Хан тағына отырғызған шындық

28.11.2018
Қаралды: 511

Шығыстың бір елінде хан қартайып, тақ мұрагерін іздеуді бастайды. Бірақ ол таңдау­ды өз  уәзірлерінің арасынан емес, халықтың ішінен іздейді. Бір күні хандықтағы барлық жас жігіттерді жинап, сөз бастайды.

 

«Мен қартайдым, кететін уақытымның жақындағанын ішім сезеді. Сендердің барлықтарыңды жинаған себебім, келесі хан сендердің іштеріңде. Қазір мен сендердің барлықтарыңа бір-бірден тұқым беремін. Ол  тұқымдар ерекше, әрқайсысы әртүрлі. Маған сендердің ол тұқымды отырғызып, баптағандарың керек. Бір жылдан соң осында өнімдеріңмен қайта ораласыңдар, мен салыстырып, араларыңнан ханды тағайындаймын», – дейді.

 

Сол күні жиында болған Рамазан есімді жігіт те хан берген тұқымды үйіне әкеліп, шешесіне болған жайды айтады. Анасының жәрдемімен олар тұқымды отырғызады, күнде су құйып, гүлзарды бір күні терезенің алдына, бір күні таза ауаға шығарып баптап жүреді, бірақ сонда да  одан ештеңе өніп шықпайды. 2 апта, 5 апта өтеді, ештеңе қараймайды. Арада тағы біраз уақыт өтеді, Рамазан гүлзардан күдерін үзіп, өзінің сәтсіздігіне налып, қиналады. Уақыт өте береді.

 

Межелі кезең де келіп жетеді. Хан жиналуды бұйырады. Рамазан бос гүлзармен барудың күлкілі екенін шешесіне қанша рет айтса да анасы:  «Барып, шындықты айт, балам. Әр түп шөп Құдайдың бұйрығымен шығады. Сенің баптауыңда кемшілік бол­ған жоқ», – дейді.

 

Қатты ұялса да анасының сөзінен аттамайтын Рамазан бос гүлзарды құшақтап сарайға келеді. Ішке кіргеннен әртүрлі гүлзарларға салынған әдемі, биік гүлдерді әкеліп тұрған өзі секілді жастардың артқы жағына келіп тұрады. Рамазан гүлзарын жерге қойғаннан бастап айналасындағылардың кекесін күлкісінен қызара бастайды. Кейбіреулері аянышты қарап, басу айтып жатады.

 

Ішке хан да келіп, жастарды құрметпен қарсы алады. Рамазан соңына қарай жылысып, тығылумен болады. Хан: «Жарайсыңдар, өрендер! Неткен әдемі гүлдер! Иістері сарайдың ішін түгел алып тұр екен. Бүгін сендерден біреуің мұрагер болады», – дейді.

 

Гүл толы гүлзарлардың арасынан бос гүлзарды байқаған хан оның иесінен алдыға шығуды сұрайды. Ұяттан кірерге жер таппаған Рамазан қызарып, бір жағынан үрейленіп, бір қадам алдыға шығады.

 

– Атың кім?

 

– Рамазан

 

– Сендердің келесі хандарың – осы Рамазан. Осыдан дәл бір жыл бұрын мен барлықтарыңа тұқым бердім. Бірақ ол тұқымдар суға қайнатылған еді, олардың көктеуі мүмкін емес болатын. Сендердің барлықтарың алқызыл әдемі өнімдер әкелдіңдер, барлығың тұқымды ауыстырғансыңдар. Тек Рамазан ғана бос гүлзармен өз тұқымымды әкелді. Оның бұл қылығын үлкен ерлік деп есептеп, хан тағына Рамазан лайық деп таптым, – депті.

 

...Өмірдің заңы әрқашан әділетті.

 

Түйін:

 

Егер сен шындықты ексең, сенімді табасың.

Егер сен жақсылық ексең, дос табасың.

Егер сен кешірім ексең, келісім табасың.

Егер сен шыдамдылықты ексең, жеңісті табасың.

 

Сондықтан, ағайын, бүгін не егіп жүргеніңізге баса назар аударыңыздар. Себебі ертеңгі өнім – бүгінгі қарекеттің нәтижесі.

 

(Әлеуметтік желідегі әңгіме).

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ