Доңыз жылы өміріңізге қандай өзгерістер әкеледі?

30.12.2018
Қаралды: 293

Тағы бір жылды тарих қойнауына жіберіп, Доңыз жылына қадам бастық. Әрине, жаңа жылдан бәріміз де жақсылық, жайлылық, молшылық күтеміз. Сондай-ақ көңілде жыл ішінде қандай өзгеріс болады, алда не күтіп тұр деген сауал тұратыны да рас. Сондықтан астролог, нумерологтардың болжамдарына құлақ түреміз.

 

 

Шынында, 2019-шы жылы Сізді не күтіп тұр? Біз мұны нумеролог Нұргүл Лепестен (суретте) сұраған едік, ол «Замана» газетінің оқырмандары үшін арнайы нумерологиялық болжам жасауға келісті.

 

«Нумерология – бұл сандар ілімі, шексіз ғылым. Ол әр адамның туған күні, айы мен жылына қатысты болады. Сандардың адам өмірі мен тағдырына тікелей қатысы бар. Оның формуласын тура тауып, дұрыс қолданған жағдайда мамандық таңдау, бизнес бастау, жетістікке жету, жұптық жарасым, отбасылық үйлесім, бала тәрбиесі, оның бейімділігі мен қызығушылығын анықтау секілді мәселелерде сәттілікке қол жеткізу мүмкіндігі жоғары.

 

Негізі нумерологиялық болжам әр адамға жеке жасалғаны жөн. Сонда кез келген сауалға нақты жауап табылады, күрделі деген мәселеде де дұрыс шешім шығару мен нақты жол көрсетіледі. Жоғары білімді педагог бола тұра менің осы салаға бет бұрғанымның себебі осы. Өйткені 4 перзентіме бейімі мен қызығушылығы, табиғи ерекшеліктеріне сай дұрыс бағыт бергім келді. Расында да сандар әлемінің адамды адастырмайтынына көзім жетті. Оның жемісін көріп жатырмыз.

 

Ал «Замана» газетінің оқырмандары үшін мен Доңыз жылына арналған жалпы болжам жасадым. Ол үшін әркім өзінің туған күн, айының сандарын бір-біріне қосуы керек. Мысалы, туған күніңіз 12-ші мамырда делік. Мұндай жағдайда 1+2+5 = 8 санын есептеп аласыз. Сосын 2019-шы жылды есептейсіз. Ол 2019 = 2+0+1+9=12, 12 = 1+2=3 болады. Яғни 2019-шы жылдың саны – 3. Осы 3 санына өзіңіздің саныңызды қосасыз: 8+3=11, ол 1+1=2. Шыққан сан – 2. Әр адам Доңыз жылына қатысты өзінің осындай санын есептеп алуы керек», – дейді Нұргүл Мылтықбайқызы.

 

Ал Доңыз жылына арнал­ған жалпы нумерологиялық болжам мынадай:

 

1 саны. Бұл жылда алға қойған мақсаттарыңызды нақтылап алыңыз. Жеке өміріңізде болатын өзгерістерді де жоспарлап қойғаныңыз дұрыс. Өйткені ол 8 жылға дейін әсерін білдіреді. Бұл жыл сіз үшін түбегейлі өзгеріс жылы болады. Мансап, жеке өмір, рухани өзгерістерді бастайтын кезең.

 

2 саны. Бұл өзара қарым-қатынас жылы. Осы жылы тактикалық және дипломатиялық қызметті көбірек дамыту керек. Сіздің тарапыңыздан туындаған  кез келген агрессия түптің түбінде өзіңізге қарсы әрекет болып келеді. Сондықтан барынша ұстамды болу керек. Жалғызбастылар үшін екінші жартыңызды тауып, жаңа кезеңге өтуге, үйленіп, тұрмыс құруға қолайлы жыл. Кеңею жылы болып есептеледі.

 

3 саны. Оқу мен саяхаттауға өте қолайлы жыл. Кәсіпті кеңейтіп, мамандықты ауыстыруда да өте тиімді. Өзгеру жылы деп атасақ та болады. Кез келген бастама жақсы жетістікке жеткізеді. Бірақ оған көп уақыт пен күш-қайрат жұмсалатынына дайын болыңыз.

 

4 саны. Тұрақтылық пен сенім жылы. Бұл жылы некеге тұру кем дегенде 8 жылдық тұрақтылықты көрсетеді. Көбіне үй немесе жылжымайтын мүлік сатып алуға кеңес беріледі. Кез келген өзгеріс, яғни ажырасу, мамандық ауыстыру, көші-қон ауыр тиюі мүмкін. Бейімделу ауыр болады. Сіз үшін бұл – тұрақтылық жылы, осыған мән беріңіз.

 

5 саны. Сіз үшін жақсы, жайлы, өзгеру жылы саналады. Саяхаттау, мамандық ауыстыру, көші-қон үшін өте қолайлы. Жаңа жоба жасауға мүмкіндік зор және ол өте тиімді болады. Жеке өмірді де өзгерту мүмкіндігі мол.

 

6 саны. Жеке өмірді өзгертуге қолайлы, мінсіз жыл. Отбасын құру, жаныңыздың екінші жартысын табу, дүниеге бала әкелуге қолайлы. Егер жақындарыңызбен ұзақ уақыттық ренжісу орын алған болса, биыл ол тез шешіледі, татулық үстемдік құрады. Барлығы өз қалпына түседі. Отбасылық кәсіп ашуға болады. Сіз үшін Доңыз жылын отбасылық жыл деп атауға болады.

 

7 саны. Рухани дағдарысы көптеу, өз-өзіңді танып-білу жылы. Әрбір қадамды аңдап, байқап, мың рет ойланып басқан жөн. Күрделі шешімдерді қабылдауға асықпаған дұрыс. Өзіңізге, жан-дүниеңізге көп көңіл аудару керек. Күрделі мәселелерде шешім қабылдауда абай болған жөн.

 

8 саны. Сіз үшін бұл шынайылыққа тексеріс жылы десек те болады. Бұл сынақтан өткен жанға өмірдің өзі сәттілік сыйлайды. Яғни кез келген жұмыс, бастамаңыз оңды болады. Доңыз жылы сіз үшін инвестициялау мен үй сатып алу үшін қолайлы саналады. Бірақ кез келген көлденең, қосымша, күтпеген табыс пен пайда сізге деген сынақ пен тексеру екенін ұмытпаңыз. Басы бос жандар үшін жеке өмірді қалыптастырып, тұрақты өмір сүруге қолайлы жыл.

 

9 саны. Бұл – аяқтау жылы. Ең бастысы, біткен жұмысыңызды қайта бастамағаныңыз абзал. Мысалы, үй жөндеу, құрылыс, тағы сол сияқты мәселелерді қолға алмай қоя тұрыңыз. Өйткені бұл жұмысыңыз созылып, түрлі себептермен ол 8 жылға жалғасуы мүмкін. Әлсіз байланыстар үзіліп, бітпеген кәсіптер мен жобалар құлдырайды. Кәсіп бастамаған жөн. Өз өзіңмен жұмыс жасаған дұрыс.

 

...Бұл үстіміздегі жылға арнал­ған жалпы болжам. Нұргүл Лепес бұдан бөлек, әр адамның сәттілік формуласын да есептеп бере алады екен. Нумерологтың өзі де бала тәрбиесі мен оларға мамандық таңдауда осы ілімге арқа сүйейтінін айтады. Оның сандар ілімін меңгергеніне екі жыл болыпты. Әйтсе де Қазақстанның әр облысынан хабарласып, бағыт беруін сұрайтындар көп екенін байқадық. Нұргүл Мылтықбайқызы нумерологияны пал ашу және көріпкелдікпен шатастырмау­ды сұрайды. Оған қоятын сұрағыңыз болса, 8-702-557-78-09 нөміріне хабарласуға болады.

 

Р. ОРДАБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ