Қауға сақалды қайынағасы бар екен...

27.11.2018
Қаралды: 407

Жер басып, тірі жүрген соң кейде өлім жайлы ойлайтынымыз рас. Сол кейде ғана ойға келетін «ажал» сөзінің өзінен үрейленіп қаламыз. Ал өлім туралы күн сайын отбасында бір емес, бірнеше мәрте сөз болатындар ше? Олар қандай күйде жүреді?

 

...Әлима университетке аяқ басқан күннен өзін үлкен өмірге дайындады. Оқу бітірген соң тұрмыс құратынын, келін болып зыр жүгіріп жүретінін тәтті қиялмен елестету Әлиманы ерекше әсерге бөлейтін. Ата-анасы берген тәрбие мен отбасындағы алған өнегесі бойжеткеннің бір үйдің түтінін түзу ұшыруына жететін. Тек болашақ жар таңдауда қателеспесе болғаны.

 

Көп өтпей сондай жанды кездестірдім деген Әлима Жарастың етегінен ұстауға бел буып, бүкіл өмірін ата-енесі мен сол әулетке арнағысы келді. Қарапайым ғана отбасында күйеуі мен ата-енесінен бөлек, қайынағасы және екі қайынсіңлісі бірге тұрады. Беташардан кейін шай құюға кіріскен жас келін сақалы қауғадай қайынағасынан біртүрлі үркіп, іш тартып қалған еді.

 

Уақыт өте келе Әлима бұл үйге  үйренісе бастады. Алғашқыда бірер ай әйелімен үйде жүріп, сосын бірнеше ай жоқ болып кететін қайынағасының тірлігіне тосырқай қараған еді. Бұл тағы бір үйі бар-ау, сонда өздерімен-өздері тұрғысы келетін шығар деген де қойған. Бірақ үш-төрт ай бет көрсетпей кететін қайынағасы басқа әйелмен келіп, анасына орамал салдыр­ғанда Әлима не ойларын да білмеді. Мұны байқаған енесі: «Бұрынғы әйелімен жараспай жүрген. Осымен тұрақтап кетсін деп тілейік. Жастың тілегін береді деген. Абысыным деп қабылда. Жарастың ағасы да көп емес қой», – деген еді. Жас келінге «тұрақтап кетсін» деген апасының сөзі онша ұнаңқырамаса да келісіп, бас шұлғи бергеннен басқа амалы да жоқ еді.

 

Кейін білді, қайынағасы 4 рет үйленіп, ажырасыпты. Күмәнді діннің ағымына ілескені тағы бар. Осы себептен бе, әлде басқалай жағдайлардан ба, ол кісіге әйел құтаймапты. Бұрыннан намаз оқып, балақ қысқартып, сақал өсірген ағасына Жарас та артық ештеңе демейді, қарсы да келмейді екен. Қайта, керісінше, ағасының айтары көп. Бір күні жас келін бізге үйреністі, сырымды білді деді ме, үстел басында уағыз айтуды бастаған.

 

«Өлім хақ» деп ауыз ашып, бір сағатқа жуық намаз оқу, ажалға дайын болу, оны күту, сүю жөнінде «лекция» оқиды екен. Мынадай сөздерден тұла бойы тітіркеніп, көзі қарауытып, құлағы шыңылдаған Әлима жан-жағына қараса, дастархан басындағылардың біреуі де орындарынан тұруға ыңғай көрсетпейтін секілді. Бәлкім уағызшының мінезінен аяқ тартса керек. Әйеуір жөткірініп барып түрегеледі. Сонда ғана үйдегілердің есіне тіршілік бар екені түсіп, қыбыр-жыбырға кіріседі. Осы «дәстүр» ағайы үйде болған кезде күніне бірнеше рет қайталанады.

 

Келін болғалы екінші жылға жуықтаған Әлиманың аңғарғаны – бұл жанұядағылардың өлімнен басқа ойлайтыны жоқ. Өлімді құрмет тұтып, оны күтуді мәртебе санайтын шаңырақтан қанша қорықса да төркініне кетуге бата алмайды. Тәрбиесі солай.

 

Енесі мен күйеуі намазға жығылғалы жас сәбилі келіннің уайымы бұрынғыдан да күшейген. Бұрын бір уағызшы еді, енді олар үшеу болды. Жолдасымен қайда жүрсе де о дүние туралы айтылатын болды. Ал туыс-жақындары бұл әулеттен іргесін аулақ салуды жөн көреді.

 

Жарас енді: «Әттең, жұмыстағылардан ыңғайсыз. Әйтпесе сақал қойып алар едім», – дейтінді шығарған. «Ұзын көйлек ки, бет-аузыңды тұмшала, намаз баста», – деген сөздер онсыз да санасы тұмандана бастаған Әлимаға ауыр тиюде. Осылай есі кіресілі-шығасылы күйде жүріп екінші сәбиін де босанған.

 

...Үй шаруасы, екі кішкентай бала-шағасы, күндегі өлім жайлы әңгімеден қажып бара жатқан Әлиманың қазіргі халі тым аянышты. Қайткенім жөн, әлде өлгенім дұрыс па деген сұрақтың жетегінде жүрген бұл әйелге қандай кеңес беруге болады?

 

Д. ҚАЛЕН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ