Берген кездегі қуаныш қызық па, әлде алған кездегісі артық па?

28.11.2018
Қаралды: 153

Бірде бір шәкірт ұстазымен  егін алқабын аралап келе жатады. Кенет жол шетінде жатқан тозығы жеткен  бір  аяқ киімге көздері түседі.  Шәкірт ұстазына:

 

– Шамасы, мынау егінші шаруаның аяқ киімі сияқты. Тығып қойсақ қайтеді? Сосын  бір  жерге жасырынып, қалай абдырап сасқанын қызықтайық, – дейді.

 

Сонда ақылды ұстазы:

 

–  Кедейлерді әбігерге салуды қызық көріп, олардың есебінен көңіл көтергеніміз адамдыққа жатпайды. Өзіңе бақыт пен шаттық сыйлағың келе ме? Онда оны мазаққа айналдырмай, керісінше, аяқ киіміне ақша салып қояйық. Сосын не қызық болатынын тамашалайық, –  дейді.

 

Ұстазының ұсынысы бірден көңіліне қонған  шәкірт оның  айтқанын орындайды. Сосын екеуі жақын тұрған ағаштың артына барып жасырынады.

 

Сәлден соң жүзі күн көзіне әбден тотыққан, жұпыны киімді  бір  шаруа келеді. Аяғын аяқ киіміне сұққаны сол, ішіндегі затты сезіп, дереу қайта суырып алады. Қолымен алып еді, ақша екен. Екінші сыңарынан де сондай ақша шықты. Ақшаға  бір, жан-жағына  бір  қарап, таң-тамаша болып біраз тұрды. Көз жетер жерде ешкім байқалмады. Ақшаны қалтасына салды да, екі тізесін жерге тигізе жүгініп отыра кетті. Жүзін аспанға көтеріп, жасаураған күйі дауыстап сөйлей бастады: «Иә, Раббым! Сен менің халімді өзімнен артық Білушісің. Әйелімнің ауру екенінен, балаларымның аш-жалаңаш екенінен хабардар болдың. Бәрімізді басқа түскен нәубеттен құтқардың. Шүкір, шүкір!» – деп ұзақ уақыт көз жасын төккен күйі Жаратушысына алғыс айтып, шүкірлігін білдіріп отырды.

 

Манадан бері одан көз жазбай қарап отырған  шәкірт  қос жанары жасқа толып, қатты әсерге бөленді. Шәкіртінің бойындағы өзгерісті байқап отырған ұстазы:

 

– Қазір бұрынғы халіңнен бақыттырақ екеніңді сезіп отырған сияқтысың. Алғашқы ойыңды іске асырғанда қандай күйде болар едің? – дейді. Шәкірті:

 

– Иә, ұстаз. Өмір бойы ұмытпастай дәріс алдым. Сізге алғысым шексіз! «Берген кездегі қуаныш алған кездегі қуаныштан көп артық болады» деген сөздің мағынасын енді түсіндім, – дейді.

 

(Сүйеніш Мұхамедәлінің

«Фейсбуктегі» парақшасынан).

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ