Техника тілін меңгерейік, кәсіптің бәрін тең көрейік

27.11.2018
Қаралды: 242

Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында кәсіптік білім беру мәселесіне басымдық жасау қажеттігіне айрықша назар аударғаны белгілі. Сондықтан бүгінгі жастарымызға техниканың тілін меңгерейік, жұмыс­тың бәрін тең көрейік дегім келеді. Осы орайда  өзім аңғарып, көріп жүрген бірер жайлар жөнінде айта кетсем деймін.

 

Бүгінде автокөлігі жоқ отбасы некен-саяқ. Ал көлігіңіз көнелеу болса, жыл сайын, тіптен ескі болса, жылына екі-үш мәрте жөндетуіңізге тура келеді. Осыған орай Шымкентте бүгінде техникалық қызмет көрсету станциялары да көп. Дегенмен қайсысына барсаң да кезек күтуіңе тура келеді. Әсіресе тәжірибелі, аты танымал шеберлерге клиенттер көп келеді.

 

Мен Шымкент қаласындағы Сеченов көшесінде (Қорғасын зауыты, Хамза аймағында) 2015-жылға дейін, 20 жыл тұрдым. Көршілердің көпшілігі өзбек аға­йындар болды. Арасында көлік жөндеумен айналысатындар баршылық. Бізден бір көше жоғарыда тұратын Мәдіхан деген қазақ қана (лақап аты – Матвей)  өзбек «костоправ» жігіттермен дең­гейлесетін. Оның балалары да әкесінің жолын қуған, бәрі осы іспен айналысады.

 

Бізден екі үй кейін Юсуф деген биязы мінезді жігіт тұрды. Машинаның сүйегін түзетуден басқа қосалқы жұмыстарды істей беретін ол да баласын өз кәсібіне баулып жетілдірді.

 

Бізден бір көше жоғарыда туған ағам Сәмет Көпжасаров тұрады. Ол да нағыз бесаспаптың өзі. Негізгі мамандығы – жүргізуші. 40 жыл «автокрановщик» болып жұмыс істеген. Әртүрлі ағаштардан айшықтап түрлі аспаптар жасап, темірден түйін түйеді, оған қатысты жұмыстардың бәрін жасай береді.  Оның көршісі әрі құрдасы Тұрсынбай деген кісінің Мұратжан, Толқын, Юсуф деген балалары да ұрылған-соғылған машиналарды түзетіп, сырлап, әрлеудің хас шеберлері.

 

Сондай-ақ Хамза көшесінде ағайынды шеберлер – Хабибулла, Қайрат, Равшан Ходжаназаровтар тұрады. Үшеуі де ауыр-жеңіл автомобильдердің қозғалт­қыштарын жөндеумен айналысатын шеберлер. Осы істі тұрақты жалғастырып келе жатқан Қайраттың екі баласы да шеберліктерін шыңдап, қазір өз беттерінше дербес жұмыс істей алатын деңгейге жеткен.

 

Хабибулланың ұлдары  Шавкат пен Шухрат та – нағыз шеберлер. Олар негізінен «автомат коробка», мотор жөндеумен айналысады. Бұларды «өзбектің немісі» дейді. Қатаң түрде уақытпен жұмыс істейді. Жұмыстың орындалу барысы, қосалқы  бөлшектердің ескісі, жаңасы дегендей барлығы журналға тіркеледі және кесте бойынша қадағаланады.

 

Ал енді автомобильдің ең жанды жері – «электр жүйесі» екені әмбеге аян. Бұл дегеніңіз – зарядталған электрондардың қозғалыс ағымы. Өрмекшінің өрмегіндей қым-қиғаш шатысқан түрлі-түсті сымдар. Автоэлектрик дегеніңіз – осы сансыз сымдардың арасынан кеткен ақау-кінәратты тауып, соны жөндейтін адам. Сондай жандардың бірі – Хайтметов Умид Махмуджанұлы. Оны білетіндер «жас болса да, бас автоэлектрик» дейді. Жастығына қарамастан тәжірибелі, ұқыпты, әр ісіне тиянақты және жұмысына жауапкер­шілікпен қарайды. Маңдай терімен тапқан дүниесімен өз жанұясын асырауда.

 

...Мұның бәрін мен неге айтып отырмын? Кейде өзің естіп, көріп білгендеріңді ой талқысына салғанда қайсыбір жастардың не оқымай, не жұмыс істемей, босқа сандалып жүргенін көріп іштей қынжыласың. «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» деп Абай дәл айтқан ғой. Сондықтан балаға түрлі кәсіп үйретейік, оны еңбекке, шеберлікке баулиық дегім келеді.

 

Егізбай КӨПЖАСАРҰЛЫ,

ҚР Дизайнерлер одағының және облыстық

педагог-суретшілер одағының мүшесі,

Білім беру ісінің үздігі.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ