың бірі – Төлеби ауданының тұрғыны Шырмалбек Оразбеков қари­я­ны сөзге тартқан едік.

 

– Кенесары бабамызға ескерткіш орнатылу құрметіне ұйым­дастырылған іс-шараға барып қайт­қан екенсіз. Көрген-білген, естіген­де­ріңізден бөліссеңіз...

 

– Иә, шама-шарқымша айтып берейін.

 

– Ескерткіш неге Меркіде орнатылды?

 

– Кенесары бабамыз қырғыз еліне жорыққа Көкшетау жақтан аттанған ғой. Сонда Меркіде біраз аялдаған екен. Мақсаты қырғыз­ға ұрыну емес, қазақ пен қырғызды біріктіріп, басқыншылық жасап отырған Ресейге, Қоқан хандығына қарсы күреске ұйыс­тыру болған. Өкінішке орай,  сол кездегі ахуалдың, саясаттың кесірінен жұрттың басын біріктіру оңай болмапты. Ақырында хан жорыққа аттанып, соңы өкінішті жайлармен аяқталғанын тарихтан білесіздер ғой. Меркі Кенесары ханның қырғыз еліне аттанардағы уақытша тұрақтаған жері бол­ғандықтан ескерткіш осы жерде бой көтергені дұрыс болар деп шешілген екен.

 

– Ол қазір нақты қай жерде тұр? Қандай материалдан жасалған, көлемі қандай, қандай бейнеде бой көтерген? Оны кім жасаған?

 

– Бірден айта кетейін, ескерткіш әлі де толық бітпеген. Бұл жолы оның ашылу салтанаты емес, жай таныстырылуы болды. Негізінен бабалар рухына арнап ас берілді. Оған 450-дей адам қатысты. Іс-шараның бас-аяғы жеті-сегіз сағатты қамтыды.

 

Ал ескерткіштің жұмыстары кеш басталып, қаржы да жетіңкіремей, тек ханның тұғыр үстіндегі отырған бейнесі ғана жасалған. Авторы – алматылық Еркін Көкеев деген азамат. Өзі Сәмеке ханның ұрпағы екен. 70 шақты ескерткіштердің авторы.

 

Еркіннің өзімен сөйлескенмін, сонда ойына алған композицияны толық іске асыруға мүмкіндігі болмағанын айтты. Ол ескерткіште бабамыз қорамсақтан соңғы жебені ата алмай қалған күйінде бейнеленген. Маңайында қойтастардан сарбаздардың шайқас үстіндегі ақтық сәттері, иесінен айырылған аттардың ұрыс даласынан үркіп, кең байтақ далаға қарай ша­уып бара жатқаны бейнеленеді екен.

 

Ал ханның ескерткіші әзірге гипстен жасалған. Берік болуы үшін кейін басқа материалмен алмас­тырылады. Ары-бері өтетін жолаушылар дұға жасап тұрсын деген ниетпен ескерткіш Алматыға өтетін жолдың бо­йында, Меркіден шыға берісте орнатылған.

 

– Жалпы, бұл іс-шараның басы-қасында кімдер жүр?

 

– Өткен жылы басшымыз, марқұм Аман Шотаев пен кезінде Жамбыл облысының әкімдігінде істеген Мәскеу Ноғарбеков деген азамат бүгінде Тассайдағы колледжде істейтін Оралхан Қожамжаров екеумізге Түркістан облысы аумағындағы ағайындарды ұйымдастыру жөнінде тапсырған болатын. Басқа облыстардан да шақырамыз деген. Біз Сайрам ауылындағы «Наурыз» дәмханасында жиын ұйымдастырдық, оған 47 адам қатыс­ты, сонда мәслихат өткіз­генбіз.

 

Бұл – жер-жерлердегі ұйымдастырылған осындай жұмыстардың нәтижесі. Меркілік ағайындар да тер төкті. Ұйымдастыру жағында Аманбай деген азамат жүрді.

 

– Жиында өзіңізді қатты толқытқан жайлар жөнінде айтсаңыз.

 

– Бабаны еске алуға қатысты іс-шараның қай-қайсысы болса да толқытады ғой. Бұл жолы да ой салған жайлар аз болған жоқ. Әсіресе Кенесары бабамыздың өзі аманатқа қалдырған кісесін (белдік) көріп қатты толқыдым. Оны қолыма ұстап, беліме тағып, лента сияқты иығыма асырып та тағып көрдім. Ұзындығы 1 метр шамасы екен, қалыңдығы жарты сантиметрдей, қалың етіп, берік жіптен тоқылған. Екі басы алтын мен күмістен жасалыпты, сыртында әрбір он сантиметр сайын  алтын-күмістен бет жағы томпақ етіліп, үлкен моншақ сияқты безендірілген өрнектері бар.

 

Кісені меркілік бір азаматтың үйінен барып көрдік. Ақтөбелік Алмас Жантекенов,  Оралхан және Бейсенқұл деген кісі төртеуміз бардық. Үй иелері оны сейфте ақ матаға орап сақтап отыр екен. Айтуларынша, Кенесары бабамыз оны қырғыз еліне аттанып бара жатқанда бір жақын жолдасына аманаттап беріп кеткен көрінеді. Содан бері ұрпақтары сақтап келеді. Ешкімге айтпайды да, көрсетпейді де екен. Бабамыз оны қырғыз жеріне аттанарда: «Мынау Абылай бабамыздан бері келе жатқан кісе еді. Осыны қалдырмақпын. Түнде бір жайсыз түс көрдім. Қатерлі сапарға аттанып барамын. Олай-бұлай болып кетсем, ешкімге бермеңдер, сақтаңдар», – деп тапсырыпты. Ол кісілер сол аманатты орындап отыр. Тіпті мұражайға да бермейміз дейді.

 

– Жалпы, мұндай жиындарға Қазақстаннан басқа елдерден келетіндер бар ма?

 

– Бар. Кешегі асқа Қырғызстаннан қандастары­мыз келді. Олармен бірге бірқатар қырғыз ағайын­дар да келіп қатысты. Естіген-білгендерімен бөлісті.

 

Өзбекстаннан да келетіндер бар. Наманган мен Қоқанның арасында Төреқорған деген жер бар. Сонда Төрелер көп екен.

 

Қазақ хандығының 550 жылдығына Қытайдан да Төрелер келген. Керуен құрып, топ болып та, жекелеп те келді. Кішкентай балаларына дейін шежірені жатқа біледі, аталарын жаңылмай таратып айтып бере алады. Тілдері де еш бұзылмаған, әдет-ғұрыптарды да жақсы сақтаған. Олардан естігеніміз, сол кездері Қытайда Төреден таралғандар саны 34 мың 800-ді құрайды екен. Аумалы-төкпелі замандарда Қытай асқандардың ұрпақтары ғой. Қытайдан Монғолияға, Түркияға асқандары да бар екен.

 

– Ал бізде ше, бұған қатысты қандай да бір деректер бар ма?

 

– Ас кезінде осындай сұрақ қойғандар болды. Негізі Төрелердің Қазақстандағы жалпы санын әзірге ешкім білмейтін сияқты. Төрелер Қазақстанның көптеген об­лыс­тарында, Көкшетау, Қы­зыл­ордада, шығыс облыстарда бар. Өткенде Ақтөбеден де келді. Біздің облыстың бір­қатар жерлерінде, Созақ ауданында тұратындары бар. Мысалы, әйгілі Шәді төре Созақтан шыққан. Шәмші Қалдаяқовтың анасы сол Шәді төренің қарындасы болған.

 

– Сіздерде осындай іс-шараларды ұйымдас­тырып отыратын арнайы қор немесе қоғамдық ұйым бар ма?

 

– Белгілі бір іс-шараны ұйымдастыру әр облыс­тағы азаматтарға тапсырылады. «Тезек төре» қоры жұмыс істейді.

 

– Жалпы, Төре тұқымынан таралған азаматтардың арасында ең үлкені, сөз ұс­тар, басшыларыңыз кім?

 

– Аман Шотаев деген алматылық профессор, ғалым азамат еді. Ол кісі өткен жылғы қараша айында 75 жасында дүние салды. Орнына әзірге ешкім сайлан­ған жоқ.

 

– Кенесары ханның бас сүйегі Санкт-Пе­тер­бургтегі Кунсткамерада сақтаулы тұр деседі. Ынталы ұйымдар мен жекелеген азаматтардың оны тауып, елге әке­ліп, арулап жерлеу жөнінде бастама кө­­теріп, ізденіп жүргені белгілі. Осы шаруаның барысы қалай екен?

 

– Кезінде Ресей­дің Премьер-министрі Д.Медведевке К.Мәсі­мов осы мәселеге байланысты айтқанын білесіз­дер. Сонда Медведев көмектесуге уәде еткен. Бірақ оған дейін де, одан кейін де Омбыға, Орынборға, Санкт-Петербургке барғандардың ізденісінен нәтиже болмай тұр.

 

– Кезінде сізге Сұлтан дәрежесі берілгенін газе­тімізде жазған едік. Одан бері де қатар­лары­ңыз толығып жатқан шығар?

 

– Мұндай дәреженің қаны Төре атаулының бәріне емес, осындай іс-шараларға белсенді түрде атсалысып, қаржылай және басқадай демеушілік жасаған, іс-әрекетімен абырой-беделді болған жандарға арнайы комиссия шешімімен берілетінін айт­қанмын. Ынталандыру мақсатында ғой. Сұлтан дәрежесін иеленген адамдар қатары бүгінде 47-ге жетті.

 

– Ендеше, шаршамаңыз, елге қажетті рухани іс-шараларға алдағы уақытта да атсалыса беруіңізге тілектеспіз.

 

Сұхбаттасқан – Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ